» » «ӨРЛЕУ» - ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ ОРДАСЫ

«ӨРЛЕУ» - ЖАҢАШЫЛДЫҚТЫҢ ОРДАСЫ

Қазіргі қоғамның мұғалімге артар жүгі зор. Себебі мұғалім, ұлы ағартушымыз Ы.Алтынсарин айтқандай, ең алдымен, мектептің жүрегі, баланың тәрбиешісі, ақылшысы, сыншысы және дәл қазіргі уақытта жаңалықтың үлгісін көрсететін адам. Ал жаңашыл идеялар мен мақсат-міндеттерді қоя білуді үйрететін орындардың бірі де бірегейі – «Өрлеу» біліктілікті арттырудың Ұлттық Орталығы. Орталықта мұғалімдердің дүниетанымын кеңейтіп, біліктілігін арттыруға септігін тигізетін түрлі курстар ұйымдастырылуда.

Шымкент қаласындағы аталған орталықта 2019 жылдың 8 сәуірі мен 3 мамыры аралығында «Қазақстан Республикасының орта білім мазмұнын жаңарту шеңберінде қазақ тілді емес мектептердегі «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәні бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курсы» өткізілді. Курс тренері Кужимова Жаңагүл Турабекқызы болды. Курсқа келген бірінші күннен бастап-ақ жаңартылған білім бағдарламасының ерекшелігіне тоқталып, ойымызды ортаға салдық. Дәстүрлі білім беру мен жаңартылған білім мазмұнын талқылап, мысалдар келтіре отырып, жаңартылған білім берудің артықшылығын тренердің нақты дәлелдері арқылы білдік.

Қазақ тілді емес мектептердегі қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың өзіндік ерекшелігі бар. Өзге ұлт балаларына тіліміздің байлығын, орамдылығын, түрлі синонимдері мен фразеологизмдерін үйрету, жалпы қазақша сөйлеуге үйрету оңай емес екені анық. Курс барысында бес тілдік дағды – тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым, әдеби тілдік бағдар арқылы үйретудің тиімді жолдарын, әдістерін үйрендік. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен қысқа мерзімді жоспар жасау үшін оқу мақсатын қалай таңдауымыз керек, қай әдістер тиімді, сабақта балаларға тиімді тілдік орта қалыптастыру үшін таңдаған стратегияларымыз қандай болу керек – міне, осы сұрақтардың барлығына жауап таптық. Тренер Ж.Т.Кужимованың нұсқауымен, түсіндіруімен тілдік дағдылардың әрқайсысына лайықты топтық, жұптық, жеке жұмыстарды орындадық. Сабақ басында балаларға жағымды атмосфера орнату үшін «Шаттық шеңбері», «Екі өтірік, бір шындық», «Жүректен жүрекке», «Шаңырақ», «Киіз үй» әдістері тиімді болатынын көрдік. Ал сабақтың тақырыбына сай оқу мақсаттарына жету үшін «РАФТ», «Оқиға тауы», «Хикая картасы», «Сәлемдеме жіберіңіз», «Өз миыңды суретте», «Әріптестер», «Жылдам дебат», т.б. көптеген әдістердің тиімді болатынын іс жүзінде қолданып, ықшам сабақтарды өту кезінде тәжірибеде іске асырдық. Тиімді кері байланыс жасауды, тапсырмаларды зерделеу арқылы бағалау мен дескриптор құруды үйрендік.    

Тыңдаушы ретінде мұғалім тек білім беретін адам ғана емес, әр үйдің бір-бір шамшырағын, балалардың бойындағы дара қабілеттерін анықтайтын жан-жақты тұлға болу керектігін осы курс арқылы ұғындым. Осы ретте жаңартылған білім мазмұнының мақсат-міндеттерімен таныстырып, түрлі стратегияларды үйреткен курс тренері Жаңагүл Турабекқызына алғысымды айтамын.

«Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп хакім Абай айтқандай, біздің ендігі міндетіміз – курста алған білімдерімізді өз мектебімізге көрсету, іс-тәжірибеде қолдану.


Автор: Умарова Гулнур Кадырбековна

№5 мектеп-гимназиясының

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі 

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Леңгір қаласы


Дереккөз: "EDUNEWS.KZ" ақпарат агенттігі
23 желтоксан 2019 г. 36 257 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 227 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 613 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031