» » Қазағымның салт-дәстүрін дәріптй білейік!

Қазағымның салт-дәстүрін дәріптй білейік!

Мақсаты: Оқушыларды ата-бабаларымыздың дүниетанымын қастерлеуге, дәстүрімізді дәріптеп, салтымызды сыйлауға үйрету, мектеп пен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, үлкенді сыйлауға құрметтеуге, тәрбиелеу.

Күтілетін нәтиже: оқушыларға ұлттық мәдениет пен қазақ қалқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрпының тәрбиелік мәні туралы біледі, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтар мен рухани адамгершілік, имандылық қасиеттерді қалыптастырады.

Форматы: онлайн (зумм)

Жүрісі:

Ұйымдастыру бөлімі:

Психологиялық ахуал.

Қайырлы күн! Оқушылар, ұстаздар, ата-аналар!

Ата-салтым – асыл мұрам, ардағым,

Бабалардың жалғастырар арманын.

Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,

Өткенімді бүгініммен жалғадым –деп ақын жырына арқау болған халқымыздың ұлттық мәдениеті, әдет-ғұрпы, салт-дәстүрін танып –білуге арналған бүгінгі «Қазағымның салт-дәстүрін дәріптей білейік» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

Мұғалімнің кіріспе сөзі.

Құрметті ұстаздар,оқушылар және ата-аналар! Бүгінгі тәрбие сағатымыздың негізгі мақсаты – халқымыздың салт-дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын оқушы бойына сіңіру. Әр ұлттың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Яғни қазақ халқының тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың әдет-ғұрпын, дәстүрін, тарихын білу, оны қастерлеу – әрқайсымыздың борышымыз. Бүгінгі тәрбие сағатымыздың тақырыбын: «Қазағымның салт-дәстүрін дәріптей білейік» -деп алған себебіміз - өз халқымыздың салт - дәстүрін, тілін, дінін сыйлап, мәртебесін көтеру. Салт – сана мен дәстүр бізді басқа халықтардан ажырататын бірінші белгі. Дәстүр ата - бабаларымыздың дүние танымымен астарлас. Ғасырлар бойы ұрпақтан - ұрпаққа жалғасып келе жатқан қасиетті қазынамыз. Басқа халықтардан ерекшелеп тұратын ұлттық құжатымыз. Оны сыйлау, болашақ ұрпаққа аман - есен жеткізу - біздің міндетіміз.
Бала тәрбиесіне, жалпы адам тәрбиесіне терең мән беріп, оның сәтті қағидалары мен ережелерін ұстанғандардың бірі - өзіміздің қазақ халқы. Біздің халқымыздың тәрбие тәсілдері мен тәжірибелері өте көп. Халқымыздың ғасырлар бойы жазған зор еңбектері – салт - дәстүр, әдет - ғұрып үлгілері мен өнегелері соның айғағы.

 

І. Салт-дәстүр туралы не білеміз? Салт-дәстүрлер туралы сыныбымыздың оқушылары не біледі екен, ендеше тыңдап көрейік!

1-оқушы: Қарақат
Шілдехана – сәби дүниеге келген соң бір жеті бойы ана мен баланы күтіп, оның көңілін көтеріп, оның қасына дастархан жаю әдеті. Қазақ елінің әр түкпірінде бұл рәсім әр қалай өтеді. Сол күні баланы шілде суына шомылдырып, сыңғырлаған тиындар салады, балаға денсаулықпен бірге байлық та тілейді. Шілдехана өткізілетін күні ана әбден сорпаланып өзінің шілде терін шығаруы тиіс.


2-оқушы: Мағжан
Қырқынан шығару – бөбек дүниеге келген соң 40 күннен соң оның алғаш рет шашы мен тырнағы алынып, бесікке салу рәсімі орындалады.
40-күннің өзі ананың бой көтеріп, денсаулығы түзелген кезде болады. Жалпы осы уақыт ішінде ананың да, баланың да денсаулығы өте мықты күтімді қажет етеді. Анаға кіндік шеше көмек беруі тиіс. Бұл дастархан басына тек әйел адамдар келіп қатысады.

3-оқушы: Көркем

Бала дүниеге келгенде әр саналы отбасы оған жарасымды әрі әдемі есім беруге тырысады. Жаңа туған сәби болашақта сыйлы, құрметті, үлкен адам болсын деген үмітпен ата-анасы жасы үлкен, сыйлы адамға ат қоюға қолқа салады. Есімін атау (ат қою) – бұл рәсім ұлағатты кісіге жүктеледі. Қазақ аттарының көптігі басқа халықтардан ерекшелігі. Қыз балалардың есімдері олардың көркемдігі. Ат қою «көз тимесін» деген оймен қойылады. Ат таңдалғаннан кейін баланың құлағына 3 қайтара айтылады.

