» » ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ

ҚАРТТАРҒА ҚҰРМЕТ – БАРШАҒА МІНДЕТ

Жуырда Нұр-Сұлтан қаласындағы Халықаралық мектепте «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы аясында тыл ардагері Қаншайым Абдраимовамен кездесу өтті. Мазмұнды кездесуге мектебіміздің педагог-ұйымдастырушы-кураторлары мен зияткер оқушылары қатысты.  

Ел басына күн туған қаһарлы күндерде қолына қару алып Отан қорғауға аттанған миллиондаған азаматтардың қатарында мектепті бітірер-бітірместен еңбекке ерте араласқан өрімдей жастар да болды.  Отан үшін жан алысып-жан беріскен майдангерлерден бөлек, елде ерен еңбектің үлгісін көрсеткен тыл ардагерлерін де атап өтпеске болмас. Солардың бірі де бірегейі - Қаншайым Абдраимова. 

Ол 1931 жылы Ақмола облысының Атбасар қаласында дүниеге келген. Сұрапыл соғыс басталған тұста небары тоғыз жаста болған бала Қаншайым  қажырлы еңбек ортасына араласады. ҰОС басталған бірінші күннен-ақ жастығына қарамастан тылда еңбек етеді. Соғыстан соң бірнеше жылдардан кейін Қаншайым Абдраимова өз өмірін педагогика ісіне арнайды. Ғұмырын ұрпақ тәрбиелеумен ұштастырған ғазиз жан бүгінде тоқсан жасты еңсеріп отыр.

Кездесу барысында Қаншайым Абдраимова қиын-қыстау кезеңдердегі естеліктерімен бөлісіп, оқушыларға тарихи әңгімелер айтып берді. Қаншайым әжей егде тартқан шағына қарамастан күні бүгінге дейін құрақ көрпешелер тігіп, қолынан ине-жібін тастамайды екен. Бос уақытында газет-журнал оқып, елдегі жаңалықтардан хабардар болып отырады.

Қаншайым әжейдің әңгімесін зейін қойып тыңдаған оқушылар, қадірлі қонағымызға әннен шашу шашып, домбыраның қоңыр үнінен күй төкті. Әжеймен бірге қолөнердің қыр-сырын меңгеріп, шеберлік сабағын өткізді. Өздерін қызықтырған сұрақтарына жауап алып, соғыс жылдарындағы деректермен танысты.

Тағылымы мол кездесу аясында мектеп қауымдастығы тыл ардагері Қаншайым Абдраимованы ақ дастарханға шақырып, қарт ананың батасын алды.

– Ел ертеңі сендерсіңдер балалар!  Қиялдарың ұшқыр болып, қанаттарың талмасын оқу жылы толағай табыстарға, жаңалықтарға толы болсын! Бүгінгі жастар ілім-білім жинауға қашан да асығып, тәуелсіз еліміздің игілігі жолында білімдерін ел кәдесіне жаратып, болашақта озық ойлы, өрісі кең, өрелі азаматтары болуы қажет, – дейді қарт ана.

Біз де өз тарапымыздан Қаншайым әжейге баянды бақыт, мәнді өмір, зор денсаулық пен амандық тілейміз. Бүгінде осы күнге жетуіміздің себепшілері болған ардагерлеріміз бен қарттарымызды әрқашан қадірлеп, құрметтеп жүрейік!


  
02 наурыз 2020 г. 6 046 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 266 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 625 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031