» » МҰҚАҒАЛИ-МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР!

МҰҚАҒАЛИ-МӘҢГІЛІК ҒҰМЫР!

  Мұқағали Мақатаевтың әндері мен поэмаларымен танысу. Ақынның өлеңдері мен поэмалары арқылы жасөспірімдерді әсемдікке, елжандылыққа, елін-жерін сүюге талпындыру

Жүргізуші:Батар күн, келер күн, атар таң,шығар күн,
Бәріңе, бәріңе, бәріңе құмармын.
Осы мен осылай мәңгілік тұрармын,
Осы мен сірәде өлмейтін шығармын.
Өмірім сірә де,әріден басталған,
Әріден басталып,мәңгіге тасталған.
Осы мен өлмейтін, өлмейтін шығармын,
Сәл ғана мызғып ап қайтадан тұрармын.
Бүгінгі мектебімізде өткізгелі отырған «Мұқағали-мәңгілік ғұмыр!» атты М.Мақатаевтың туған күніне арналған әдеби-сазды кешімізге қош келдіңіздер!
Кештің мақсаты:
Мұқағали Мақатаевтың әндері мен поэмаларымен танысу. Ақынның өлеңдері мен поэмалары арқылы жасөспірімдерді әсемдікке, елжандылыққа, елін-жерін сүюге талпындыру.

Жүргізуші:Бүгін менің туған күнім,
Ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!»,-деп мұңдаған ақынның өмірден өткеннен кейінгі туған күндері халық болып тойланатын болды. Бүгінде біз бен сіз болып ақынымыздың туған күніне жиналып отырмыз. Артына өшпес із қалдырған ақиық ақынымызды 1 минут үнсіздікпен еске алайық.

Ортамызға 6-сынып оқушысы Шакханов Еркебұланды ақын рөлінде   «Бүгін менің туған күнім, Ой,пәлі-ай!» өлеңімен шақырамыз.

Жүргізуші:
М.Мақатаев-ғажайып, ақиық,гуманист ақын. Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстардан шабыт алатын ақын.
Ақын өзінің аз ғана ғұмырында өшпес із, жалынды жырларын қалдырды. Оқырманды тәнті еткен «Аққулар ұйықтағанда», «Райымбек», «Моцарт» атты дастандары бар. Қазіргі таңда ақынның сөзіне жазылған әндер эстрада төрінде шырқалып жүр.
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем әнмен тәтті күй
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй ,-деп Абай атамыз айтқандай әнге кезек берейік.

5-сыныптың орындауында «Бақыт» әні
Жүргізуші: Отан!
Отан!
Сен болмасаң не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен өтер ем.
Жалғыз мекен-Отаным!,-деп тайға таңба басқандай жазып кеткен ойлары, бүгінгі, болашақ ұрпақтың бәріне айтылған ақыл-өсиет. Бұл сөздерді әрбір қазақ жүрегіне үкі етіп тақса артық етпейді. Ендеще ақынның Отанына, туған жеріне, қазақ еліне арнаған өлеңдеріне кезек берелік.
1. «Апырмай, туған жер-ай» Ерасыл 9-сынып
2. «Қазақ жері» 
Мұхаммед 9-сынып
3. «Қазақстан» 
Ермұқан 8-сынып
4. «Отаным» 
Ақбота 10-сынып
5. «Елім барда» 
Майра 10-сынып

Дариға, домбырамды берші маған,
Жаныма келші, жарым, келші балам!
Бейуақ, іңірдегі көңіліме,
Күй болып, күңіреніп енші, далам,

Домбырам, досым менің күй аңсаған,
Өзімді, өмірімді қиям саған.
Шағымда шабыттанған, қиялдаған.
Шапағың бар шаттығын құяр маған.-деп ақынымыз жырлағандай «Жастар»  күйі,  орындайтын оркестр.
Жүргізуші:Поэзия- адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем рухтың бейнесі. Мұқағали ақынның өзі де поэзияға арнап қаламынан жыр төккен.
Ендеше поэзияға кезек берейік. Оқушылар ортаға шығып өздерінің жаттаған өлеңдерін мәнерлеп оқиды (4, 5, 6, 7, 9, 10, 11- сынып оқушылары)
Жүргізуші: Махаббат, сүйіспеншілік тақырыбына соқпай кетпейтін ақын жоқ. Өйткені махаббат мәселесі-бұл мәңгілік тақырып.
Махаббат әлемін Мұқағалидай жырлаған адам жоқ шығар.
Мұқағали ақынымыздың «Махаббат диалогі».  9-сынып оқушылары Әсел мен Ерасылды қарсы алыңыздар.
Жүргізуші: Ақын махаббатқа бас иді, оның кеудесі сарқылмас сағынышқа толы, ал сағына білген адам сүйе біледі, сағына білген адам өзге жанды түсіне алады, жұбата да алады.

О, махаббат!
Сен әлі тірі ме едің!?
Көзімнен ғайып болған күнім едің
Гүлім едің
Елтіген түнім едің.
О, махаббат!
Сен әлі тірі ме едің? – деп жырлаған Мұқағали ақын. Ендеше, ақынның махаббат
тақырыбына жазылған жырларын назарларыңызға ұсынамыз.

