» » ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҢ ӨНЕГЕЛІК-РУХТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

ҚАЗАҚ МУЗЫКАСЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҢ ӨНЕГЕЛІК-РУХТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Қазақтың көпғасырлық музыкалық-поэтикалық және прозалық фольклоры уақыт сынынан өтіп, көптеген ұрпақтың талаптары мен эстетикалық талғамына сай қалыптасуда. Оның түрленген көркемдік жетістіктері және рухтық құндылықтары халықтың ғасырлар бойы келе жатқан төл мұрасының бай саласы. Сан аулан ұлттық қазыналардың ішінде халық шығармашылығының музыкалық үлгілері ауызекі дәстүрдегі стильдік және функционалдық тұтас жүйесін құрайды. Әндер, күйлер, қарғыс, жұмбақ, қысқа тақпақ, мақал-мәтелдер, жаңылтпаштар, өтірік, өсиет өлеңдер, терме, желдірме, толғау және тағы басқалары сияқты жанрларда күнделікті өмірдің айнасы ретінде елдің менталитеті, оның өнегелік қасиеттері, рухани мұраттары көздің қарашығындай сақталып, көшпенді өркениеттің мәдениеті мен бірлігі, мәңгілік ой-арманы баяндалады.

Тәуелсіз мемлекетіміздің тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында: «Егер жаңғыру ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы», – деген пікірі бізге дейінгі өткен және қазіргі қоғамның ұлттық санасына әсер ететін өнегелік-рухани құндылықтарды айқындауға мүмкіндіктер туғызады.

Бұл тұрғыдан музыкалық фольклорда көптеген тақырыптық жағынан өзекті, ұлттық психологиядан өріс алған көркемдік және жанрлық ерекшелігімен сипатталатын көне мұрамыз біршама. Олар адамның шыр етіп бұл дүниеге келгенінен бастап (бесік жырлары), бүкіл өнеге өмірінің болмысы ұлттық код ретінде қалыптасып, бақилық кезеңге дейін (жоқтау өлеңдер) жалғасады. Ұлт рухын жаңғырту жолында қазақ әндері мен күйлерінің орны ерекше. Себебі ілкі заманнан сақталған асыл мұрамызда халық даналығынан туындаған керемет інжу-маржан шығармалар бар. Нақтылы келтіретін болсақ, ол бала тәрбиелеу, оны білімге, мәдениетке, мейірімділікке бейімдейтін өлеңдер, жоғарыда аталған бесік жырларынан басқа, бала уату, жұмбақ саусақ, жұмбақ өлең, төлдер еркесі, жаңылтпаш, ертек, әліп-би өлеңдерді атап өткен жөн. Мысалға, Александр Затаевичтің «500 қазақ әндері мен күйлері» жинағына енген (№117, Семей өңірі) «Оқы» деген өлеңде мынадай жолдар кездеседі:

Бұл күнде бала болдық балдырғандай,

Мейірін ата-ананың қандырғандай.

Қызығы бұл жалғанның оқу-білім,

Шам жағып, асыл ойды қалдырғандай.

Бұл әсем сазды әннің әуені көңілді, құрылымы шағын байытылған түрде үнделеді.

Адам өзінің ішкі дүниесін, рухын тазартып, имандылықта тәрбиеленуінде діни мақамдардың маңызы зор. Қасиетті Ислам діні қазақ жерінде насихатталып, кеңінен орын алуы барысында осы жанр тұңғыш рет пайда болып, әрі қарай дамуын жалғастырды. Бұл салаға «Я, Құдай», «Аллам жар» («500» – №126, «1000» – №594, 627 және т.б.) сияқты бірталай әндерді жатқызуға болады. Олар көбінесе Аллаға сыйыну, жалыну сезімдерін жеткізетін аянышты интонациялармен айтылады. Музыкалық дыбыстар біркелкі келіп, терең ойды баяндайды. Мысалы, осы жүйедегі бір өлеңді алсақ, ол «Сегіз сарай жұмаққа нәсет еткен бір Құдай» деген киелі сөздермен аяқталады.

