» » ПЕДАГОГТЫҢ БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ КӘСІБИ ДАМУЫ

ПЕДАГОГТЫҢ БІЛІМ БЕРУ МАЗМҰНЫН ЖАҢАРТУ ЖАҒДАЙЫНДАҒЫ КӘСІБИ ДАМУЫ

Әр қоғамның білім беру саласының алдына қояр мақсаттары мен одан туындайтын міндеттері ешқашан да бір - біріне ұқсаған емес. Ұстаздар қауымы алдына мемлекетіміз жай білім беру ғана емес, сонымен қатар өркениет көшінің сүбелі тұсынан орын алып, жол бастауға қабілетті, әрі ұлттық рухта сусындаған білімді, дарынды азаматтар тәрбиелеп шығару міндетін қойып отыр. Білім беру мазмұнының жаңару жағдайында мұғалімнің кәсіби шеберлігін дамыту, біліктілігін арттыру арқылы жоғарғы сапа мен бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізе отырып, кәсіби дамуын қамтамасыз ету мәселелері біліктілік арттыру саласындағы басым бағыт болып отыр.
Мұғалімнің кәсіби даму шеберлігі мұғалімнің алған дипломына сай тынбай еңбектенуі арқылы келетін жетістік. Бұл жетістік, В. И. Нефедованың[2] пікірінше, жас қызметкердің аяқтануы мен кәсіби дамуы маманның кәсіби және тұлға ретіндегі дамуы үрдісі нәтижесінде мүмкін болады. Т. Ю. Ломакина [4] дипломанан кейінгі білім алу үрдісін сипаттай келе, оның маманның көзқарасының нақтылана бастауы мен жан - жақты тұлғаның қалыптасуы ретіндегі үздіксіз білім алу үрдісі ретінде бөліп көрсетеді. Қазіргі кездегі зерттеу нәтижелерін пайдалана отырып, жас маманның кәсіби дамуы оның білім деңгейінің жоғарылауы, дайындықтың жетілуі, педагог санаты деңгейінің жоғарылауы тәрізді сапалы өзгерістермен дәйектеліп отыратындығын көреміз. Бұл бес жылда бір рет мұғалімнің міндетті өтуі тиісті білім жетілдіру курстары мен аттестация арқылы қарапайым жете қоятын меже емес. Аталған мәселелерден басқа, мұғалім үздіксіз білім алу нәтижесінде өз бетімен теориялық білімін жетілдіре отырып, әріптестерінің жұмыс нәтижесін мүмкіндігінше зерделей келе, өзінің күнделікті еңбек нәтижесін талдауға үйренсе, сол нәтижелер негізінде жасалған арнайы жоспар бойынша еңбектене бастаса, байқала бастайтын жеке жетістіктерін көре біліп, соған жету жолын сипаттауға тура келетін ұзақ мерізімді ауыр жұмыс. Бұл бағытта жүйелі өтетін ашық сабақтар, түрлі сайыстар, байқаулар, конкурстар, сыныптан тыс жұмыстар, пәндік олимпиада, ғылыми жоба, семинарлар және ғылыми - тәжірибелік конференцияға қатысу жұмыстары да кіреді.
Қазіргі жас мамандардың белгілі бөлігінің кәсіби қалыптасуына кедергі келтіріп отырған қиыншылықтардың туындау себептері неде? Көптеген мұғалімдермен әңгімелесу, жұмыс барысындағы жетістіктері мен қиыншылықтарын талдау барысындағы байқалатын басты кемшілік – мұғалімдердің жыл сайынғы заманауи өзгерістермен бірге түрленіп отырған оқушы психологиясындағы айырмашылықты көре білу мен соған қатысты қызмет саласындағы бетбұрыстарды уақытында енгізіп отырудан сәл кеш қалуы немесе осы басымдықтарға толық мән бермеуі тәрізді. Бұл жерде көптеген мұғалімдердің басты қателігі - тек қана өз пәніне оқушыларды қызықтыруды, жеке пәні бойынша әріптестері арасында жоғары көрсеткіштерге жетуді ғана ойлап, жоғарыда аталған педагогикалық - психологиялық ерекшеліктерге толық мән бермеу нәтижесі екендігін көрсету. Мектептегі білім сапасы мұғалімнің кәсібилігі мен мұғалімдер қызметінің сапасына тікелей байланысты. Мұғалім жайлы Ахмет Байтұрсынов былай деген: … « Мұғалім қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, ол мектептен балалар көбірек білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі білімді, педагогикадан, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім». Демек, мектептен балалардың көбірек білім алып шығуы, немесе білім сапасын көтеру арқылы нәтижелілікті арттырудың басты тетігі – кәсіби ұстаз, ұстаздың білім мазмұнының жаңаруы жағдайындағы педагогикалық, психологиялық, дидактикалық, әдістемелік жаңалықтарды өз тәжірибесіне ендіре отырып, кәсіби дамуын, оның теориялық білімі мен кәсіби шеберлігінің, педагогикалық – психологиялық дайындығы мен шығармашылық қызметке бейімділік деңгейінің заманауи талаптарға сай өзгеруіне, жетіліп отыруына біліктілік арттыру нәтижесінде қол жеткізу болып табылады.
