» » Қазақ әдебиеті антологиясының орыс тіліндегі нұсқасын Мәскеу мемуниверситеті шығармақ

Қазақ әдебиеті антологиясының орыс тіліндегі нұсқасын Мәскеу мемуниверситеті шығармақ

 16 қазанда Мәскеуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі Ұлттық комиссия мен «Жаһандану әлеміндегі  заманауи қазақстандық мәдениет» жобасының ресейлік серіктесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды "Edunews.kz" AA inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Нақтырақ айтсақ, «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы» мен «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясын» орыс тіліне аударып, басып шығаруға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі, сондай-ақ Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы атсалысады.

 Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің  үздік үлгілері жинағын БҰҰ-ның 6 тіліне аудару Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқаны мәлім. Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі -  «Жаһандану әлеміндегі заманауи қазақстандық мәдениет». Оның мақсаты - заманауи қазақ әдебиетінің, музыкасы мен бейнелеу өнерінің жауһарларын,  кино мен театр, хореография саласының тәуелсіздік жылдарындағы табыстарын дүние жүзіне таныстыру.

Меморандумға қол қою рәсімі Қазақстанның Ресейдегі елшілігінде, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі И.Н.Тасмағамбетов пен «Ұлттық аударма бюросының» директоры Р. Кенжеханұлының қатысуымен өтті.  Қазақстан тарапынан меморандумға «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі ұлттық комиссияның хатшысы Аида Балаева қол қойды.

 Рәсім барысында А.Балаева:

-Қазақстанның бұрыннан сенімді серіктігі, әріптесі Мәскеу мемлекеттік университеті мен Ресей жазушылар қауымының орталық аймақтағы ірі ұйымының мол тәжірибесі мен жоғары беделінің арқасында жобамыздың сәтті жүзеге асатынына, яғни қазақ әдебиетінің орыс тіліне аудармасының сапасы жоғары болатынына әрі басылым орыстілді кеңістікте кең таралатынына  сенімдімін, -  деп жылы лебізін білдірді.

 Өз кезегінде Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы баспа үйінің директоры Александр Веракса университет баспасы жобаның сәтті  жүзеге асуына  оқу орнының талай жылғы тәжірибесіне арқа сүйеп бар күштерін салатынын жеткізді. Ал, Ресей Жазушылар одағы Мәскеу қалалық ұйымының төрағасы Владимир Бояринов аударманы  антологияға дайындау барысы Қазақстан мен Ресей қаламгерлері арасына алтын арқау болып, өзара мәдени ықпалдастыққа оң әсерін тигезетініне үміті зор екенін айтты.

Меморандумда көрсетілген ынтымақтастық аясында Ресей Жазушылар одағының Мәскеу қалалық ұйымы әдеби жинақтарға сұрыпталған шығармалардың көркем аудармасымен және оны редакциялаумен айналысады. Ал, Мәскеу мемлекеттік университетінің баспа үйі антологияны басып шығаруды, сондай-ақ оның орыстілді оқырмандарға таратуды, насихаттауды  ұйымдастырады.

Жоба туралы айта кеткен жөн. Қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің жауһарларын БҰҰ-ның 6-тіліне (ағылшын, араб, испан, қытай, орыс, француз тілдері) аудару «Жаһандану әлеміндегі қазақстандық мәдениет» жобасы аясында қолға алынып отыр.  Жоба, өз кезегінде, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының  ауқымды бағыттарының бірі саналады.

Жобаның мақсаты - дүние жүзіне  әдебиет, музыка, бейнелеу өнері, хореография, кино және театр салаларындағы тәуелсіздік жылдары қол жеткізген жетістіктерімізді таныстырып, мейлінше кең насихаттау. Қазіргі қазақ әдебиетінің қос антологиясын даярлау бойынша ұйымдастыру жұмыстары әлдеқашан басталып кетті.  Олардың біреуі - «Қазіргі қазақ прозасының антологиясы», екіншісі - «Қазіргі қазақ поэзиясының антологиясы» деп аталады. Әр антологияның көлемі - шамамен 600 бет. Әрқайсысына 30 автордан енеді.  Антологияның мазмұны мен құрылымы Қазақстан Жазушылар одағында өткен арнайы мәжілісте бекітілген.

 Бүгінгі таңда жобаның барлық басты серіктестерімен келіссөздер аяқталып келеді. Мысалы,  басылымның ағылшын тіліндегі нұсқасын әзірлеуге  Кэмбридж университетінің баспасы, испан тіліндегісіне - Испанияның мәдениет министрлігі және Сервантес институты,  француз тіліндегісіне - Париж мэриясы мен Францияның Ұлттық кітап орталығы қатысады. Ал қытай тіліндегі нұсқасы даярлауға  ҚХР Ұлттар баспасы атсалысады. 


16 қазан 2018 г. 1 740 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 14 996 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 797 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930