Күрделі «Рухани жаңғыру» идеясы аясында музыкадағы тағы бір жанрды толығымен атап өткен жөн. Ол – философиялық тақырыпты ашатын өкінішке толы, қайғылы сарындағы кең диапазонды, ауыспалы өлшемді, ырғақтары байсалды болатын «О, жалған дүние», «Өтті-кетті бұл дүние» атты әндер.

Қазақ музыка фольклорында осы типтес сарындар бір рухтық дүние. Тағы да А.В.Затаевичтің жинақтарына үңілсек, көптеген ноталық жазбаларды табамыз. Мысалға бір-екі әннің мәтіндерін келтірейік. Олар:

О, жалған дүние өтеді, дүние өтеді,

Қолынан оймақсыздың не өтеді,

«Күл де ойна тіршілікте» деп айтамын,

Түбіне сұм жалғанның кім жетеді?

Ал, енді бірі «Жалған-ай» атты әнде (№291):

Ілгері көш басшылар жүруші еді,

Жағалай, көл айнала, көшуші едік.

Жарасып өз жерімде саяхаттап,

Жарасып ақбоз үйлер тұрушы еді,

ахахау, жалған-ай!

Жоғарыда айтқандай, Елбасы ұсынған «Рухани жаңғыру» – халықтық маңызы зор идея, өте күрделі және ауқымды, шексіз проблема. Бұл тұрғыдан асыл мұрамыз музыкалық фольклорды жан-жақты зерттегенде, көптеген құнды деректер табылады. Бұл қатарға арыз, өсиет, назым, өнеге, отансүйгіштік, туған жерге деген махаббат, тәрбиелік (мыс., «Қылма зорлық», «Қойшының әні», «Егіншінің әні»), халық батырлары (Тәуке батыр, Кенесары, Наурызбай және т.б.) туралы әндер жатады.

Сонымен қатар, Президент жариялаған бағдарламаға ұлтымыздың көне фольклорлық жанры батаны да заңды түрде жатқызуға болады. Бұл жанр сан ғасырлық өмірлік және шығармашылық тәжірибелерден жинақталған құдіретті сөздерден құрастырылады. Тәрбиелік және өсиеттік, инабаттылық, магиялық қызметін орындай отырып, тақырыптық, мазмұндылығы және бейнелік-жанрлық көркемдігі жағынан бата әрдайым өзгеріп, жаңарып, инновациялық сипат алуда. Ауызекі халық шығармашылығының бірі бата сөз – тілек, ақ бата ғалымдардың қызығушылығын тудырып, назарын аударып, шетелдік (Дж.Фрезер, Э.Тайлор), орыс (В.Пропп, Г.Потанин, В.Радлов) және қазақ (Ш.Уәлиханов, А.Байтұрсынов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Негимов) оқымыстыларының еңбектерінде өзінше зерттелуін тапқан.

Сөздің шығу тегіне келетін болсақ, бата – арабтың фатаа, аль-фатиха – әлемдік Ислам өркениетінің рухтығы болып табылатын қасиетті Құранның бірінші сүресі. Оның жалпы мағынасы салттық, сонымен қатар, тәрбиелік, руханияттық болмысына бағытталған. Өз уақытында академик М.О.Әуезов: «Қазақ халқының мұсылман дінін қабылдағаннан кейінгі кезеңі "бата" жырын тудырған», – деп дәл жазған [1, 172-б.]. Десек те, уақыт өте келе бата сөз дүнияуи сипатқа ие болып, прогрессивтік-демократиялық бағыт алды.

