Ұстаз – ұлы есім
М.Әуезовтың «Ұстаз – ұлы есім» деген сөзі бүгінгі таңда шындыққа айналғандай. Білім саласындағы жаңа реформаларға байланысты мұғалімнің қоғамдағы орны нақтыланып, шынайы үлкен бағаға ие болып отыр. Бір сөзбен айтқанда, ұлт ұрпағын тәрбиелеудегі мұғалімнің рөлі анықталды, атына сай құрметке ие болды. Бұл- әрине, қуантарлық жағдай. Балалармен жұмыс жасау, олардың көздерінен шынайы мейірімді, ұстазына деген махаббаты сезіну неткен бақыт десеңізші! Дегенмен, айтып өтер жайт, мұғалім еңбегі бағалансын, мейлі бағаланбасын онымен санасқан мұғалім болған емес. Себебі Ыбырайша айтсам, «Мұғалім – мектептің жүрегі» бола білді. Оны үлкен шыңдарға жетелеген – тек шәкіртіне деген махаббаты болатын. Осындай ауыр, сан соқпағы мен жеңісі қатар жүретін ұлы істе жаныма жақын бір адам болды. Негізі біз «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген мақалды санамызға әбден сіңірген халықпыз. Осы мақалға «сол кеменің капитаны – мектеп директоры» деген жолдарды үстемелегім келіп отыр.
Жүсіп Баласағұни «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады» деген екен. Сондықтан мектеп басшысы Рахымбаева Алия Сыздыққызын мен әуелі жақсы адам ретінде таныдым. Жүрегін білім нұрына билеткен Шығанақ орта мектебінің кіл ардағы, мектебіміздің шырағданы Рахымбаева Алия Сыздыққызы 1965 жылы 21 қаңтарда Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Буру-Байтал кентінде дүниеге келген. 1996 жылы Шығанақ орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып қызметін атқарды. 2000 жылы директордың оқу-ісінің орынбасары міндеті жүктеліп, 2013 жылдан бастап Шығанақ орта мектебінің директоры қызметіне тағайындалды. Ұстаздық жолында білімді теңіздің толқынындай өлшеусіз ұштастырып, шоқтығы биік мамандықтың мәртебесін көтеруде. Алия Сыздыққызы әрбір болашақ тұлғаның жүрегіндегі шырақты жағып, білім дәніне құмарлық танытқан шәкірттерін білім мен тәрбие атты алып кемеде жетелеп келеді.Тынымсыз жолда мерейлі шуағымен айрандай ұйыған ұстаздарға, ортасына сыйлы. Мектебіміздің директоры білім алаңымыздың бәйтерегі бола білді. Алия Сыздыққызы әуелі мектеп ұжымында жағымды ахуал қалыптастыру керек деп ойлайды. Әр ұстаздың оқушыға сапалы білім беруіне жағдай жасап отырған басшы. Сондықтан болар мектеп ұстаздарына барынша психологиялық көмек көрсетіп, адами құндылықтардың сақталуына баса назар аударады. Басшының осындай көзқарасының арқасында Шығанақ орта мектебінің ұжымы өте тату, бір-біріне үнемі көмек беруге әзір тұрады. Алия Сыздыққызының бойында мені қатты таңғалдыратын тұсы бар. Ол – мұғалімдердің де, оқушылардың да өздеріне жарасымды киім киіп, аяқ киімінің таза жүруіне ерекше мән береді. Сырттай қарағанда «бұнда тұрған не бар» деп ойлауға болады. Ал бұл іс-әрекеттің мәніне үңілсең, қайран қаласың. Бойын таза ұстаған адам ғана, жан дүниесін таза ұстайды екен. Бұл біздің басшымыздың көрегендігін білдіреді. Мектепті,шын мәнінде, екінші үйімізге айналдырып, «Алтын ұяның» кілтін ұстаған басшыға ұжым атынан да, жеке өзімнің атымнан да алғыс айтқым келеді. Білім ордасындағы ұстаздық жолына, еңбегіне толайым табыс тілеуден еш жалықпаймыз.
«Мойынқұм ауданы әкімдігінің білім бөлімінің Шығанақ орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің оқу ісі жөніндегі орынбасары
Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданы