» » Оқу сауаттылығы-озық ойлаудың көрсеткіші

Оқу сауаттылығы-озық ойлаудың көрсеткіші

Мақалада функционалдық сауаттылықты жүзеге асыру міндеттері, оқушы білімдерін практикалық тұрғыда қолдану мүмкіндіктеріне байланысты тиімді  әдіс-тәсілдердің сабақта қолданысы туралы айтылған.

Кілт сөздер: оқу сауаттылығы, іс-әрекетті зерттеу, кең ауқымды дағдылар, тиімді платформалар.

Қазіргі уақытта білім беру жүйесінде «функционалдық сауаттылықты» қалыптастыру мәселесін негізге алудың өзектілігін арттырып отыр.
Бүгінгі жаһандану дәуіріндегі заман ағымына, жасына қарай ілесіп отыруы, адамның мамандығын әрдайым жетілдіріп отыруы маңызды. Ондағы басты мақсат жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене және рухани тұрғысынан дамыған азаматын қалыптастыру, оның әлемде әлеуметтік бейімделуі болып табылады, яғни оқушылардың мектепте алған білімдерін өмірде тиімді қолдануына үйрету. Демек, оқу сауаттылығы бүгінгі таңда  заман  талаптарына   сай   дайындық   ретінде қарастырылады. 

            Білім үдерісінің нәтижелі  болуы мұғалімдердің оқушы өздігінен меңгеріп, таныта білген білім дағдылары мен амал, көзқарастарын  зейін қойып, зерделей білген білім модельдері  аясында ғана жүзеге асырылады. Білім  беру бағдарламасының  басында мұғалімдер  оқушылар не  біледі,  оларда қандай қате пайымдаулар бар және бұны қалай түзету дұрыс екенін білу үшін арнайы құралдарды пайдаланады. [1,33-бет]

            Қазіргі  білім  беру  саласындағы  инновациялық  технологияларын  меңгермейінше  сауатты,  жан-жақты  білгір  маман  болу  мүмкін  емес.  Инновациялық  технологияны  меңгеру  мұғалімнің  зейін-зерделік,  кәсіптік,  адамгершілік,  рухани,  азаматтық  және  басқа  да  көптеген  ұстаздық  келбетінің  қалыптасуына  игі  әсерін  тигізеді,  өзін-өзі  дамытып,  оқу –тәрбие  үрдісін  жүйелі  ұйымдастыруына  көмектеседі. [3].

Ол үшін мұғалім оқушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін практикалық жағдайда пайдалана алатындай негізгі құзіреттіліктерді сіңіруі керек. Осы орайда,  Ұлытау облысы білім беруді дамытудың оқу-әдістемелік орталығының  жоспарына сәйкес Жезқазған қаласындағы  №8 гимназияда  оқушылардың кең ауқымды дағдыларын қалыптастыру мақсатында  оқу сауаттылығына байланысты  іс-шаралар ұйымдастырылып отырады. «Біз-бақытты ұрпақпыз»,  «Мен- елімнің ертеңімін!», «Жалынды жастар-жарқын болашақ», «Жаңа ғасыр жастары» тақырыбында сынып сағаттары, челлендж, бейнерепортаж, үздік жарнама байқаулары  сапалы  білім берудің айқын көрінісі.  Бұл іс-шаралар оқушылардың танымдық қызығушылығы мен жеке шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған. «Функционалдық сауаттылық-тұлға қалыптастырудың жаңа жолы»,  «Ұстаздық еткен жалықпас»,  «Кітап-өмір ұстазы» тақырыбымен  орфографиялық сауаттылықтарын, коммуникативтік дағдыларын дамытуға, отбасылық кітап оқу дәстүрін жандандыруға мән берілді. «Оқырман сауаттылығы» - бұл адамның өмірде толыққанды қалыптасуына және жеке мақсаттарына жетуіне қажетті әр түрлі жазба сөйлеу формасын түсіну және терең ойлау қабілеті. Оқырман сауаттылығының негізі - мәтінмен жұмысты толық қалыптастыру болып табылады. Бұл оқушылар шығармадан қажетті ақпарат алуына, нақты мәтіннен қорытынды шығаруына, негізгі кейіпкерлердің әрекеттерін интерпретациялауға, мәтін үлгісімен бекітуге және мәтін құрылымының бастапқы сараптамасын алуға көмектеседі.

