Полицейдің соққысы: Оқушының анасы баласының не үшін жазаланғанын айтты
Ақтөбеде №2 орта мектеп оқушысын ұрған полиция қызметкеріне қатысты тергеу тоқтатылмайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желіні шулатқан баланың анасы арыз жазып, директор мен оның орынбасарын жазалауды сұрап отыр.
Ақтөбеде мектеп инспекторына қатысты тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұған дейін хабарлағанымыздай, оқушы инспектор соққысынан соң медициналық көмек алған. Ал бүгін 10 сынып оқушысының анасы аты-жөнін жасырып, оқиғаның мән-жайын журналистерге айтып берді.
«Сол күні бірінші сабақ дене шынықтыру болған соң балам спорттық киіммен мектепке барды. Жейдесін сөмкесіне салып, шалбарын ұмытып кеткен. Кейін сабаққа қатыса беруді жөн көреді. Сол кезде мектеп директорының орынбасары көріп, бірнеше баланы мектеп инспекторына апарады. Сол жерде инспектор оқушыларға балағат сөз айтқан. Ұлым неге балағат сөз айтқанын сұраған кезде барлығын шығарып жіберіп, өзін алып қалады. Есікті іштен кілттеп, ұрған. Бетінен ұрғанда басын қабырғаға соғып алған. Бұған қоса ішінен соққылап, мойнынан қылғындырады. Тағы 2 минут болғанда баламнан айырылатын едім. Бұл туралы алдымен мектеп директорының орынбасары біліп, маған хабарласпауын сұрады. Екі сабақтан кейін медициналық кабинетке апарып, басына, мойнына мұз басты. Бар көмегі осы. Дегенмен біз облыстық балалар ауруханасына барып, денсаулығы туралы анықтама алдық»,- деді оқушысының анасы.
№2 орта мектеп оқушысын балалар ауруханасына апарған соң дәрігерлер полиция қызметіне хабар берді. Кейін оқушының ата-анасы полиция бөліміне барып, ешқандай реніш білдірмейтінін жазып, арыз қалдырады.
«Балам сабағына барып жүр. Ойлана келе, полицияға арыз жазып, мектеп инспекторына, мектеп директоры мен оның орынбасарына қатысты заң аясында шара қолдануды сұрадым. Ешқандай да келісім, кешірім болмайды»,- деді оқушының анасы.