Қазіргі мемлекетіміздің білім беру саласындағы алдына қойып отырған басты мақсаты – заман талабына сай кәсіби мұғалімді қалыптастыра отырып білім берудің ұлттық моделін қалыптастыру. Бұл бағытта қазіргі гиперактивті балалардың энергиясын керекті бағытқа икемдеу, сол энергияны тұрақты, берік білім негізін қалыптастыруға бейімдеу, білім алу барысында меңгерген теориялық материалды өмірдің өзгермелі ситуацияларына қолдануға дайын жас ұрпақты дайындау – білім саласының басты мақсаты.
Бүгінгі мұғалім кәсібилігінің қажеттігінің негізгі мақсаты мектеп оқушыларының білімді тек қана қабылдап, сол білімін теориялық көрсете білуден оны практикада пайдалану дағдысына көшіру. Бұл жерде мұғалімнен оқушының тек танымдық мүмкіндіктерін ғана емес, сонымен бірге эмоционалдық, психомоторлық қабілеттерінің де іске қосылып, оқушыдағы проблеманы шеше білу, ақпаратты талдай білу, коммуникативтік, әлеуметтік құзырлылық негізінің де пайда болып, тұрақты қажеттілікке айналуын қадағалау талап етіледі. Бұл оқушы тарапынан материалдың игерілу деңгейіне де, оны өз қажеттіліктеріне қатысты пайдаланылу деңгейінің де арта түсуіне әсер ететіндігі байқалды. Қазіргі кездегі «Өрлеу «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы мен оның филиалдары тарапынан тарапынан жүргізіліп отырған жұмыс толықтай осы міндеттерді шешуге бағытталған. Сондықтан «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі» - деп Ыбырай Алтынсарин айтқандай, қазіргі білім беру мазмұнының жаңару жағдайында мұғалімнің кәсіптік мәдениетін көтеру, кәсіби деңгейде жұмыс жасауға баулу білім беру ұйымдары мен біліктілік арттыру институттары алдындағы басты міндет болып табылады. Бұл өрлеулік тренерлердің күні кешегі пандемия жағдайындағы мұғалімдерге қашықтан оқыту бойынша жүргізіп отырған көмегінен де көрінеді.
Жас ұрпақты жан - жақты, терең білімді, интеллектуалдық деңгейі жоғары түрде қалыптастырудың бірден бір жолы – оқушыға білімді терең игертудің тиімді әдіс – тәсілдерін іздестіру, шығармашылыққа жетелей білу. Бұл жұмысты атқаруда мұғалімнің терең біліктілігі қажет. Біліктілік – бұл білімдегі, тәжірибедегі, берілген білімді меңгертудегі бейімділік, құндылықты бейнелейтін жалпы қабілеттілік. Бұған мұғалім бойындағы келесі қасиеттерді қосуға болады:
- білім беру үрдісіндегі жауапкершілікті сезіне білу;
- оқушы жұмысын проблеманы шеше білуге бейімдей білу қабілеті;
- білім беру технологияларын пайдаланудан бұрын толық түсіну, меңгеру, қолдануда жоғары шеберлік таныта алуы;
- өз жұмысының қоғамдық маңызын түсінуі;
- өз саласында үнемі ізденісте бола білуі.
Бұл қабілеттілікке жетудегі мұғалім үшін ең басты таптырмас жолдың бірі – өз сабақтарын өткен күні - ақ талдай отырып, сабақтағы сәтті шыққан кезеңдер мен нәтижелілігі төмен болған сабақ бөліктерінің себептерін табу қажеттігі. Адам санасындағы сабақ жүру барысы туралы ақпарат көмескіленбей тұрғандағы талдаудың басты ерекшелігі, оң, теріс нәтиженің барлығының санадан өтіп, мынау жаман, мынау жаксы деген толық бағаға ие болмай тұрғандағы алғашқы нәтижені жазып үлгеру мүмкіндігінің болуында.