Қазақ тілінде бата сөзінің синонимі алғыс. Мұндай ұқсас түсініктерді біз саха, қырғыз, алтай және тағы басқа тілдерде кездестіреміз. Бата және алғыс мағыналары ризашылығын білдіру деген ұғыммен үндес, яғни, шын жүректен шыққан ізгі тілек, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнамасы. Қазақ халқы мәдениетінің тарихынеда бұл өнердің негізін салушы Қорқыт ата деп саналады. Кейіннен осы дәстүрлі салтты насихаттаушы тұлғаны батагөй деп атаған. Бұл категорияға құрметті, ел ардақтысы, көргенді, өмірлік тәжірибесі мол ерекше адамдар жатады, сонымен қатар, абыз жырау, қазақ қоғамының дана ақсақалдары кіреді. Ғалым-түркітанушы А.Байтұрсынов жазғандай, Жәнібек батыр алыс жолға ақыл-кеңес және ризашылық үшін қаракерек қарт Абызға барады. Сонда Абыз Жәнібек Шақшаұлына мынандай бата берген екен:

Қобыландыдай қайтпас бол, балам,

Тарғындай жараға жатпас бол, балам.

Алпамыстай даңқты бол, балам,

Қамбардай мақтаныш халқыңа бол, балам.

Батагөй сөзін филология саласына тұңғыш рет енгізген Ахмет Байтұрсынұлы. Ғалымның пікірінше, Батагөй (абыройлы,беделді, ақыл-парасаты кемел ерекше адам, негізінде ер адам), сонымен қатар, абыз – философ, эпик, дана. Бата беруші жоғарыда аталған қасиеттерден басқа поэзиялық дарыны мен сөзуарлық шеберлігі, суырып-салма дарыны, шешендік өнері, дауысының ерекше үндемі және сөйлеу мәдениеті, жинақтылығы, ұқыпты келбетімен, сондай-ақ, адамгершілік, әділеттілік, мәрттілік, байсалдылық сипаттарымен ерекшеленеді.

Бата сөз асықпай, салмақты, бір қалыппен және эпикалық мәнермен айтылады. Ол әртүрлі жағдайда – жорық-шеруге аттанып бара жатқан Отан қорғаушы сарбаз-сардарларға, өмір жолын жаңа бастаған ұл-қызға, жас отауға, жаңа дүниеге келген нәрестеге, алыс жолға шығып бара жатқан сапаршыға, үлкен іс басында және өнерге бет бұрып, жаңа шығармашылық жолын бастаған жас дарын иелеріне беріледі. Қазақтың музыкалық-поэтикалық дәстүрінде, мысалы, ақындар айтысында жеңіске жетуші (көбінесе жасы үлкен) жеңіліс тапқан қарсыласына да бата берген.

Бата адамға ақ пиғылды көңіл, рухтық күй туғызады. Кеңпейілді қыр қазағына біреуге бата беру үшін оның жомарт және мәрттік көңілі болса жеткілікті. Өмірде оған түрткі болатын жағдайлар көп. Халық даналығында «Мата алмай, бата ал» деген терең ойлы сөз бар және ерте заманда да, қазіргі таңда да бата алушы өзінің материалдық жағдайына әрі қоғамдағы орнына сай бата берушіге сый-сияпат жасайды.

Бата сөздің айрықша функциясы қазақ операсының музыкалық-сахналық драматургиясында әрі қарай жалғасын табады. Олар:

«Қыз Жібек», «Гвардия, алға» операларындағы Ананың баталары және т.б.;

«Еңлік – Кебектегі» Абыздың батасы;

«Жиырма сегіздегі» Жамбылдың батасы.

Қорыта келе тұжырымдайтынымыз, бата жанры – қазақ халқының көркем мәдениеті тарихындағы ерекше құбылыс. Негізінде жалпы адамзаттық рухани құндылықтары бар бата қазіргі болмысымызда игілікті фактор болып бағаланады. Жанр табиғаты, халықтың мыңжылдық дәстүрін сіңіре отырып, әдет-ғұрып, салтын, рухтығын қамтып, Тәуелсіздік кезеңінде жаңаша болмысын және қоғамда маңызды орнын тауып, айрықша қасиетке ие болды. Бата – өткен мен болашақ кеңістігін жалғастырушы, ұлттың рухани өмірінде сарқылмас қайнар бұлағына айналуда.

