ҚазАТУ студенттері ғарыштық мониторинг жасады
Осыған дейін біз бұл жайында тек армандаумен ғана шектелетін едік. Ал қазір сол арманымыз шындыққа ұласты. Университет жанынан (ГАЖ) Геологиялық ақпараттық жүйелер орталығын құру арқылы біз осы бір ерекше мүмкіндікке қол жеткіздік.
Сеул техникалық университеті ғалымдарымен бірлесе отырып жүргізіліп жатқан жұмыстар нәтижесінде талай жетістіктерге жететін боламыз. Қазірдің өзінде Қазақстанның солтүстік өңірлерінде егін жинау науқанын ғарыштан бақылап отыру мүмкіндігіне ие болдық.
Осыған сәйкес биыл студенттеріміз егін жинау науқанына ғарыштан бақылау жүргізді. Ғарыштан түсірілген сурет мәліметтерін біздің студенттеріміз әкімдіктер есебімен салыстыра отырып, олардың жұмысына «түзетулер» жасады. Ауытқушылық – 10 пайыздай. Қонақтарымыздың бірі тіпті «Әкімдер енді студенттеріңізге ақы төлейтін болады» деп әзілдеді... Ал шындығына келсек, экономикаға сандық жүйені енгізу ЖОО-да жаңа құзіреттілігі бар мамандар дайындауға жағдай жасаудан басталуға тиісті. Әзірге бәрі тек қана оқытушылардың бастамашылығымен жүзеге асуда.