Ертегілер әлеміне саяхат жасап,  жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтел, шешендік сөздерден жарыстар ұйымдастырылды. Білікті ұстаздар қашықтан оқыту жағдайында да өрелі істерге қолдау көрсетіп, басшылық жасап, шәкірттерінің танымдық таланттарын байқата білді. Жоғары сынып оқушылары зияткерлік ойындар арқылы ойлау қабілеттерін шыңдайды. «Оқу сауаттылығын дамытуға бағытталған авторлық бағдарламалар құру әдістемесі» деген  тақырыпта өткізілген оқыту семинарының да ұстаздарға берер көмегі көп болды. Авторлық оқу бағдарламасы – педагогикалық құндылық пен жаңалықтардан хабардар ететін авторлар ұжымының немесе автордың педагогикалық шығармашылығының нәтижесі болса,   мұғалімдеріміздің бұл тақырыпта сөз қозғауы – заман сұранысына лайықты мәселеге  кәсіби құзыреттілігінің көрінісі. Авторлық бағдарламаны жасағанда тапсырмалар жүйесі  оқу сауаттылығының тест сұрақтары мәтіндердің түрлі форматтағы мәтіндерімен берілуі қажет.  Ал бұл құрамында мәтіннің қомақты бірліктерін қамтыған көркемсөз мәтіндерінен тұратын «тұтас мәтіндер» болып табылады. Тұтас мағыналы азат жолдар бағыныш сатымен көркемделген және оқушының мәтіннің логикалық құрылымын түсінуіне көмектесетін тақырыппен және тақырыпшамен белгіленуі қажет. Тұтас емес мәтіндер мәтіннің ақпараттық бірліктерін қамтитындықтан, біршама басқа оқу дағдыларын талап етеді. (яғни, кестелер, кескіндер, диаграммалар).  Сонымен қатар   шетелдік және  отандық  тәжірибелер көрсеткен сапалы білім беру ортасының сипаттамасы әр түрлі тиімді платформалармен толығып отырады.  Бұл оқушының оқу жетістігін  бағалаудың заманауи әдісінің бірі болып табылады, яғни оқу мен  оқытуды бағалаудың     шынайы көрінісі деуге болады.  Мысалы,  Ә. Кекілбайдың   «Аңыздың ақыры» романындағы  «Прозадағы көркем ой» бөлімінде  оқу мақсатына сәйкес шығарманы мазмұндас туындылардың үлгілерімен салыстырып, тарихи және көркемдік құндылығын бағалау мен көркемдегіш құралдар мен айшықтау амалдарының қызметін талдауда https://quizizz.com/ платформасы тиімділігін көрсетті.  Бұл платформаның эссе түрлерін жазғызуда да  маңызы зор. Бағдарлама  викторина құруға арналған.  Мұндағы ұпай дұрыс жауап үшін қойылады. Жылдамдық үшін қосымша ұпай қосылады. Оқушылардың сұрақтарының реті ауысып отырады. Оқушылар  қашықтықтан, үйде отырып та қатыса алады.

Қазіргі уақытта білім жүйесінде жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданыла бастады. Ақпараттық технологияларды және компьютерлік желі арқылы жаңа білім әдістерін пайдалану кеңейтіліп келеді. Жаңа ақпараттық технологияларды білім жүйесінде қолданудың ең маңызды факторы негізгі қозғаушы күші - адам. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыру жүйесі оқытушылар мен оқушылар арасында, өзара оқушылар арасында жұмысқа қатысты кез келген форматтағы файлдармен алмасуды қолдайды.

   Осы платформалардың элементтерінің жиынтығы сабақ дайындау және өткізуде мұғалімге әр түрлі тапсырмалар, квест ойындар, сабақ, тест, аудиодәрістер және т.б. дайындауға көмектеседі.

Біз қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарынан оқушыларға берілетін білімді кең ауқымды дағдыларды қалыптастыру  негізінде берсек, оқушылардың алған білімдерін өмірдің кез-келген жағдайында қолдануына ықпал ете аламыз деп ойлаймыз. Осы бағытта қазақ тілі мен әдебиетін  оқыту сабақтарына  арнап  тілдік дағдыларды арттыруға арналған  тапсырмалар бойынша дайындалған  сабақ жоспарын    ұсынамыз. Сабақтағы негізгі тақырып, идеясы міндетті түрде өмірмен байланыстырылу керек. Бүгінгі күні барлық елдер жоғары сапалы білім жүйесімен жұмыс істеуде. Өйткені қазіргі заманда елдің бәсекеке қабілеттілігі оның азаматтарының парасаттылығымен анықталады, сондықтан білім беру жүйесі болашақтың талабына сәйкес дамуы тиіс. Оқушыларды заманауи әдіс –тәсілдермен оқытып, ой –өрісі кең, саналы, еркін азамат етіп тәрбиелеу  қажеттілігі де осы себептен туындап отыр. Қазіргі таңдағы «Сабақтағы іс-әрекетті зерттеу» сыныптағы А,В,С деңгейіндегі білім алушыларды қадағалау, олардың ойлау деңгейіндегі тапсырмалар ретін қарастыру және олардың өздігінен реттелуіне мүмкіндік беру бүгінгі мұғалім міндеті. Оқушы бойындағы  қабілетті дамытудың маңыздылығы да міне, осында. Олай болса, 5-сыныптағы А.Байтұрсыновтың «Егіннің бастары» мысалына құрылған сабақ жоспары  оқушы қабілетін  ашудың дәлелі болмақ.

