Тараз қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының жобасы Санкт-Петербургтегі XVI Балтық сайысынан кезекті жеңіспен қайтты
Тараз қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі оқушыларының жобасы Санкт-Петербургтегі XVI Балтық ғылыми-инженерлік байқауының дипломы мен қазылар алқасына арнайы жүлдесіне ие болды.
Байқауда 11 сынып оқушылары Маржан Сапарбекова мен Аружан Қалтай «Есту қабілеті шектеулі адамдарға арналған сигналдарды тану және құлақтандырудың автоматтандырылған жүйесі» жобасын қорғап III дәрежелі диплом мен ғылыми қазылар алқасының арнайы сыйлығын алды. Жоба әлеуметтік мәселені шешуге, атап айтқанда есту қабілеті бұзылған адамдардың өмірін жеңілдетуге бағытталған. Өнертабысты жетілдіруге оқушылардың жарты жылдан астам уақыты кеткен.
– Жүйе қауіпсіздік сигналдарын қабылдап, оларды смартфондағы қосымшада ең қысқа, жылдам тәсілмен өңдейді. Содан кейін білезік арқылы иесіне діріл түрінде хабарлама түседі. Алдағы уақытта оны қазылар алқасы мүшелерінің кеңестерін ескере отырып жетілдіргіміз келеді. Олар біздің жұмысымызға терең қызығушылық танытып, көптеген сұрақтар қойды. Жобаның барлық аспектілерін егжей-тегжейлі түсінуге тырысты, – дейді Маржан мен Аружан.
Байқау жобасының жетекшісі информатика пәнінің мұғалімі Балжан Дүйсекеева.
– Қазір олар жүйені дамыту бойынша жұмыс жасауда, ынталары жоғары. Ал Балтық ғылыми-инженерлік байқауы сияқты дәрежелі сайыстар оларға өздерінің ғылыми жетістіктерін сезінуге мүмкіндік береді. Олардың ғылыми шығармашылығын одан әрі қолдайтын боламыз, – деді Б. Дүйсекеева. Халықаралық байқау финалында Ресейдің барлық аймақтарынан, сондай-ақ Белоруссия, Украина, Қазақстан, Мордовия және Сербиядан келген 600-ге жуық жас ғалымдар өздерінің теориялық және тәжірибелік жұмыстарын ұсынды.
Білікті ғылыми қазылар алқасының құрамына 400-ден астам маман кірді. Ресейлік сарапшыларға оқушылар робототехника, бағдарламалау, биология, химия, математика, физика, экология, жер туралы ғылым, техника және медицина саласындағы өз жаңалықтарын ұсынды.
Дереккөз: "EDUNEWS.KZ" ақпарат агенттігі