» » Ақтаңгер ақын, сазгер Мұхтар Құраловтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш

Ақтаңгер ақын, сазгер Мұхтар Құраловтың шығармашылығына арналған әдеби-сазды кеш

Кештің мақсаты: Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар, Мұхтар Құраловтың өмірі мен шығармашылығы туралы мағлұмат бере отырып, поэзиясының халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін сезіндіру, әрбір шығармашылығының музыкасымен үндесу ерекшелігін, ақынның сөзіне жазылған әндері көпшілік назарына  ұсыну. Адамгершілік, рухани қасиеттерді оқушылар бойына сіңіру, отансүйгіштік сезімдерін шыңдау, оқушылардың кітап оқу арқылы поэзияға деген сүйіспеншілігін арттыру, шығармашыл оқушыларды поэзия шыңына жетелеу, ақынның шығармаларын насихаттау.

Кештің көрнекілігі:Көрме,ақын портреті, ақын туралы лебіздер, слайд,сазгер ақынның суреттері,марапатталған медальдері,еңбектерін бағалаған бағалы силықтары шығарма жинақтары, ақынның кітаптары, өмірінен бейнесюжет көрсету. 

Кештің барысы: Бейнесюжет көрсетіліп, музыка ойнап тұрады.

Іс-әрекет: Ұйымдастыру барысында оқушылардың атсалысуына жол ашу, бағыт-бағдар беру, мәнерлеп оқу, өз шығармашылығы бойынша ақынға арнау өлең.

1-жүргізуші:

Поэзия - қасиетті ұғым. Ол адамның ішкі сезімінен,тіл жетпес тылсымынан туындайтын дүние. Жан баласының ішкі әлемі. Жеке өз басының құпия ұстайтын ішкі сыры. 

2-жүргізуші:

Поэзия  тек қана ішкі дүние ғана емес, адам жанының алаулаған жалыны. Ұлы Аристотель айтқандай поэзия  тарихтан да, тіпті философиядан да жоғары екенін мойындайды. 

Екі жүргізуші де бірге:  Ән әлемінде қалықтап, жүректерге ерекше үн сыйлап, шабыт берген, Халықаралық деңгейдегі айтыскер ақын, сазгер, Республикалық ақындар айтысының лауреаты Мұхтар Құраловтың шығармашылығына арналған «Ақын әлемінің-әсем үні» атты әдеби кешімізге  қош келдіңіздер!!!

1-жүргізуші: 

Мұхтар аға, бүгінгі өткелі отырған әдеби кешімізге тағы да қош келдіңіз дейміз. Кешімізді бастамас бұрын алдымен сіздің өміріңізден бір үзік сыр шертер бейнесюжетке назар аударайық. (1-ші бейнесюжет). 

2-жүргізуші:

Біреудің бағы тілінде, біреудің бағы уысында,-демекші Мұхтар ағаның басына бақ болып дарыған поэзия құдыреті мен  әншілік қабілеті де жанды қанаттандырып, рух беріп жан әлеміне жетелеп отырды.Алғашқы шыққан  "Мектебім" атты жыр жинағы мектеп табалдырығында оқып жүргенде -ақ басталып,ары қарай елге, туған жерге деген сағыныш сезімін өлең жолымен өрнектей алды. Өмір жолын өнер жолымен ұштастыра білді. Өз елінің намысын ту қып ұстаған, шоқтығы биік айтыс алаңында, дүбірлі додада өз туған жерінің абыройын асқақтатқан ақынның өмір жолына сөз берсек. 

1-жүргізуші:

1947 жылы 5 қаңтарда Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданында дүниеге келген. Өнер шыңына бастайтын даңғыл жол алғашқы бала кезден басталды.  1965 жылы орта мектепті  бітіріп, “Мақтаарал” газетінде алты ай тілшілік қызметінде, содан Киров ауданы Ерубаев мектебінде музыкадан сабақ береді. 1966 жылы Владивосток қаласында үш жыл теңіз флотында әскери борышын өтеп,  Өзбекстан Республикасы Сырдария облысындағы педагогикалық институттың филология факультетінің «қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіреді (1969-1973). Еңбек жолын 1973-1980 жылға дейін Жеміс совхозында Титов мектебінде өз мамандығы мен музыка пәні бойынша сабақ берді.