«Жүректесің»Ақжан,Ақбота
«Ғашықпын». Перизат

Жүргізуші:Ақ ұлпа жерді жапқанда,

Ағаштар сырға таққанда.

Бозарып атқан ақ таңда,

Бозарып тұрып ақпанда

Есіңе мені алғасың,- деп толғанады ақын.

«Есіңе мені алғайсың» әні орындайтын ТРИО (Шаруашылық қызметкерлері)

Жүргізуші: Мың бұралып сахнада тамсанып,

Би билеңдер босатылып бар жүктен.

Көрермендер өте ыстық қарсы алып,

Шапалақтап жібереді зал біткен.

Жанарында жұлдыз жанып тұрады,

Қарап тұрған үнсіздерді сөйлеткен,

Көрерменнің көңілінен шығады,

Мың бұралған бишілердің өнері! «Балауса» би тобы

Жүргізуші: Ақын шығармаларының үлкен бір саласы поэмалары. «Ильич» 1964 жылы, «Мавр» 1970 жылы, ең асылы, ең биігі «Аққулар ұйықтағанда». Бұл поэма 1973 жылы «Жалын» жинағында жарияланған.Олай болса «Аққудың қанатынан жазылған сыр» Аққулар ұйықтағанда поэмасынан үзінді.(көрініс:Аққулар ұйықтағанда) ортада 9-сынып оқушылары
Жүргізуші:  Кеш басталғалы бері ақынымыздың өлеңдері оқылып жатыр. Осында отырған көрермендер ақынымыздың өлеңдерін жатқа біле ме екен?
Білмеу мүмкін емес. Осы отырған көрермендердің қайсысы болсын Мұқағали ақынымыздың өлеңін жатқа оқыса сыйлық берейік.
Жүргізуші: Ән сал, жаным!
Әніңмен тербет мені
Бір сәтке тынсын, тіршілік жер көктегі
Ақынның ғұмырлы поэзиясы бүгінде әнге айналып, көкке қалықтайды. Оның сөзіне жазылған әндер бүгінгі таңда барша жұрттың жүрегінен берік орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды. Музыка пәнінің мұғалімі Исин Назымбек Жұмабекұлының орындауында  Мұқағали Мақатаевтің сөзіне жазылған әні «Қариялар азайып бара жатыр» 
Жүргізуші: Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа еліктемейтін ақын жоқ.  
Ақынымыздың жолын қуып жүрген жас ақындар бізде жоқ емес. Олай болса ақынға арнаған арнауларымен мектебіміздің жас ақындары өз жырларын жырлайды.
Жүргізуші:Айтылмаған Мұқаңда арман бар ма?

Әр бір әні толы ғой армандарға

Шерте білген мұңдарын жас қайынға

Дәл Мұқандай қазақта ақын бар ма? – деп бүкіл саналы өмірінде елінің болашағын жырлап өткен халқына деген махаббатын поэзия да ғана емес өмірде де, күресте де, үлкен азаматтықпен қорғай білген М. Мақатаев мұралары ешқашан өлмек емеc және оны жаттап өту біздің парызымыз.

Ән: «Сенің көзің» орындайтын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Имаганбетов Досым Абылайұлы және 10-сынып оқушысы Ануарбеков Елдос.

Жүргізуші:Ақын мұрасы, маржан поэзиясы – мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы.
Олай болса, жас ұрпақтың «Мұқағали» есіміне арнаған лебізіне берейік.
М–Мұқағалидың
Ұ–ұрпаққа
Қ–қалдырған
А–аманатын
Ғ–ғасырлар
А–арнасына
Л–лайық деп
И–иіліп , бас иеміз. –барлығы бірге.
Рахмет!
Жүргізуші:Міне, бүгінгі кешке қатысқан тыңдарман қауым, Мұқағалидың сырлы, әуенді, мұңды жырларына қанық болдыңыздар деп ойлаймыз. Жылдар тізіліп өткен сайын Мұқағали ақынның бейнесі тұлғалана, биіктей түседі. Оның рухани қазынасын ұлт игілігіне асыратын 21-ші ғасырдың жастары-сіздерсіздер! «Ақын болсаң, алмас бол тайпалмаған,
Сен айт менің ойымды, айта алмаған» - деп болашақ ұрпаққа жол сілтеген
Мақатаев жырлары, бүгінгі кеш барысында оқушыларға шабыт беріп, өз бойларындағы таланттарын шыңдауына арқау болады деген сенімдеміз.
«Ғасыр ақыны» атанған Мұқағали жырлары жылдан-жылға, ғасырдан ғасырға жалғаса бермек! Мұқағали- мәңгілік ғұмыр. Сонымен ақиық ақынға арнаған әдеби-сазды кешіміз аяқталды. Қорытынды сөзді мектеп директоры Адыкенов Қайролла Мешелұлына  берейік

Жүргізуші: Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!


Автор:

Гүлхан  Имаганбетова,

«Жамбыл орта мектебі» КММ -нің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті 

пәнінің жоғары санатты мұғалімі

Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы

18 қаңтар 2021 г. 2 406 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 065 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 821 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930