Тіл кемістігі және оның түрлері
Логопедия – сөйлеу тілі кемістіктерін, оның бұзылу себептерін болдырмау жолдарын, сонымен бірге осындай кемістіктерді әр түрлі жолдармен түзетіп, жоюдың тәсілдерін зерттейтін ғылым. Логопедия пәні сөйлеу тілінің бұзылуы және сөйлеу тілі кемістігі бар тұлғаларды оқыту және тәрбиелеу үрдісі болып табылады.Логопедияның зерттеу нысаны – сөйлеу тілінің бұзылуынан зардап шеккен адам. Логопедияның негізгі мақсаты сөйлеу тілі бұзылган адамды оқытуды, тіл кемістіктерінің алдын алу жолдарын ғылыми негізде жете зерттеу болып табылады. Тіл кемістігі деп – сөйлеу қабілетінің психофизиологиялық механизмінің бұзылу салдарынан сөйлеушінің сөйлеу тілінің қоршаған ортаға тән мөлшерден ауытқуын айтамыз. Қатынас теориясының көзқарасында тіл кемістігі ауызша сөйлеу қатынасының бұзылуы болып есептеледі. Сонымен сөйлеу тілінің бұзылуы төмендегіше сипатталады: 1. өз бетінше пайда болады, жоғалмайды, қайта бекиді; 2. сөйлеушінің жас мөлшеріне сәйкес келмейді; 3. оның ерекшелігіне байланысты нақты логопедиялық ықпал жасауды талап етеді; 4. баланың одан әрі дамуына жағымсыз әсерін жиі тигізеді; 5. тіл білмейтіндік-диалектизм-тіл кемістігі болып саналмайды; 6. сөйлеу тілінің психофизиологиялық механизмінің ақаулықтарымен байланысты. Аталған ерекшеліктер тіл кемістіктерінің айырмашылығын көрсетеді. Логопедияда «сөйлеу тілінің жетілмеуі», «сөйлеу тілінің бұзылуы», «тіл кемістігі» деген ұғымдар кездеседі. Сөйлеу қабілетінің немесе сөйлеу жүйесінің құрамдарының төмен деңгейде қалыптасуы сөйлеу тілінің жетілмеуі деп саналады. Сөйлеу тілі құрамының әртүрлі бөлімдерінің сөздік қоры, грамматикалық құрылысының мөлшерден ауытқуы және тілдің негізгі функциялары – қарымқатынас, ойлау қабілеттерін атқара алмауы тіл кемістіктері деп саналады. Әрине, ол ауытқулар әрқалай және әртүрлі мөлшерде кездесуі мүмкін. Сөйлеуші кейде тек бір дыбысты бұзып айтуы немесе мүлдем айта алмауы мүмкін. Мысалы, «қарға-қааға», «қарға-қалға». Әрине, мұндай жағдайда тіл өзінің негізгі функциясын жоғалтпайды, дегенмен кейбір жағдайда ыңғайсыздық туғызуы мүмкін. Жеңіл тіл кемістіктері бар адамдар актер, диктор, мұғалім, т.б. мамандықтары бойынша жұмыс істеуіне бөгет келтіреді. Тіл кемістіктерінің себебі сыртқы және ішкі зияндық факторлардың немесе екеуінің бірдей организмге әсер етуі деп түсінеміз. Баланың сөйлеу тілі паталогиясының негізгі себептері: 1. әртүрлі ішқұрсақ патологиясы іштегі нәрестенің дамуына зиянын тигізеді, сөйлеу тілінің ең ауыр кемістіктері іштегі нәрестенің 4 апталық пен 4 айлық аралығындағы дамуының бұзылуынан пайда болады. Іштегі нәрестенің дамуының бұзылуына анасының екіқабат кезіндегі токсикоз,