2-жүргізуші:

1980-1981 жылдары аралығында Киров ауданының мәдениет үйінің директорлық  қызметін атқарады. 1981-1982 жылдары Киров ауданындағы "Коммунистік еңбек" газетінің тілшісі, 1982-1983 жылдары Киров ауданындағы бұрынғы Жданов мектебінде "Қазақ тілі мен әдебиет" пәнінің мұғалімі қызметін атқарып, 1983-1984 жылдары Киров ауданындағы Мәдениет бөлімінің бас маманы қызметін атқара отырып,бірнеше жылдар бойы мәдениет саласында жұмыс жасап, 2010 жылы зейнеткерлікке шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейінде бір жыл мәдениет бөлімінде жұмыс істеді.Содан Асықата кентінің ақсақалдар кеңесінің төрағасы етіп тағайындалып, қазіргі таңда Асықата кентінің қоғамдық кеңесінің төрағасы қызметін атқарып келеді. 

1-жүргізуші:

 Қәзіргі кезде «Айтамын десең өзің біл» ән жинағы мен «Айдай әсем Мақтаралым» (2003), «Ақ алтынды ауылым», «Алпысқа келді бір ақын», "Сағыныш саздары"  атты  жыр жинақтарының авторы.Шығармалары аудандық, облыстық,Республикалық басылымдарда жарық көрді.

2-жүргізуші:

Жанарында жұлдыз жанып тұрады, 

Қарап тұрған мылқауларды сөйлеткен.

Көрерменнің көңілінен шығады,

Мың бұралған бишілердің өнері. 

Мың бұралған бишілерді қошеметпен қарсы алайық.  "Мырзакент" гимназия мектебінің "Самғау" би тобы. "Қазақ биі".

1-жүргізуші:

Дәл осылай бұлқынып бастау керек,

Бұл өмірді ақыры бастағасын.

Өмір қызық бола ма туған жерге,

Бойыңдағы барыңды шашпағасын, -деп ақын жырлағандай қазақ  өлең-сөздің қадір қасиетін қашан да болсын қастерлеген ғой. Өлең десе ішкен асын жерге қоятын, өлеңді өмір деп білген, өмірін өлеңмен өрген, жүрегін жырмен жарыстырған ақынның жүрегінен жарып шыққан, жырларынан сусындап өскен, рухани күш алатын, табиғаттың өзі тартқан ерекше талант иесінің туындыларына  кезек берейік.  

2 "Г" сынып оқушылары

1. Эшанқұл Аружан "Ана".

2.Сауытбай Азамат "Несібе".

3. Мейрамбек Жансая "Отан".

4.Марат Нұрдәулет "Батыр керек қашанда".

5.Өтеш Аружан "Тәуелсіз туым менің".

6. Мейрамбек  Жансая  "Туған жерім тұғырым".

2-жүргізуші:

 Қазақ өнер десе абыройы асып,мерейі өсетініне өне бойына  ән-жырды дарытып, ән әлемінде киелі домбырасы қолынан түспеген,  ән қанатында қалықтаған  ақынның бірі Мұхтар Құраловпен кездесіп отыруымыздың өзі бір мереке емес пе? Ендеше бүгінгі мерекеміз құтты болсын! Әрқашан мерекелік көңіл болсын! Кеудеміз күмбірлеген жырға, құшағымыз шаттыкка тола берсін!

Ән: « Алтынай» орындайтын "Мырзакент" мектеп гимназиясының музыка пәнінің мұғалімі Манапова Айымкүл.