Атап айтсақ, қызығушылықты оятусатысында білу, түсіну тапсырмалары арқылы ой шақыру  «Ашық  және жабық сұрақтар» әдісімен берілді. 1. Әкесі мен баласы қайда келді? 2. Баласы әкесіне қандай сұрақ қойды? 3. Мысал дегеніміз не ? 4. Ақын бидай арқылы қандай адамның мінезін  берген деп ойлайсың? 5. Мысалда адамдардың қандай мінезі сыналады? Адамдарда қандай жақсы, жаман мінездер болады ? 7. Мысалдағы  Бидай неліктен тәкаппарлық мінез көрсетті деп ойлайсыңдар? 8. Сен қалай түйіндер едің? деген сұрақтар төңірегінде

А деңгейлі оқушылар қолдану,  жинақтау  деңгейіндегі сұрақтарға жауап береді. В деңгейлі оқушылар талдау деңгейіндегі сұрақтарға жауап береді. С деңгейлі оқушылар сұрақтың жауабын  мысалдан  табады.

  «Ашық және жабық сұрақтар» арқылы»  алдыңғы білімдерін    еске түсіреді. Қалыптасқан дағдыларын сұрақтардың деңгейіне қарай қолданды. «А» деңгейіндегі сұрақтар оқушылардың   ойланып, таным көкжиектерін  арттыруға себепші болса,  «В»   деңгейіндегі сұрақтар  идеялық мазмұнын талдауда  салыстыра айта алуға   жетеленді. «С» деңейіндегі сұрақтар  мысалды өмірмен байланыстыруда  өзіндік көзқарастарын білдірді.

Мағынаны тану сатысында қолдану, талдау тапсырмалары «Файер» әдісі  арқылы беріліп, көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс-әрекетін, образын ашу үшін төмендегі кестені толтырады.

 Анықтама

 Мысал дегеніміз не?

Ерекшеліктері

 Шығарманың тәрбиелік мәні неде?

 Қиындықтар

Адамдардың арасында   мінезі қиын адамдар ма?

 Қиындықты шешу жолы

 Абайдың  «Бес асыл» іс қағидасын ұстау.

-талап

- еңбек.т.с.с

А деңгейлі оқушылар кейіпкер мінезін түзету жолдарын ұсынады. Адам мен нағыз адамға қажетті  қасиеттерді, адами құндылықтарды жазады. Осы тапсырманы орындау арқылы оқушының  танымдық дағдысы артады. В деңгейлі оқушылар адам мінезіндегі қиындықтардың себебін айтады. С деңгейлі оқушылар жалпы мысал жанры жайында айтады, мысалдың тәрбиелік мәнін түсінеді.

Көркем шығармадағы кейіпкерлер портреті мен іс- әрекетін беруде  «Файер» әдісін қолдану  саралап оқытудың  тиімді жолын көрсетті.

Ой толғаныс сатысында жинақтау, бағалау тапсырмаларын орындайды. Жеке жұмыста  «Авторға хат» әдісі ақын өлеңі кімнің атынан баяндалғанын, лирикалық кейіпкер қандай мінезімен танылғанын, өлең  қалай әсер еткенін жазбаша жеткізеді. Яғни, тәкаппарлық, білімсіздік сияқты жаман әдеттерді кейіпкерлер бейнесі    арқылы сипаттап, авторға хат   жазады, оқушылар  мысалдан алған әсерлерін хат арқылы жеткізеді.

А деңгейлі оқушылар мазмұныны бойынша түсінгендерін жеткізеді. В деңгейлі оқушылар өлеңнің идеясын ашатын тірек сөздерді пайдаланып жазады. С деңгейлі оқушылар хаттың құрылымын сақтай отырып, нақыл сөздерді қолданады.

  Саралап оқытуда аса ерекше қабілетті оқушылардың талдау, пайымдау, қорыту, түйіндеу сезімдерін ұштауға көңіл бөлінді. Жұмыстар жұптаса, топтаса орындалды.

Саралау тапсырмаларды  іріктеуді, белгілі бір оқушыдан күтілетін нәтижені, оқушыға жеке қолдау көрсетуде, оқу материалы мен ресурстарды оқушылардың жеке қабілеттерін ескере отырып әзірлеуді қамтиды.

Кең ауқымды дағдылардың қалыптастасқанын  анықтауда кері байланыс беру арқылы оқушылар өздері тапсырма  дескрипторларын нақты анықтай алды.

