АБАЙ ТҰЛҒАСЫ –ТӘРБИЕ ТІРЕГІ
Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы қаласы Наурызбай ауданындағы № 174 мектеп-гимназияның мұғалімдері А.Аблаева мен К.Тортаеваның ұйымдастыруымен 10 «А» және 10 «Ә» сынып оқушылары ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі актер Болат Әбділмановпен «Патриотизм – ұлттық рухтың асқақ белгісі» тақырыбында онлайн сұхбат өткізді. Талай жылдан бері Абай образын сомдап келе жатқан танымал актермен онлайн-сұхбат барысында оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарымен бөлісті. Актер патриоттық рухтың, ұлттық болмыстың шыңы Абай тұлғасы арқылы жастарды тәрбиелеудің маңызы мен Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырудың жолдары туралы ойларын ортаға салды.
Абайдың басты мақсаты қазақ халқын биікке ұмтылту, алысқа құлаш сермету, өзге озық елдерден кем болмауға, қатар тұрғызуға талпынту болса, бүгінгі тәуелсіздігіміздің басты мұраты да сол емес пе, - деген Болат Әбділманов ұлы Абай ұлағаты мен көркем жырлары біздің әлі талай ұрпаққа бағыт-бағдарымыз, рухани азығымыз бола беретінін айтты. Расында да, бізге бүгінгі күні ауадай қажет жігерліліктің, қайтпас қайсарлықтың, еркідік пен елдіктің, біліктіліктің, адалдықтың, Отансүйгіштіктің қайнар көзі Абай шығармашылығында жатыр емес пе. Ендеше, Абай тұлғасы – тәрбиенің асыл тірегі.
Ақмарал Тәженова,
Алматы қаласындағы №174 мектеп-гимназияның
қазақ тілі пәні мұғалімі