» » Ұстаздар күні мерекесінің шығу тарихы

Ұстаздар күні мерекесінің шығу тарихы

Педагог - Ежелгі Грекияда байдың баласына ақыл-кеңесін айтып жетектеп жүретін, қолөнер мен соғысу тәсілдеріне үйрететін қызметшінің атауы. Баланың мектепке бару-келуі мен қауіпсіздігіне де жауап берген. Содан бері көп дүние өзгерді. Бірақ, білім жүйесін жетелеп келе жатырған ұстаздардың арқасында адамзат алға ұмтылумен келеді. 

Ғылым-білімнің негізін қалауда, адамның дүниеге көзқарасының қалыптасуына, мәдениет пен өркениеттің дамуына үлкен үлес қосып жүрген мұғалімдердің еңбегі екені баршаға аян.

Ұстаздарға арналған атаулы күннің шығу тарихы да қызық. 1965 жылы 29 қыркүйекте Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес Президиумы Жарлығымен мұғалімдер күні қазан айының алғашқы жексенбісі деп бекітілді. Ұстаздар күнінің әлемдік деңгейде аталып өтуіне мұрындық болған Біріккен Ұлттар Ұйымы. Бұл күнге 1966 жыл 5 қазанда Парижде өткен мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция тарихи негіз салды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды (Recommendation concerning the Status of Teachers). 1994 жылы ЮНЕСКО ұсынысымен 5 қазан – Бүкіләлемдік мұғалімдер күні (World Teachers’ Day) деп жарияланды. Содан бастап 5 қазан - мұғалімдер, оқытушылар және білім саласында еңбек етіп жүрген барлық қызметкерлердің Дүниежүзілік күні.


Қазір әлемде ұстаздар күні жүзден астам елде аталып өтеді. БҰҰ бұл күні мынадай нәрселерге жете назар аударып, мықтап ойлануға шақырады: сіздің өміріңізді жақсы бағытқа өзгерткен ұстаздарыңыз туралы; білім саласы қызметкерлері үшін бөлінетін бюджет мөлшері туралы; мұғалімдер алаңсыз жұмыс жасау үшін еңбек жағдайын жақсарту туралы; ардагер ұстаздар үшін зейнетке шығу жасын төмендету туралы; мұғалімдер өз жұмыс орнында алатын моралдық-психологиялық қысымды азайту және т.б. БҰҰ шешіміне мән бермей, өз білгендерімен жүрген елдер де баршылық. Мысалы, Албания 8 наурыз, Солтүстік Корея 9 мамыр, Оңтүстік Корея 15 мамыр, Австралия қазан айының соңғы жұма күні, Вьетнам 20 қараша, Үндістан 5 қыркүйек, Қытай 10 қыркүйек, Аргентина 11 қыркүйек, Тайвань 28 қыркүйек (Конфуцидің туған күні), Польша 14 қазан, Бразилия 15 қазан, Түркия 24 қараша күндерін белгілеген. Әр елдің өздері үшін құрметті тұлғаның туған күні немесе маңызды оқиғасы бар.Италия мемлекеті кемінде 12 жыл мұғалім болған азаматтарын «мемлекет пен ұрпақ үшін еңбек етті, психикасына салмақ түсіруге болмайды» деген желеумен өте жауапты шаруалардан босатқан көрінеді.


1994 жылдан бастап Ресей, Әзірбайжан, Қырғызстан, Молдова, Армения және Эстония 5 қазанға көшті. Өзбекстан өз ұстаздарына 1 қазан күнін басыбайлы бекітіп бергенімен қоймай, демалыс күні деп жариялап тастады. Қазақстан және Белорусь, Латвия, Украина мұғалімдер күнін қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтеді.


Қауырт шаруамен жүрген барлық адам күнтізбені бақылап отырмайды. Өткен аптада Жұбанов университетінің белсенді студенттері қызық шара өткізді. Сабақтан шыққан соң үйлеріне қайтар жолда әртүрлі бағыттағы автобустарға мінген жастар Ә.Еспаевтың «Ұстазым менің» әнін орындап, көліктегі жолаушыларға «Өз ұстазыңды құттықта!» деген флаерлар таратты. Апта бойы жалғасқан акция жолаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, өз мұғалімдерін естеріне түсіргені кәміл. Сондай ақ, университет ұжымы мен студенттерін толық қамтыған әлеуметтік шара «Ұстазым, мерекеңізбен!» деп аталды. Қалаған адам бейнекамера алдына тұра қалып, санасында жатталып қалған мұғалімін бір минут құттықтауға мүмкіндік алды. Бейнежазба сол жердегі экран мен оқу орнының сайтында тәулік бойы көрсетілді. Құттықтаудың басым бөлігі бастауыш және орта буында сабақ берген мектеп мұғалімдерге, әртүрлі пән оқытушыларына, кураторлар мен ғылыми жетекшілерге арналды.


Әл-Фараби бабамыз «Бір әріп үйреткен ұстазға қырық жыл қызмет қылсаң да артық емес» деп оныншы ғасырда ақ бәрін айтып тастапты. Оған «Мектептің жүрегі - мұғалім» деген Ыбырай ұстаздың айтқанын қосыңыз. Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр - мұғалімдікі. Әрбір елдің келешегі мектебіне байланысты» дейді. «Темір канцлер» атанған Отто фон Бисмарк «Мектеп салуға ақша аяған мемлекет - түрме салуға мәжбүр болады» депті. «Бүкіл бейнет пен ауырлық тек қана мұғалімдердің басында» деуден аулақпыз. Қарулы күштер мен құқық қорғау саласы қызметкерлері, дәрігерлер мен медбикелер де уақытпен санаспай еңбек етіп жүр. Тәулігіне он алты сағатқа дейін жұмыстан қолы босамайтын мемлекеттік қызметтегі кісілерді да көріп жүрміз. Дегенмен, білімнің нәрі мен ғылымның шыңына жетелейтін, адамгершілік пен патриотизмге баулитын, өнер мен тәрбиені санаға құятын мұғалімдердің еңбегін барлық халықтың мойындайтыны анық.

Білім саласында қызмет жасаған барлық ардагер ұстаздарды, мұғалімдер мен оқытушыларды кәсіби мерекесімен шын жүректен құттықтаймыз.

Дереккөз: Baq.kz

04 қазан 2018 г. 5 096 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 007 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 801 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930