4-оқушы: Әлижан
Бесікке салу – бұл кішігірім той ретінде өтеді. Келушілер тарту, шашу, жоралғыларыналып келеді, бесікке салу немесе бөлеу тәжірибелі әжеге немесе анаға жүктеледі. Бесікті түбегімен, жабдығымен кіндік шеше алып келеді, сумен бала шыланады, ыдыстары отырғандарға таратылып беріледі. Баланың «ит көйлегі» жүгіртіледі, яғни тәтті дәм толтырылған кішкене дорба иттің мойынына көйлегімен байланады да жүгіртіледі, соңынан қуып жеткен бала дорбаға ие болады. Бесіктің түбегі орналасқан жерден кішкене бұршақ тәрізді тоқаштар өткізіліп, оны «тыштырма» деп айтады. Осы жерде жиналған аналар бесік жырларын айтады.
Бесік жырының сөздері естияр балалардың ой-қиялына жыр етіп, ананың мейір-шапағатын арттырады. Ондай отты жырларды балалар да жаттап алу керек.

5-оқушы:  Ботагөз
Тұсау кесер – бір жасқа толып еркін жүре бастаған бал бөбектің басқан қадамы құтты болып, одан әрі жаны жамандық көрмей жақсы жүріп кетуіне тілек білдіру салтанаты ретінде өтеді. Бөбектің тұсауын ата-ананың қалауы кеседі. Тұсауы кесілген баланы «Ақ жол болсын» деп ақ орамалдың үстімен немесе жұмсақ болсын деп кілем үстімен жүргізеді.
Тұсау кесер жырлары айтылады.

... Қаз, қаз балам, қаз балам,
Қадамыңды жаз, балам
Әнекей, ақ бесік.
Әлдиіме бақ бесік.
Шүмегіңді салайын,
Сылдырмағын тағайын.
Жібек көрпе жабайын,
Бауық барқыт пүліштей
Балдақтарың күмістей,
Жабдығыңмен сыйлысың.
Жатса бөпем жайлысын,
Көсем сенен өседі
Жайлы болсын төсегі.

6-оқушы: Нұрдәулет
Баланы атқа мінгізу салты(ашамайға мінгізу) – баланың буыны бекіп, 4-6 жасқа келгенде ат үстінде өзін-өзі ұстап отыра алатын жағдайға жеткенде, атқа мінгізу салтын жасап, ат құлағында ойнайтын денсаулығы зор, мықты, шымыр жауынгер, еңбекқор, қиыншылыққа төзімді ұрпақ тәрбиелеудің бір түрі.
Балаға ер-тұрмандарын сыйлап (ашамай, жандарба, тоқым, жүген, ноқта), атқа мінгізіп той жасайды.
Бұл әрекет ер баланың ендігі азамат болуға дайындалғанының белгісі болып саналады.

Жарайсыңдар, балалар! Көптеген салт-дәстүрлер туралы білесіздер екен.

ІІ. Салт-дәстүрім – қазынам!

Осы салт дәстүр туралы оқушыларымыз да өлең-жырлар оқып келіп отыр екен, ендеше кезекті балаларға берейік.

7-оқушы: Айназ: 

Ата салтым – асыл мұрам, ардағым,

Бабалардың жалғастырар арманын.

Сан ғасырда қалпын бұзбас қадірім,

Өткенімді бүгінменен жалғадым.

 Қазағымның салт – дәстүрі жаңғырған.

Тәлімді ой сынағы, тәрбие көзі қалдырған.

Салт – дәстүрді ардақтайық, ағайын.

Жас-кәріміз, үлкен, кіші, балдырған.

8-оқушы: Марал. Ф.Оңғарсынова . 

ҚАЗАҚТЫҢ ДӘСТҮРЛЕРІ

Қазақтың әдеті көп дәстүрі мен,

мен-дағы оның бәрін жақсы білем.

Ата-ана қартайғанда бел бүгіліп,

құрметтеп сыйлайды оны ел жүгініп.

Тәтті дәм, асыл деген киімдері –

қарттікі әр қазақтың үйіндегі.

Ерте-кеш қонақ келсін шақырусыз,

жатырқап сұрамаймыз: "Заты кімсіз?"

Тік тұрып жасымыз да, кәріміз де,

тосамыз үйдегі бар дәмімізді.

Бір ғажап – ұл-қыз біздің елде керім

қадірлеп құрметтейді жеңгелерін.

Жас келін үй билемес тізгінді алып,

ал сосын тым бауырмал біздің халық.

Қазақтың жас-кәрісі өле-өлгенше

самарқау тұра алмайды өнер десе.

Білмесең, таны,

достым, жақын барып,

шетінен қазақ деген ақын халық.

