Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары қарияларға алғысын білдірді
Талдықорған қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Қарттар күніне орай «Ұрпақтар сабақтастығы» акциясын ұйымдастырды.
Оқушылар қарттарды жылы лебіздерімен құттықтап, оларға азық - түлік себеттерін табыстады.
Тыл еңбеккері Бисұлұ Уәлиева биыл 93 жасқа толды. Ақсу ауылының тумасы, қазіргі таңда немересінің колында тұрады. Бисұлу апаның балалық шағы соғыс жылдарына тұспа тұс келгендіктен оқушыларға соғыс кезіндегі қиын-қыстау заманда қалай өмір сүргенің, отбасын асырау үшін бір уыс астықты көмір астына тығып жүріп әкелетінің айтып берді. Осы қиындықтарға қарамастан Бисұлу апа өмірін жалғастырды.
– Еліміз тыныш болсын. Менің өмірімде болған қиындықтарды жас ұрпақ көрмесе екен деп тілеймін. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! – деп оқушыларға тыл еңбеккері Бисұлу Уалиева ақ батасын берді.
Жалғызбасты зейнеткер Бибінұр Ибраимоваға зияткер еріктілердің ықыласы қатты әсер етті. Бибінұр апа 72 жаста, педагогикалық еңбек ардагері. ҚазГУ-ді бітірген, облыстық мұғалімдерді жетілдіру институтында қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінің меңгерушісі болып жұмыс істеген. Сонымен қатар GorONO-да кинотеканың директоры болып жұмыс атқарған. Бүгін Бибінұр апа үшін қос мереке – Қарттар күні мен Ұстаздар күні!
– Қарттар күні – ерекше мереке. Аға ұрпақ бізге мейірімділік пен еңбексүйгіштікке, отбасына, Отанға адал болуды тәрбиелейді. Бірақ, өкінішке орай, біз кейде егде адамдар үшін мемлекет тарапынан қолдау ғана емес, қарапайым көңіл бөлу де маңызды екенін ұмытып кетеміз, - дейді NIS оқушылары өз сұхбаттарында.
Ләззат апаны көрген оқушылар аралас сезімде болды. Бір жағынан қайырымдылық жасағандарына қуанып, екінші жағынан зейнеткерлеріміздің қандай жағдайда өмір сүріп жатқандары оларды алаңдатты. Өмірлік жағдайға байланысты Ләззат апа баспанасыз қалды. Бірақ ауыл әкімшілігінің көмегімен Көктал ауылынан жаңа үй салуға жер телімі берілді. Қазіргі уақытта тұрғындардың күшімен іргетасы ғана көтерілді.
Пресс-служба NIS Талдыкорган