Бата беру дәстүрі жас суретші Нұржан Қарымсақовтың күрделі жұмысында бейнеленген. Оның көп сағыналы, көп мазмұнды панносы Астана қаласындағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразиялық университеттің бас ғимаратында орналастырылған. Көркемдік сурет «Бата» деп аталады. Онда үш ұлы билеріміз – Әйтеке би, Төле би, Қазыбек би – туған халқына бақыт, көркеюді тілеп, бата беруде. Заманауи қоғамның дүниетанымы мен оның рухани мұқтаждығына жауап беретін фольклорлық жанрдың өміршеңдігіне ежелгі Түркістан қаласында бата сөз өнері бойынша өткізілген конкурсы да дәлел бола алады.

Ұлы Абай кезінде «Ыңсап, ұят, ар, намыс, мақсат, талап, терең ой, терең ғылым», – деп, халық рухтығын жаңғыртуда өз құндылығын осы кезеңге дейін сақтаған ой-пікірлер айтқан еді. Сол даналық ойлары «Рухани жаңғыру» бағытында өзектілігін дәлелдеуде.

Сөз соңында айтатыным: дана қазағым «Жаңбырменен жер көгереді, батаменен ел көгереді» деген емес пе! Сондықтан осы қысқаша ойымды аяқтағанда беретін Ақ батам:

Бастарыңа бақ қонсын,

Бақ таласың жоқ болсын.

Асыл елім тоқ болсын,

Бейбіт өмір, береке,

Туған жерге нақ қонсын.

Отбасында шүбірлеп,

Ұрпақтарың көп болсын,

Әумин!

Әдебиеттер тізімі:

  1. Ауэзов, М.. Мысли разных лет. – Алма-Ата: КазГосЛитИздат, 1961. – 541. – 172 с.

Аннотация

В работе «Нравственно-духовные ценности в казахском песенном фольклоре» разрабатывается объявленная президентом Н. А. Назарбаевым глобальная проблема «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру». На примере образцов песенного фольклора, данная идея исследуется на уровне традиционных жанров, таких как «Бесік жыры», «Бала уату», «жұмбақ өлең», «Әліп-би», «терме», «желдірме», «толғау», редигиозных напевов, песен типа жалған дүние (философских). В ней так же разрабатываеются содержательная сущность поэтического текста, вопросы формы, лада-интонационных, метроритмических структур. Заключают статью новые научные суждения о функции жанра Бата в духовной жизни народа, об ее драматургической роли в операх «Қыз Жібек», «Гвардия, алға», «Алпамыс», «Еңлік-Кебек» и «Двадцать восемь».

Ключевые слова: песенный фольклор, казахская традиционная музыка, бата.

Abstract

The work “Moral and Spiritual Values in Kazakh Song Folklore” develops the global problem Bolashak Bakhdar: Ruhani Zagyru announced by President N. A. Nazarbayev. On the example of song folklore samples, this idea is explored at the level of traditional genres, such as “Besik zhyry”, “Bala uatu”, “zhambak өleң”, “lіp-bi”, “terme”, “zheldіrme”, “tolgau”, redigious tunes, songs such as compassionate (philosophical). It also develops the substantive essence of the poetic text, questions of form, lada-intonation, and metrhythmic structures. The article concludes with new scientific judgments about the function of the Bata genre in the spiritual life of the people, about its dramatic role in the operas “Kyz Zhabek”, “Guard, Alka”, “Alpamys”, “Eulik-Kebek” and “Twenty-eight”.

Key words: song folklore, Kazakh traditional music, bata.

Автор:

 


Сара Әділгерейқызы Күзембай

Құрманғазы атындағы Қаза ұттық консерваториясының 

профессоры, өнертану докторы, ҰҒА корреспондент-мүшесі

Алматы қаласы

17 сәуір 2020 г. 2 261 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 265 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 624 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031