1-жүргізуші:

Әдебиет дейтін ұлы керуеннің көшіне тек інжу-маржан, ой, рухани жиһаз тиеген,әнімен елді тамсандырған  ақынның бірі-Мұхтар Құралов еді. 2009 жылы Алматы қаласында Республика сарайында "Айдай әсем Мақтааралым" атты жеке шығармашылық концертін қойды. Концертке Қазақстанға еңбек сіңірген әртістер Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағанбетова, әнші Алма Аманжолова, Роза Әлқожа, "Жалын" тобы және тағы да басқа әншілер әндерін орындады.  

2-жүргізуші:

2010 жылы Астана қаласында Конгресс-Холл сарайында "Бұлқынды жүрек" атты жеке шығармашылық концертін берді. Концертте "Аламан" тобы, Досымжан Таңатаров, Нұрғали Тұрлыбеков тағы басқа әншілер  ән шырқады.

2011 жылы тағыда Астана қаласында Конгресс-Холл сарайында "Көгілдір туым - тәуелсіздігім ән жырым" атты жеке шығармашылық концертін берді.

Шымкент қаласы, Достық сарайында бірнеше рет жеке концерттерін қойды.

1-жүргізуші:

Мың бұралып, сахнада тамсандырып, 

Би билеңдер босатылып бар жүктен.

Көрерменді өте ыстық қарсы алдырып, 

Шапалақтап жібереді зал біткен."Көңілі гүлдің - өмірі нұр"-  деп Мұхтар аға айтқандай, көңілімізді бір сергітіп , жүзімізді нұрға толтырайық. "Мырзакент" гимназия мектебінің "Самғау" би тобының орындауында "Тауыс биі".

2-жүргізуші:

Табыстарым күн сайын биіктеген, 

Заңғар көкке жүреді тиіп төбем.

Қиыны мен қызығы араласқан, 

Мен өмірді осылай сүйіп келем,

Солай-солай,бұл өмір,солай екен,

Мыс дегенің бір кезде қалайы екен.

Сары алтын деп салмақтап жүргендердің,

Салмақсызы көбейді,қалай етем,-деп өнерді сүйген, ақынның туған жерге арналған сағыныш, поэзия хақында айтылған сырлы сөздерін, адамның жүрегіне нұр сыйлайтын, өмір жайындағы философиялық ой-толғамдары, нәзік сезімге бойлайтын әндері, өлеңдері өз жырында баяндап кетті. Ақын ағаның киелі өнерді қадірлей білген, ұлты, тілін ұлықтаған өнеріне кезек берейік.

9 "Г" сынып оқушылары

1.Құттыбекова Нұрбану "Сана"

2.Әшім Айша "Ой берген құдай ойла деп"

3.Әділ Айдана "Өмірдің көбі кетіп, азы қалды"

4. Раушанбек Самал "Сыр"

1-жүргізуші:

         Ең алғаш айтыс сахнасында жүріп Жамбыл Жабаевтың немересі Әлімқұл Жамбыловпен, Манап Көкеновтың баласы, Әбдікерім Манаповпен,  Қызылордалық ақын Бекұзақпен, Талдықорғандық айтыскер ақын, Айтақын Бұлғақовпен  айтысқа шығып, биік белестерді бағындырды. Оралдық ақын Шолпан Қыдырниязовамен финалда айтысып, ең алғашқы ақбоз атты жеңіп алды. От  ауызды, орақ тілді ақтаңгер айтыскер ақынға деген елінің құрметі ерекше.Талай дүбірлі додада бас жүлденің иесі атанып, 1978-1994 жылдар аралығында аудандық, облыстық, Республикалық айтыстарға қатысып,бірнеше рет жүлдегер, жеңімпаз атанды. 1990 жылы Ақтөбеде өткен Республикалық айтыста бас жүлде иеленді.

2-жүргізуші:

Айтыскерлік қабілеті мен ақындық өнерімен қоса қаламды серік еткен, сазгерлік дарынымен жаңадан шығарған отыз әнмен қоса, сертификатталған отыз төрт әннің авторы. Өмірде болатын кездесетін әр алуан әсерлер, адам басынан өтетін оқиғалар, түрлі мазмұнды тамаша әндердің шығуына себеп болды. Ішінде қыз-қыз қайнаған әлдене бір күндері ән болып төгілді. 1995 жылы бір айда 15 ән шығарылды. Соның ішінде сөзін де, әнін де өзі жазып, Тәуелсіздігімізге арналған «Бұлқынды жүрек», лирикалық мазмұндағы «Ақ тілек», «Алтынай» «Шырайлым» секілді тағы басқада әндерін жұрт жылы қабылдады. «Әні бардың — сәні бар» дейді халық даналығы. Мұхтар ағаның ақындығымен қатар, махаббатпен  ұлтын сүюге арналған әндері де баршылық.

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы әнмен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй.

Дүние ойдан шығады

Өзімді - өзім ұмытып.

Көңілім әнді ұғады,

Жүрегім бойды жылытып,-деп Абайша айтқандай, жүрегімізді бір жылытып алайықшы. Ән: «Ақ тілек» орындайтын "Мырзакент" мектеп гимназиясының информатика пәнінің мұғалімі Дәулетбек Ахметжан және биология  пәнінің мұғалімі Тобақабылова Әсем.

1-жүргізуші:

Қамықпа тіпті қалды деп малың, егісің,

Ақынға айтар көбі сын.

Қайғырып жүріп бір шумақ жазсам жеңісім,

Түсінгін, сүйсең мені шын.

Табиғат алақан аялап өсірген ақын аға жүрегінде поэзия сазы ерте дүрсіл қаққаны сөзсіз. Ақын ағаның туындыларының басты тақырыбы: Отанды сүюге, тәрбиеге, өнерге, білімге, сыйластыққа үндейді. Туған жердің көркеюі мен келісті келбеті көрікті жырларына арқау болды. Тілге деген ізет, құрметті ақын ағаның өлеңдерінде өрнектелген. Мұхтар ағаның жыр жолдарын ұсынамыз. 7 "Г" сынып оқушылары 

1.Лахан Ғайсана "Бұл дүниенің белгісі"

2.Әбді Дариға "Өмірдің көбі кетіп, азы қалды"

3.Ешанқұл Аяжан "Әнұран"

4.Аханаева Эльвира "Мәселе көп бітпейтін"

5.Өмеш Ақбота "Мырзакент"

6. Сүттібаева Салтанат "Мәре"

7.Әнуарбек Құралай "Тәуелсіздік тұғырым"

8.Айдарханова Аяулым "Ту"

9. Минджарасова Жанерке "Халық әні"

1-жүргізуші:

Сол баяғы өз аспаның, өз елің,

Өз еліңде келді сөйлер кезегің.

Сол кішкентай Қарасаздан басталған,

Теңіз болды сенің өмір өзенің.

2-жүргізуші:

Өмір жайлы, өзің жайлы, ел жайлы,

Әлі талай келер ұрпақ толғайды. 

Туған күні тойланған шын ақынның,

Өлеңін еш ұмытуға болмайды.

 Мектебімізде шығармашыл шәкірттеріміз де жетерлік. Оқушыларымыз өлеңдерінен ой түйерлік дүниені жүрегіне жақын тартып, жыр жинаққа айналдырып, болмысын жоғалтпайтындай етіп, ақын ағаның өлеңдерін үлгі тұта, құрметтей отырып, ұстаздарымыз бен шәкірттеріміздің Мұхтар ағаға деген өз лебіздерін,өз шығармаларынан өрнектеген  өлең жолдарына кезек берейік.

 11 "Г" сынып Муғражова Самал "Мұхтар ағаға арнау"

11 "Г" сынып Қуан Жасмин "Арнау"

10 "Г" сынып Шекербекова Ұлбосын "Ақын аға"

"Мырзакент" мектеп гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Абилова Клара "Ақын ағаға арнау".