Даламыз жазық болса қанша біздің,

сондай кең пейіліміз де баршамыздың.

Ән. Балғабаева Аягүл. Қазағымның дәстүрлері.

ІІІ. Сен білесің бе? 

Сіздерге салт-дәстүрге баланысты сұрақтар қойылады, сіздер жауап беру керексіздер. Ата-аналарыңызбен бірге қосылып жауап беруге де болады.

1.Тоқымқағар дегеніміз не?

Тоқым қағу – баланың туған үйден бірінші жолға шығуына арналған той. Өз бетінше атқа отыруды үйренген бала туған үйінен алғаш рет алысқа шығады. Оның ата-анасы баласының бірінші рет жолға шығуын ғана емес, үйге аман-есен оралуын да атап өту үшін мал сойып, той жасаған. Бұл тойға ақсақалдарды шақырған. Қонақтар домбыра тартып, ән шырқап, айтыс ұйымдастырып, түрлі ойындар ойнап, көңіл көтереді.

2. Базарлық – дегеніміз не? (дәстүр)

Алыс сапарға шыққан адамдардың жақындарына (жерлес, көрші – көлем, жас балаларға, сыйлас адамдарына) әкелген сыйлығы.

3. Байғазы дегеніміз қандай дәстүр? 

Балалардың, жастардың жаңа киімі үшін берілетін ақшалай, заттай сый.

4. Ерулік дегеніміз не?

Қазақтардың және бір жақсы әдет-ғұрпы - ерулік беру. Басқа жақтан жаңадан көшіп келгендерді оның туған-туыстары немесе көршілері арнайы дастарқанға шақырып, ерулік тамақ беретін болған.

5. Асар дегеніміз не?

Онда ауыл тұрғындары ешқандай ақы алмастан бірлесе жұмылып, біреудің белгілі бір жұмысын бітіріп береді. Мәселен, олар біреудің қысқы баспанасын немесе мал қорасын салып беруге, сондай-ақ құдығын қазып беруге жұмыла көмектеседі.

6.Сүйінші дегеніміз не?

Дала тұрғындары бір-біріне қуанышты хабар жеткізгенде сүйінші сұрайтын әдет-ғұрып та болған. Қуанышты хабар жеткізген адамға жақсы сыйлық жасалатын.

7. «Қой басты» дәстүрі дегеніміз қандай дәстүр?                                                             Ауылда киіз басу – ауыр жұмыстардың бірі болған. Алдымен жүнді сабайды, сосын бояйды, қайнатады, құрғатады, орайды. Ораудың астынан арқан өткізіп, жіптің ұшынан ұстап, аяқпен теуіп отырып, үй-үйдің арасынан өткізеді. Кез келген үйдің жанына келгенде "қой басты-қой басты" деп айқайлайды. Мұны естіген үйдегі әйелдер киіз басушыларға бауырсақ, қымыз, құрт береді.

Қорытынды.
Мұғалім: «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» дегендей, ата-бабаларымыз ұл-қыздарын жасынан бастап сан алуан іс-әрекетпен, жауапкершілікті талап ететін еңбекпен тәрбиеленген. Ер баланы бес жасынан тай жалын тартып мінуге жарағаннан бастап, оны қолғанат деп есептеген. «Жігітке жеті өнер де аздық етеді» деп халқымыз ер баланы төрт түлік малды бағып-күтуге, жер қыртысын, өсімдік түрлерін білуге, қараңғы түндерде жұлдызды аспанға қарап бағыт-бағдарды белгілеп, қоныс-суды дәл табуға үйреткен.

«Қыз өссе – елдің көркі» дегендей, Қыз баланы жасынан төзімділікке, әдептілікке, сыпайылыққа тәрбиеленген. Қазақ халқының салт-дәстүрі болашақтың айқын көрінісіне үлесін тигізеді. Сауатты да, салмақты, адамгершілік қасиеті мол жас ұрпақ салт-дәстүр, әдет-ғұрыппен өте тығыз байланыста.

Әр адамның қасиетті борышы – атамекенін сүю, мәдениеті мен тілін білу және қастерлеу. Салт-дәстүрді, әдет-ғұрыпты білу, құрметтеу, келесі ұрпаққа жеткізу болып табылады. Ендеше, салт-дәстүрлерімізді дәріптеп жүрейік!

Сау болыңыздар!

Міне, бүгін салт-дәстүріміздің тек бірнешеуін ғана жаңғырттық. Ұлттық құндылығымыз артып, ұрпақтар сабақтастығы ажырамасын дейміз! 


Автор:
 

Ақерке Шәмбіл, 

Ақшұқыр мектеп-лицейі мемлекеттік мекемесінің

Бастауыш сынып мұғалімі

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр ауылы

21 желтоксан 2020 г. 26 836 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 205 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 607 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031