вирусты және эндокринді аурулар, жарақаттар, резус-фактор бойынша қанның сыйымсыздығы және басқалар әсер етуі мүмкін; 2. босану кезіндегі жарақаттану және босану кезіндегі асфиксия (оттектің жетіспеуі); 3. өмірінің алғашқы жылдарындағы әртүрлі аурулар; 4. бас сүйегінің жарақаттануы; 5. тұқым қуалаушылық факторлар; 6. әлеуметтік тұрмыстық жағдайларының қолайсыздығы. Жоғарыда атап өтілген себептер өзгешеліктеріне қарай табиғи функционалды болып екі түрге бөлінуі мүмкін. Табиғи себеп – деп шеттегі немесе орталық бөлімдеріндегі тіл механизмдері анатомо-физиология құрылысының қатты бұзылуынан болатын себепті айтады. Функционалды себептерге анатомо-физиология құрылысы әдеттегі күйінше сақталып, тек қана тіл механизмінің бұзылуы жатады. Сонымен барлық тіл кемістіктерін, оларды туғызатын себептерге байланысты екі топқа бөлуге болады. А) табиғи тіл кемістіктері (органикалық); Б) функционалды тіл кемістіктері. Табиғи тіл кемістіктері зақымды жайылтпайтындығына байланысты: а) тілінің табиғи бұзылуы орталықтан пайда болуы және б) тілдің табиғи бұзылуы шеткеріден пайда болуы деп бөлінеді. Біріншісіне, бас ми қабығында орналасқан тіл механизмдерінің орталық тарауларының табиғи бұзылуының нәтижесінде пайда болған кемістік жатады. Тілдің табиғи бұзылуының орталықтан пайда болуына алалия, афазия, сонымен бірге тіл мүкістіктерінің кейбір түрлері жатады. Логопедия ғылымында осы уақытқа дейін шешілмей келе жатқан мәселелердің бірі – жүйелі ғылыми тұрғыдан тіл кемістіктерін топтастыру (классификация) болып табылады. Оған бөгет болатын жағдайлар, біріншіден, тіл кемістіктерінің көптеген түрлерінің кездесуі және олардың таза, нағыз күйінде кездеспей, күрделі түрде кездесуі. Осының бәрі тіл кемістіктерін ғылым жүзінде дәлелдеп, топтастыруды қиындатады. Бұның қиындығы сонда, егер тіл кемістігінің бір түрі бірнеше себептердің салдарынан болса, керісінше бір себептің салдарынан тіл кемістігінің бірнеше түрі пайда болуы мүмкін. Мысалы, дыбыс шығару кемшілігі шеттегі сөйлеу мүшелерінің дұрыс жұмыс істемеуінен, немесе есту қабілетінің бұзылуынан, жоғарғы дәрежедегі акустикалық талдау мен жинақтау функцияларының жетілмеуінен т.б. себептерінің әсерінен болуы мүмкін. Көп жылдар бойы логопедияда тіл кемістіктерін клиникалық негізде топтастыру кең орын алып келеді (М.Е.Хватцев, Ф.А.Рау, О.В.Правдина, С.С.Ляпидевский, Б.М.Гриншнин, т.б.). Клиникалық топтастыру тіл кемістіктерінің себептері мен белгілерінің негізінде жасалған. Бұл классификация бойынша сөйлеудің түріне байланысты ауызша және жазбаша тіл кемістіктері болып екі топқа бөлінеді. Ауызша сөйлеу кемістіктерінің екі түрі болады: 1) тіл дыбыстарының айтылуының бұзылуы; 2) сөйлеу тілінің