Кәсібилікке жетудегі мұғалім бойынан табылуға тиісті келесі қабілеттің бірі - оқып үйрену қасиеті. Бұл қабілеттің басты қажеттілігі кез - келген материалды оқи отырып, мұғалімнің талдау нәтижесінде өз теориялық багажын толықтыра білу немесе оны өзгерте алу мүмкіндігіне жете білуі. Тек осындай жағдайда ғана мұғалім оқушы алдында берілген, дайын ақпаратты, материалды ұсынушы емес, керісінше оқушыға ой салушы, бағыт беруші роліне ене алады. Оқып үйренудің негізгі қағидаларын төмендегі түрде құрастыруға болатын тәрізді:
- мұғалімнің өзін – өзі дамыту, өзіндік үздіксіз білім алу және оны жаңартып отыру қабілеті;
- барлық жинақталған ақпаратты жүйелеу, материалдар арасындағы сабақтастықты таба білу қабілеті;
- дүние жүзілік білім беру тәжірибесіндегі кең тараған педагогикалық тәжірибелердің өз тәжірибесіне қажетті тұстарын таңдай білуі мен сол элементтерді өз тәжірибесіне енгізе білу қабілеті;
- үздіксіз білім алу нәтижесіндегі алынған ақпаратты талдап, жүйелеп, пайдалану мүмкіндіктерінің ең тиімді тұстарын таба білуі қабілеттері түрінде алуға болады.
Кәсібилікке, табыстылық пен нәтижелілікке ұмтылған пән мұғалімдері үшін кез - келген акпаратты немесе материалды іздестіру және өз қажетіне сай бейімдей білу қабілеттері де басты роль атқарады. Барлық бұқаралық ақпарат құралдары ең жаңа ақпаратты басылымға дайындау барысында материалдың жинақылығы мен ұшқырлығын арттыру үшін кестелерді, графиктер мен диаграммаларды жиі қолданады. Ол ақпарат мемлекеттік ұйымдар тарапынан кітап, электрондық оқулық т. б. түрде дайындалып шығуы үшін ұзақ уақыт кетеді. Осы жағдайда мұғалімнің керекті ақпаратты аталған ақпарат көздерінен ала білу мүмкіндігі, сол материалды бүгінгі ақпараттар ағынында көре білу қасиеті, кездескен толық емес материал көздерін тиянақты жүйелеу қабілеті, бірнеше көзден алынған деректерді бір - біріне икемдей алу шапшаңдығы, кез - келген кездескен қиыншылықтардан шыға білуі мен оларды жеңе білу, соңғы шешім қабылдай алу қабілеттері жатады.
Қазіргі заман мектебіндегі мұғалімнен талап етілетін кәсібилікке бастар қабілеттің бірі – кез - келген ортада тіл табыса білу мен ынтымақтастық жағдайда жұмыс жасай білу. Бұл бағытта мұғалім бойынан табылуға тиіс ерекшелік – оқушы психологиясындағы заманауи өзгерістерді меңгеру деңгейі және сол психологиялық білімді практикада тиімді қолдана білу қабілеті. Мұғалім тәжірибесіндегі барлық жетістіктер де, барлық кемшіліктер де осы психологиялық – педагогикалық ынтымақтастықта жұмыс жасауға үйрену, әр оқушының және әріптестерінің пікірлеріне сыйластықпен қарау, әр түрлі (тіпті қарама – қарсы) пікір айтылған кездегі шыдамдылық пен көрегенділік, пікірлесушіге деген тілектестік, ең бастысы шешім қабылдау мен айтылған мәселені орындаудағы дәлділікке байланысты болатындығы қазір психологтар да, педагогтар да тараптарынан дәлелденіп отыр.
