Семейде колледж түлектері үшін бос орындар жәрмеңкесі өткізілді
Семейде "Серпін-2050" бағдарламасы бойынша оқитын колледж түлектерін жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында бос орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды "EDUNEWS.KZ" ақпараттық агенттігі "ҚазАқпаратқа" сілтеме жасап.
Нəтижесінде 60 түлекпен үш жақты келісімге қол қойылды. Бүгінде аталмыш бағдарлама бойынша Шығыс Қазақстан облысының техникалық және кәсіптік білім беретін 10 оқу орнында 507 студент білім алады. Жәрмеңке барысында құрылыс, көлік және "InnovativeCollege" оқу орындарының 60 түлегімен үш жақты келісімге қол қойылды. Биыл облыс бойынша 208 түлек "Серпін - 2050" бағдарламасы бойынша оқу орындарын аяқтайды.Сондай-ақ серпіншілер "Еңбек" деп аталатын "2017-2021 жылдарға арналған Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік" бағдарламасына қатыса алады.
Осы арқылы мемлекеттен көшуге және тұрғын үйді жалға алуға субсидия түрінде көмек ала алады. Айта кетейік, "Серпін-2050" мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанда 2014 жылы іске қосылған болатын. Ол еліміздің оңтүстігіндегі жастарды кадрлар тапшылығы байқалып отырған өңірлерде оқытуға және жұмысқа орналастыруға көмектеседі.
Дереккөз: "EDUNEWS.KZ" ақпараттық агенттігі.