Зағипа Балиева 11 жасқа дейін мектепке бармаған жеткіншекті бақылауына алды
11 жастағы жеткіншек алғаш рет мектепке барып, қолына қалам ұстады. Балиғат жастан асып кеткен қыз бала бұған дейін еш жерде білім алмаған. Тіпті туу туралы куәлігі де жоқ. Камиланың анасы бірнеше рет құжат жасатып, баласын мектепке бермекші болған екен. Алайда, еш сәті түспей, сол күйі қала берген көрінеді. Оның үстіне төленетін айыппұлдан қорықса керек. Ақыры бір шешімге келген Камиланың анасы Бостандық аудандық кәмелет жасқа толмаған балалармен жұмыс істейтін арнайы мекемеге көмек сұрап барған, деп жазды «Алматы» арнасы.
«Қолымда ешқандай құжатым, қызымның туу туралы куәлігі де болмады. Ол үшін айыппұл төлеймін деп ойладым және ана құқығынан айырады деп қорықтым. Енді жауапты орындардың көмегімен тез арада құжаттарым ретке келіп, баламның білім алуына бар жағдай жасалып жатыр», - деді облыс тұрғыны Елена Куприянова.
Тұрғылықты жері Алматы облысында болғандықтан 11 жасар Камила осы аптадан бастап Мерей ауылындағы мектептің оқушысы атанды. Қазір ол жазу, сызуды меңгеріп жатыр. Мұғалімдер балада ешқандай ауытқу жоқ, тек мектеп бағдарламасын игеріп кетуге біраз уақыт керек, дейді. Қыз баланың ендігі жағдайын халық қалаулысы Зағипа Балиева өз бақылауыма аламын деп отыр. Қазір ол оқуға қажетті құралдармен жабдықталып, ал анасына әлеуметтік көмек көрсетілуде.
«Камила өте сүйкімді, ақылды. Ешқандай кемшілігі жоқ, тек қана бір кемшілік - ол әріп пен есепті білмейтін. Бірақ ол жағдай баланы не балабақшаға, не мектепке апармағандықтан болып отыр. Бір-екі әріпті ғана оқуды біледі. Бірақ қазір бар жағдайды жасасақ, қыз тез, еркін меңгеріп кетеді», - деді Қазақстан Республикасы Парламент мәжілісінің депутаты, Балалар құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева.
Дереккөз:baq.kz.