Жаңа заманның кәсіби мұғалімінің қалыптасуында қызметкердің өз міндеттері мен жауапкершілігін сезіне білу мүмкіндігінің де ролі зор. Мұғалімнің қоғам алдындағы, мемлекет алдындағы, ата - аналар мен қарапайым оқушы алдындағы өз міндетін біліп, сол міндетті мүлтіксіз орындауға деген, тек қана қоршаған орта алдындағы сыртқы бейнесімен ғана емес, пәк күйдегі ішкі сезімінің болуы арқылы – қазіргі замандағы қарапайым мұғалім мен «патриот», яғни шығармашыл, кәсіби мұғалім арасындағы басты айырмашылығын көреміз. Осының нәтижесі мұғалімнің өз жұмысын ұйымдастыра білу мүмкіндігі, өткен мен жаңаның байланысы арқылы тиімді тәсілдердің өміршеңдігін көрсете білуі, қоғам дамуына сын көзбен қарай отырып, оқушы бойындағы қиындықтарға және сенімсіздіктерге қарсы тұра білуі мен кез - келген құбылысқа (табиғи, әлеуметтік) жеке көзқарасын білдіру дайындығынан көрініп отырады, яғни мұғалімнің жұмысқа деген ниеттілігі деген тағы бір қабілеті байқалады.
Бұл қабілеттілік түрлерінің іргетасының мұғалім бойында қалана бастауы мұғалім бойындағы кәсіби құзіреттіліктің пайда бола бастағанының белгісі. Л. М. Митинаның пікірінше[3] «Кәсіби құзіреттілік - білім, біліктілік, дағды мен оның тұлға қызметіндегі, қарым - қатынасы мен дамуы (өзіндік дамуындағы) барысындағы аталған мүмкіндіктерді пайдаға асыру тәсілдері мен әдістерін тыңғылықты меңгеру» болып табылады. Немесе басқаша айтатын болсақ, «Кәсіби құзіреттілік – бұл мұғалімнің қызметтік міндетерін атқару барысында коммуникативтік, проблеманы шеше білу, ақпараттық және технологиялық білімі мен біліктілігін оқушы бойында болжамды нәтижені қалыптастыру жолдарын таңдай білуде тиімді пайдалана білуі» болып табылады.
Аталған анықтамамызды пайдалана отырып, құзіретті мұғалім қалыптасуындағы келесі құрауыштарды бөліп көрсетуге болатын тәрізді. Бұл:
1. мұғалімнің өз еңбегінің мемлекеттік деңгейдегі білім беру жүйесінің құрамдас бөлігі ретіндегі қажеттілігін түсінуі;
2. кәсіби қажетті педагогикалық және психологиялық білімі;
3. кәсіби қажетті педагогикалық біліктілігі;
4. кәсіби мамандығына қажетті мұғалімнің негізгі психологиялық ұстанымдары, мұғалімдік көзқарасы;
5. оқушы білімі нәтижесі мен оның мінез – құлық өзгерістерінің себеп - салдарлық себептерін анықтау мүмкіндігі;
6. кәсіби білім мен біліктіліктің қалыптасуын қамтамасыз етуші мұғалімнің жеке тұлғалық ерекшеліктері;
7. өз мерзімінде педагогикалық, психологиялық және әдістемелік басым бағыттарды меңгертуге арналған біліктілік арттыру курстарынан өтуі.
Осы құрастырушыларының мұғалім бойындағы қалыптасуы мұғалімнің шығармашылдыққа бет бұрғандығының көрсеткіші бола алады. Алғашында оқушы алдындағы сенімге ие болу мен танылу, жаңашылдық пен шығармашылыққа ұмтылу, өзіндік жетілу мен өзіндік даму, баламен жұмыс жасау барысындағы қиыншылықтарды оңтайлы шешу, балада білімге деген талпынысты қалыптастыру, өзін өз ісінің шебері ретінде таныту мен адал қызмет жасау түрінде байқала бастаған қызмет түрткілері құзырлылықтың, кәсібиліктің негізіне айналады. Кәсіби құзырлылық деңгейіне жеткен маман шығармашылық жұмыс нәтижесінде өзіндік тәжірибесінің ерекшеліктерін көруге, өз тәжірибесінің мақсатқа жетудегі артықшылықтарын, оған жетудің тиімді жолдарын және болжамды нәтижені сипаттап, ұзақ уақыт тиімді де, жоғары нәтижені ұстап тұру мүмкіндігіне ие болады.
Әдебиеттер:
1. «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ».
2. Захарова Е. А. Требования к профессиональному развитию педагогов в условиях последипломного образования // Молодой ученый. – 2011.- №3
3. Митина Л. М. Психология труда и профессионального развития учителя. М., Академия, 2004
4. Егоров С. Ф. К. Д. Ушинский. М., Просвещение, 1977

Автор: 
Тулегалиев А. С.,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ - ы филиалы Маңғыстау облысы ПҚ БАИ, 
курстан кейінгі қолдау және инновацияларды енгізу зертханасы жетекшісі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы.
09 қыркүйек 2020 г. 22 511 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 15 037 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 813 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930