құрылымдарын іштей жинақтап, мәнді түрде ауызша жеткізу қабілетінің бұзылуы немесе сөйлеу тілінің толық жетілмеуі. Тіл кемістіктері жеке түрде немесе басқа тіл кемістіктерімен қисындасып, тіркесіп кездесуі мүмкін. Соған байланысты олар логопедияда белгілі терминдермен белгіленеді. Дислалия – есту қабілеті мен сөйлеу мүшелерінің инвервациясы дұрыс сақталғанда кездесетін тіл дыбыстарының бұзылып айтылуы. Синонимдері: тіл мүкістігі, тіл дыбыстарын айту кемістігі, фонетикалық кемістік. Ринолалия – сөйлеу мүшелерінің анатомиялық-функционалдық кемістіктерінің салдарынан дауыс әуезділігінің (тембрінің), тіл дыбыстарының айтылуының бұзылуы. Синонимдері: мұрнынан сөйлеуіпалатолалия. Дизартрия – жүйке тамырларының сөйлеу мүшелерінің жұмысын толық қамтамасыз ете алмауына байланысты сөйлеу қабілетінің бұзылуы. Дизартрияның ауыр түрі анартрия деп аталады. Ондай жағдайда адам дыбыс айту мүмкіншілігінен айырылады. Тұтықпа – сөйлеу мүшелерінің бұлшықеттерінің тартылу салдарынан сөйлеудің ырғақтығының, жылдамдығының бұзылуы. Синонимдері: логоневроз. Тұтықпа органикалық немесе функционалды болып келеді, көбінесе ол баланың тілінің жедел даму кезеңінде пайда болады. Брацилалия – сөйлеу жылдамдығының қалыптан тыс баяулауы. Синоним: брадифезия. Сөйлеу жылдамдығы баяулағанда сөз босаң, бірқалыпты, созыңқы шығады. Сөйлеу жеделдеген кезде сөз шапшаң, екпінді шығады да, сөйлем құрастырғанда қателер кездеседі. Кейбір жағдайда мұндай ауытқулар жеке тіл кемістіктері деп есептеліп, мынандай терминдермен аталады: баттаризм, парафазия. Шапшаң сөйлеген кезде өздігінен кідіріп, мүдіріп, тоқтап қалу – полтерн деген терминмен белгіленеді. Дисфония – (афония) – дауыс шығару мүшелерінің қалыптан тыс өзгеру себептерінен дыбыс шығару қабілетінің бұзылуы немесе мүлдем айта алмауы. Синонимдері: дауыстың бұзылуы, вокальдың бұзылуы. Бұл кемістіктің әртүрлі белгілері болады, фоноцияның мүлдем болмауы (афония) немесе дауыс күшінің, тембрінің, биіктігінің бұзылуы (дисфония), дауыстың шаршағыштығының, оның қырылдап, сырылдап бәсең шығуы (фоностения). Алалия – бас ми қабығындағы тіл аймақтарының (зонасының) жастайынан зақымданудың әсерінен баланың сөйлеу тілінің жетілмеуі немесе мүлдем дамымауы. Синонимдері: дисфазия, балалар афазиясы, даму афазиясы, мылқау. Афазия – бұл сөйлеу тілінің толық немесе жартылай жойылуы. Сөйлеу тілінің жойылуы, жоғалуы. Ми қорабының жарақаттануы, нейроинфекция, мидағы ісіктің салдарынан адам сөйлеу қабілетінен айырылады. Егер де мұндай бұзылу үш жасқа дейінгі кезеңде байқалса, зерттеушілер афазия диагнозын қоюға асықпайды. Жазбаша тілінің бұзылуы. Бұзылу түріне байланысты екі топқа бөлінеді: 1. Дислексия – оқу процесінің жартылай бұзылуы. 2. Дисграфия – жазу процесінің жартылай бұзылуы. Оқу барысында жазу процесі мүлдем қалыптаспаған, оны аграфия деп айтады.
Пайдаланған әдебиеттер: 1.«Логопедия бойынша арнаулы курс» Г.С.Дербісалова Алматы 2011ж 2. «Тілашар Логопедия» №1(40)2017 ж
Автор;
Дина Аденова,
№125 жалпы орта білім беретін мектеп
Педагог – логопеді
Шымкент қаласы