2-жүргізуші:

Еңбек пен өнерді қатар ала жүріп, гастролдік сапарларға барып өнер көрсетіп жүрді. 2007 жылы ақын-сазгер Мұхтар Құраловтың мерей тойына сәйкес "Бұлқынды жүрек"  облыстық байқаулар өткізілді.

Қанша адам арманына ұмтылды, 

Қанша жүрек құштарлықпен бұлқынды. 

Құрмет тұтып ерліктерін  әрдайым,

Ұмытылу мүмкін емес бұл күнді. Ақын үшін жүрегінің бұлқынғаны да өлең.Әуен жан дүниеңді шаттыққа бөлеп, мұң-зарын сейілтіп жаныңды жадыратады емес пе?Мұхтар Әуезов атамыз айтқандай, «Әнге әуес,күйге құмар бала,жаны сұлу өмірге ғашық болып өседі» Әуен-адам өмірінің серігі.Өнердің жібін өріп тілдескен,жаны  әуенмен жағалай үндескен,әуенді жанының серігі етіп,музыка әлемінен бой түзеген  сөзін де,әнін де,өзі жазған Мұхтар ағаның бір әніне кезек берсек.

Ән: «Бұлқынды жүрек» орындайтын Мырзакент мектеп гимназиясының 7 «г» сынып оқушысы Келденбаева Гүлсара.

Наградалары мен марапаттары.

1. "Ауданның құрметті азаматы" медалімен

2. 2011 жылғы" Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл" мерекелік медалімен

3. "Облысқа сіңірген еңбегі үшін" медалімен

4. 2016 жылғы "Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов" медалімен

5.Ақын Әлібек Мейірбекұлы сыйлығының иегері

6. 2016 жылғы" Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 25 жыл" мерекелік медалімен

7. 2017 жылғы Мәдениет және өнер саласында еңбек еткен "Елеулі еңбегі үшін" медалімен

8. 2018 жылғы "Ауданның сыйлы азаматы" төсбелгісімен марапатталды.

1-жүргізуші:

Қуанышты жанымен құлай ұққан,

Мұңы да бар өзіне лайықты.

Бұл Мұхтар да өлеңнен кенде емес,

Кей-кейде сөз беріп тұрайықшы,-дегендей өлең - өмір, өлең - сезім дей тұра өмір құбылысын жүрек дүрсілімен өрмектеген, оқырманның жүрегінен орын алған, ақын ағаның өзі жайлы тұйық тереңге ой салған өнегелі сөздері мен сырлы әңгімелерін, сиясы кеппеген өлеңдері мен әндерін тыңдау үшін ақын ағаның өзіне кезек берейік.

Мұхтар аға өз шығармаларынан бірнеше өлеңдерінен оқып,күмбірлетіп әсем әуезді бірнеше әндерін орындап,мектебіміздің ұстаздарына,жауқар жырдан шашу шашқан талантты  оқушыларға алғыс білдіріп,биік белестерді бағындыруына білім мен аянбай еңбек ету керектігін айтып, шығармашылық табыс тіледі.

 2-жүргізуші:

Қалықтап махаббаттың аспанда әні, 

Жайылып думан - тойдың дастарханы.

Қуанышпен құттықтаймыз бүгін біздер,

Бақытты ғұмыр кешсінші деп ақын жанын.

 

Құрметті Мұхтар аға, осы қошемет, құрмет, ізгі тілектердің барлығы өзіңізге арналады. Қабыл алыңыз.

1-жүргізуші:

Ақын ағаның өлеңдерін, әндерін сүйсіне тыңдадық, біршама шығармашылығынан ой түйдік. Енді келесі кезекті көрермендерімізге кезек берейік. Ақын ағаға сұрақтарыңыз болса, оқушылар толғандырып жүрген өз ойларындағы сұрақтарын қояды.

