«Өрлеудегі» Алтын күз!
Жаздың шуақты күндері зымырай өтіп, күздің қалай жеткенін де білмей қалғандаймыз. Кеше ғана жасыл жапыраққа бөленген желек бүгінде үстеріндегі лыпасын шешіп, жалаңаштанып қалған. Айнала саф алтынға бөленген. «Сары алтындай сары күз» деп ақындар тегіннен тегін жырға қоспаған-ау! Ендеше талай сырлы сезімдер мен терең ойларға арқау болған күз мезгіліне неге ән-жыр арнамасқа? Неге мерекелік іс-шара ұйымдастырып, мектеп күндеріне оралмасқа?
Басшылық тарапынан болған осындай ойлар «Өрлеу» БАҰО» АҚ Қарағанды филиалы педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Өрлеудегі «Алтын күз» мерекесінің ұйымдастырылуына мұрындық болды. Мектеп күндерін сағынған өз басым бұл шараның лайықты деңгейде өтуіне бел шеше кірістім. Кәсіподақ ұйымының төрайымы, әріптесім - Меруерт Алтынбекқызының жол көрсетуімен мерекені өткізудің жөн-жобасы әзірленді.
«Тіл үйірер дәм», «Өрлеу» дауысы», «Күзгі сән» деп аталатын үш кезеңінен тұрған «Өрлеудегі «Алтын күз» мерекелік байқауында белсене қатысқан Институт ұжымы нағыз бесаспап мамандар екен. Олай деуімнің себебі, бастапқыда маған мұндағы қызметкерлер шығармашылықтан алыс, эмоцияға құрғақ көрінгендей еді. Оным алдамшы болып шықты.
Сөйтіп 30 қыркүйек күні Инститтутың 10 бөлімі мен кафедрасы мерекелік кеште өзара бақ сынасты. Әр кезеңнің сәтті өтуіне мазмұнға сай киінген жүргізушілер - Жұматай, Жұлдыз, Шәрбат сынды әріптестеріміз әр берді.
«Аспазшы» - Жұматай байқауды дастархан дәміне арналған өлең жолдарымен бастап, бәріміздің тәбетімізді ашқандай болды. Сонан соң сынаққа түсушілер байқау талаптарына сай дайындалған ас түрлерін көпшілік назарына ұсынды. Айталық, Тәрбие және тұлғаны әлеуметтендіру кафедрасы жемістерден дайындаған «Тауыс құсқа» таңдай қаққандар аз болмады, тіпті, «арнайы тапсырыспен жасатқан» деп әріптестердің шеберлігіне күмән келтіргендер болды. Ал Қаржы бөлімінің талантты қыздары «Француз етін» Институт логотипі түрінде әсемдеп, тіпті бірдей костюмдерімен бәріміздің жүрегімізді жаулады. «Ас атасы – нан» деген мақалды ұран еткен Академиялық бөлім «Ең үздік нан тағамы» номинациясымен үздіктер қатарынан табылды. Барлық қатысушылар ас үйдегі шеберліктерін бар қырынан көрсетуге тырысып жатты. Көрмеге қойылған «Күзгі шырын», «Раушан» мантысы, «Жемістер дәрумені» және тағы да басқа тағам түрлерінен көз сүрініп, байқау көрігі қыза түсті.
Ас үйдегі бесаспаптар өз міндеттерін орындаған соң, күміс көмей, жез таңдай әншілер «Өрлеу» дауысы» байқауында өнерлерін ортаға салды. Шара мұғалімдер күніне орай ұйымдастырылғандықтан, қатысушылар «мектеп», «ұстаз» тақырыптарында іріктелген әндерді жереби бойынша таңдап алып, караоке сүйемелдеуімен шырқауы керек. Мұнда да қырағы көз, сыншыл әділқазы «әншілердің» дауыс мәнері мен ырғаққа еруін, шығармашылықтарын қалт жібермей бағып отырды. «Құстар» әнін қос дауыста сызылта салған Салтанат Болатқызы мен Меруерт Аманкелдиевнаның орындаушылық шеберліктері жүректерге жеткендігі соншалық, риза болған көрермендер мен жанкүйерлердің аямай соққан шапалағынан зал дүр сілкінді. Бұл сынақта да Қаржы бөлімінің қыздары өздерінің шығармашылықтарымен көпшіліктің сүйіспеншілігіне бөленді. «Школьная пора» әнін ойнақы түрде орындап, әрі шағын қойылыммен сүйемелдеді. Осы «вокалдық топпен» Институт директоры - Сәулеш Дімкешқызының өзі оқушы бейнесін сомдап, қосыла ән шырқады. Дәл осы сәтте осындай шығармашылық байқаулар мен мерекелер ұжымның ұйымшылдығы мен достық сыйластығын нығайтып, бір-бірін жақын тануға ықпалы зор екендігіне көз жеткіздім.
Вокалдық байқауды бас аяғына дейін мұрындық болған жүргізуші – Жұлдыз сөзді Шәрбатқа бергені сол еді ортаға нағыз ханшайымдарша киінген, паң да, кербез сұлу жүргізуші – Шәрбат қыз шықты. Оның мұндай бейнесі «Күзгі сән» байқауынан айтқызбай-ақ хабар беріп тұрғандай. Сәнгерлерді сахнаға шақырғаны сол-ақ еді, көздің жауын алған һас сұлулар небір қиялдан туған «киім» үлгілерін ортаға салды. Газеттен жасалған пальто, қоқыс пакеттерімен өрнектелген гүлді кешкі көйлек, пластик шиша қиындыларынан құралған қазақ аруының көйлегі, жарқ-жұрқ еткен дисклермен әсемделген сәнді би кешіне арналған көйлектің түр-түрі бір-бірінен асып түспесе кем емес. Қай-қайсы болмасын ауыз толтырып мақтауға тұрарлық өнер туындылары. Оған қоса, қатысушылар жарнамасын да асырып жатыр. Ал риза болған көрерменнің ыстық алақаны толастар емес.
Осындай жарқын көңіл күйге толы мерекелік кеш өз мәресіне жетті. Дауыс беру арқылы таңдалған әділқазылар алқасына шешім шығару оңайға соққан жоқ. Барлығы да тек үздік марапатқа ие. Алайда арнайы қойылған критерий ненің неден артық екенін таразылауға, сөйтіп ақтық қорытындының әділ екендігіне көз жеткізуге септігін тигізді.
Жүлде алғандар да, ынталандырушы сый-сияпатқа ие болғандар да, бәрі-бәрі тек риза! Ешкім құр алақан қалған жоқ. Себебі, барша ұжым шығармашылық қырларын ашуға мүмкіндік берген керемет кештен көл-көсір жағымды әсер алып қайтты. Ал мереке соңында сөз алған Сәулеш Дімкешқызы барша ұжымға алғысын білдіріп, «Өрлеудегі Алтын күз» әлі де өз жалғасын таба беретіндігін тілге тиек етті. Кеш әсмен әнмен өріліп, жастардың әдемі флэшмоб қойылымымен аяқталды.
Лаура Абзалбек,
«Өрлеу» БАҰО» АҚФ
Қарағанды облысы бойынша
ПҚ БАИ аға оқытушысы