Елбасы ұсынысы ЖОО-лар алдындағы бірнеше міндетті шешеді - министр Абаев
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауындағы ұсыныстар жоғары оқу орындары алдындағы бірнеше міндетті шешеді. Бұл туралы «Хабар» телеарнасының «Ашық диалог» бағдарламасында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев айтты, деп хабарлайды "Edunews.kz" AA ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Әлем бір орнында тұрмайтындығын өте жақсы білеміз. Бұған қоса, жоғары технологиялар, ғылым дами түсуде. Сондықтан елдер білім саласына қаражатты үстемелеп салып жатыр. Бүгінде балалар дүниетанымы енді ғана қалыптаса бастайтын балабақшадан-ақ белсенді өмірге тап болады. Дәл осыған байланысты Елбасы мектепке дейінгі білімге жіті назар аударды. Мектептерге қатысты айтар болсақ, оларда педагогикалық кадрлардың сапа мәселесі өткір тұр. Осы тұрғыдан алып қарағанда мұғалімдердің жаңа мәртебесі туралы заңның қабылдануы және олардың жалақысының көтерілуі бұл проблеманы шешудің тиімді тетігіне айналарына сенімім мол», - деді министр.
Сонымен қатар ол Елбасының жоғары оқу орындарының тиімділігіне мониторинг жүйесін енгізу бастамасы бірнеше міндетті шешетіндігін баса айтты.
«Біріншіден, нарықтың қажеттілігіне қарай оқу бағдарламалары өзектендіріледі. Қазіргі уақытта мұндай айтарлықтай алшақтықтың әлі күнге дейін бар екенін білеміз. Екіншіден, әлеуетті жұмыс берушілермен байланыс нығаяды. Яғни, жоғары оқу орындары нарықтың сұранысына қарай белсенді дайындай бастайды. Үшіншіден, олардың материалдық-техникалық жарақтандырылуы жақсара түседі. Білім және ғылым министрлігіне жүктелген міндеттердің ауқымдылығын ескерер болсақ, өте үлкен жұмыс күтіп тұр. Дегенмен, мұның барлығы да орындалатындығына сенімдімін. Себебі, бұл Президенттің тапсырмасы», - деді Дәурен Абаев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы биылғы 5 қазанда халыққа жариялаған Жолдауында 2019 жылы «Педагогтардың мәртебесі» туралы Заң қабылдау керектігін атап өтті. Заң мұғалімдерді және мектепке дейінгі мекемелердің қызметкерлерін ынталандыратын барлық тетіктерді қарастыруы тиіс. Жүктемені қысқартып, қызметтен тыс тексерістерден арылтады.
Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев үш ауысымдағы мектептер мәселесіне нүкте қоюды, Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқыту әдісі негізінде мемлекеттік мектептер үшін бірыңғай стандарт енгізуді жүктеді.
Бұдан бөлек, Елбасы мектепке дейінгі білім беру сапасын түбегейлі күшейту талабын қоя отырып, балабақшаларда тәрбиешілер жалақысын көтеруді тапсырды.
Жолдауда жоғары білім саласында оқу орындарына талаптар қатая түсетіні де айтылды. «Гранттардың санын өсірдік. Ендігі кезекте жауапкершілікті арттыратын уақыт келді. ЖОО-ның табыстылығының басты талабы - оқу біткеннен кейін студенттердің жұмыспен қамтылуы, олардың жоғары айлығы бар жұмысқа орналасуы болмақ. Университетті бітіргеннен кейін - түлектердің халі не болды, оларды айлығы жақсы жұмысқа қабылдады ма? Солай болса, демек, университет мықты деген сөз. Олай болмаса, бұл университеттің өміршеңдігі де жоқ. Ол университет балалардың түспейтінін білуі тиіс», - деді Президент.
Осы орайда, Елбасы «Назарбаев Университеті» үлгісі бойынша тағы бір аймақтық ЖОО ашуды ұсынды.
Президент жастарымыздың көрші елдердің жоғары оқу орындарына түсуі мәселесін көтере келе, бұл, халықтың қазақстандық жоғары оқу орындарына сенбеуінен болып отырғанын айтты.