2-жүргізуші:

 Ақтаңгер айтыскер ақын, сазгер Мұхтар Құраловтың шығармашылығына арналған "Ақын әлемінің-әсем үні" атты әдеби кешіміз өз мәресіне  жетті.
Құрметті Мұхтар аға, біз үшін уақыт тауып, әңгімелесіп, сұрақтарымызға жауап бергеніңізге мың алғыс! Жүз жасаңыз аға! Бүгін сізбен болған мектептің өнеріңізді сүйген,шығармашылығын құрметтей білген өнер сүйер шәкірттеріңіге батаңызды беріп кетсеңіз, нұр үстіне нұр болар еді.

 

1-жүргізуші: Халқы сүйген қаламгер биыл 5-ші қаңтарда 72 жасқа толды.Ақынға деген шығармашыл оқушылардың ризашылығы шексіз,рухты жырлары мен әндеріне сусындап мерейлері асты.Сөз кезегін мектебіміздің директоры Шағдаров Абдімәлік ағай  сөз сөйлеп,қаншама патриотты өлеңдер мен керемет әндердің иегері атанған ақын ағаға деген ізгі ниеті мен ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыстар тілеп, бүгінгі мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтады.Мектебіміздің талантты оқушыларына шығармашылық жетістіктер мен өнерді құрметтеуіне аладағы күндерде озат оқуларына тілек білдірді.Бүгінгі кешімізде қонақта болған «Мақтаарал тынысы» газетінің тілшісі Исмайлова Ұлжанат апай,тәрбие ісі бойыншы орынбасар Тәжібаева  Бибінұр апай мен мектебіміздің музыка пәнінің мұғалімі Манапова Айымгүл апайлар ағаға деген өз лебіздерін білдіріп,ұшқыр қаламына шығармашылық табыстар тілеп,мерей тойымен құттықтап,өткізіліп жатқан әдеби кештің ұйымдастырушыларына өз алғыстарын айтып өтті. 

Осындай ақындарымыздың шығармашылығы арқылы өмірдің қиын да қызық асуларына толық көз жеткізуге болады. Ақын шығармашылығы өз бояуын жоғалтпайтын, тек биік шыңдарды бағындыратын туындылар екендігі хақ. Ақындығы мен азаматтығын тең ұстайтын, қазақ поэзиясында өзіндік орын алған, сазгерлік өнерімен дараланған, өзіндік тұрғыдан тұлғалық қасиетті қалыптастырған,Мұхтар ағаның шығармашылық өлеңдері мен әндері мәңгілік елмен бірге мәңгі жасайтынына, осындай дарынды ақыны бар қазақ халқы шын бақытты халық деп бүгінгі кешімізді аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға рахмет!

Кездесуге келгендер ақын ағаның өрнекті жырларына сусындап, әндерін сүйсіне тыңдап,поэзия құдіретінің қыр-сырына қанықты. Өлеңдері оқылып, жүрекке жылы әндері орындалып, жиналған көпшіліктің көңілінде керемет әсер қалдырды. Мектеп ұстаздары мен оқушылары ақынға бағындырар толағай табыстар мен әлі де болса шығармашылықтың биік шыңына жетуіне тілектестік білдіріп,Мұхтар ағаның шығармашылық өлеңдері мен әндері мәңгілік елмен бірге мәңгі жасайтынына көңілдеріне сенім ұялап,ақын ағаның қолынан естелік ретінде қолтаңбалар алды. Осындай кездесулердің жастарға берер тәрбиесі зор екенін, өсіп келе жатқан әлі біздің талай таланттарымыздың шығатынына, таңдай қақтыратынына кәміл сенімдіміз.Ақынның өнерін тамашалауға келген көрермендер,қонақтар көңілдерін бір селпінтіп, ақынға өз ризашылығын білдірді. Ақын иығына шапан жапты.

 

Абилова Клара Үмбеталықызы

№ 1 Мырзаккент мектеп-гимназиясының
қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі 
Түркістан облысы
Мақтаарал ауданы
04 ақпан 2019 г. 14 569 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 004 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 800 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930