  Сонымен қатар  «Оқуға құштар мектеп» «Музей сабақтары», «Қоғамға қызмет»,  «Ұшқыр ой алаңы », «Дебат ойыны»т.т.   бірнеше әлеуметтік жобалар бойынша   танымдық қабілеттері ұшталып, функционалдық сауаттылықтарын қалыптастыруға байланысты іс-әрекеттер жүзеге асырылуда.  5-11-сыныптар   талантты ақын, жазушыларды, табысты блогерлерді, қоғам қайраткерлері мен белсенділерінің басын біріктіруге негізделген «Кітап фестивалінде» (KitapFest) жоба қорғап, дизайндар байқауында ерекше белсенділік танытты.  10-11-сыныптардың  ата-аналарымен өткізілген ойталқының (дебат ойынының)  балалар тәрбиесіндегі өзекті ойларды ортаға салуына ұйтқы болды. Бұдан байқайтынымыз, оқушылардың функционалдық сауаттылығы ең алдымен, үйден, отбасынан басталады. Өйткені, ата - аналардың балаларды оқытуы және тәрбиелеуі ұлттық жоспарда функционалдық сауаттылықтың негізгі тетіктерінің (механизмдерінің) бірі болып көрсетілген. Ата-ананың борышы-бала бойына жас кезінен адами құндылықтарын дарытып, саналы өмір сүруге баулу. Ата-ана баласының функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мұғалімдермен тығыз байланыс жасауы керек. Ата-ананың бойында да функционалдық сауаттылық болуы тиіс. Сондықтан да ата-аналарды осындай іс-шараларға қатыстырудың маңызы зор. Мұғалім мен ата-ана бірлесе отыра, оқушының бойына әлеуметтік ортаға бейімделуіне, алған білімін практикалық жағдайда пайдалана алатындай негізгі құзіреттіліктерді сіңіруі керек. Сонда ғана  бүгінгі ұрпақ жеке тұлға ретінде өзін ұлттың ажырамас бөлшегі ретінде сезіне отырып, өз халқының тарихын, ұлттық құндылықтарды (жазу, ұлттық тіл, рухани мәдениет пен тағы басқа жетістіктері), ұлттық менталитет, халықтың әлемдік мәдениет қазынасына қосқан үлесін бағалап, оның дамуына ықпал етеді. Ұлттық сана-сезімнің дамуы ұрпағымыздың өз ырымдарын, дәстүрлерін, яғни этникалық тамырын білуімен байланысқан, сонымен бірге осы үдерісте адамгершілік жалпыадамзаттық құндылықтарды тану маңызды. Яғни, ұлттық сана-сезімді дамытудағы маңызды тарап ондағы этностық, ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың арақатынасы болып табылады.

Сондықтан да оқу сауаттылығына құрылған тапсырмалардың ұрпақ тәрбиесінде берері көп. Олардың өз бетінше ақпарат көздері арқылы ізденуіне, сол арқылы танымдық қабілеттерін ұштауға, қоғамда, өзі өмір сүрген ортада іс-әрекет жасай алу қабілеттерін ашуға, әлеуметтік-мәдени дағдыларын дамытуға  септігін тигізді.

Функционалды сауаттылықтың даму үрдісі пәндік білім, білік, дағдыдан шыға отырып оқу пәндерінің құралдарымен ойлау дағдыларын қалыптастыру негізінде жүзеге асырылады. Қалыптастыру және ойлау дағдыларын дамыту құралдары тапсырма түрінде ұсынылған сол пәндік білім, білік, дағдылары, ал ұйымдастыру формалары-проблемалық жағдаяттар. Бұл кезде ойлау дағдыларының құзыреттілікке ауысу құралы,яғни функционалдық сауаттылық болып табылады.

Гимназиядағы айтулы іс-шара  балалар тәрбиесінде оқу мәдениеті мен дағдыларын дамытуға бағыттайды. Демек, оқушының оқу сауаттылығына байланысты дағдысын қалыптастыру, осындай тәрбиелік іс-шаралар және қосымша білім берудің тығыз байланысы жоғары жетістіктерге жеткізеді деген сенімдеміз.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мұғалімге арналған  нұсқаулық. ІІІ деңгей. www.cpm.kz. Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы.       

2.Кудайбергенова К.С. Мектептегі іс-әрекетті зерттеу. Алматы.                                                 

3.Оразахынова Н., Кенжебаева Г. М. - «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру жолдары» ғылыми мақаласы, 2012. - Б. 42-47.


Муханова Майра Кинадильдина, Досжанова Баглан Мухамбедиевна

Ұлытау облысы білім басқармасының, Жезқазған қаласының білім бөлімінің «№8 гимназиясы» КММ

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Ұлытау облысы, Жезқазған қаласы

18 мамыр 2023 г. 2 440 0

Жаңалық тізбесі

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 12 566 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930