» » Мен мамандығымды сүйемін

Мен мамандығымды сүйемін

  Мен мамандықты  таңдағанда  Жүсіпбек атамыздың «Мамандықтың жаманы жоқ, бірақ мұның кез-келгеніне икемділік қажет, бұл-жай күнелту, тамақ асыраудың ғана жолы емес, үлкен өнерді, зор шеберлікті қажет ететін нәрсе» деген сөзіне өзіме бағыт сілтеп темір қазық етіп алдым десем болады.

Мен өз мамандығымды сүйемін, сол себепті жұмысымның сапалы болуына назар аударамын. Білмеген сауалдарыма жауап іздеп, білгенімді басқаларға үйретуге талпынамын.

      Әр күні олардың сүйкімді жүзін көргенде еріксіз күлімсіреймін. Өйткені олар мені қуана қарсы алады. Қуанышын жасыра алмай еркелей алдыма келеді. Бір үйдің үміті, шырағы, аяулысы, ардағы, еркесі, бұзығы, қызығы. Мен олармен бірге жүрсем, балаша қуанып, мына өмірге  балаша қарағым келеді. Осынау мамандықтың қызығы мен қиындығын өзі бала ортасында жүрген жан ғана түсіне алады. Жер бетінде педагог  алдын  көрмеген адам кем де кем, мүмкін бұл мамандық содан киелі шығар...
     Дән егіп өсіруден, балапан салып ұшырудан бала тәрбиелеп,  бүлдіршіндерге өмірде не дұрыс, не бұрыстығын түсіндіріп өсіру ең қиын іс дер едім. Өйткені егінші көктемде алдағы жайма шуақ жазға арқа сүйеп егін егеді. Ал құс көктемде ұя салып, күздің суығында балапанын қатайтып ұшырады да нәтижесі бірден көзге көрінеді. Ал тәрбиеші ше? Күздің қоңыраулатқан күніне де, қыстың қаһарына да, көктемнің лайсаңына қарамай табиғат ананың жаңаруымен бірге құстарын баптайды. Бір қарағанда, тәрбиеші тірлігі диқан мен құс сияқты болғанымен, табиғат кезеңіне қарсы жүзіп өз дәнін шашатын диқан, балапанын баптаған құс сияқты. Бірақ нәтижесі бірден көзге көріне қоймайды. Көп жылдар өте, кезінде алдында бүлдіршін болған азамат асқар таудай өсіп, еліміздің мақтанышына айналса - міне, нәтиже.
       Адам баласы балалық шақта қандай сұлу, қандай нәзік, қандай аңғал, қандай таза еді. Әр бала өзінше бір әлем. Жаны жақсылыққа құмар, арманшы Тәрбиеші мамандығының киесі де, қиындығы да осы періштелерді үлкен өмірге, қалтарыс - бұлтарысы көп өмірге даярлап, қанаты қайырылмайтындай етіп тәрбиелеуде емес пе?!
        Жасыратыны жоқ, осы мамандықты таңдаған жандардың кәсібіне көңілі толмай қиындығын айтатындары көп, ал мамандығын өзгертетіндер сирек... Оның себебі, сүйкімді балалардың киелі ортасы тәрбиешіні нәзік жіппен өзіне байланыстырып қоятындай.
Мен осы салада 10 жыл еңбек етудемін, бұл еңбектен ешбір жалыққан емеспін. Өйткені менің жас бүлдіршіндерге арнаған осы уақытымды өмірімдегі ең бір бағалы уақытым, бақытты кездерім деп айта аламын.
       Күнде ертеңгісін жас бүлдіршіндерді қарсы алып, олардың жағымды үндерін, сыңғырлаған тәтті күлкілерін, «Сәлеметсіз бе?», «Қайырлы таң!» деген сөздерін естігенде, бойым бір серпіліп қалғандай болады. Балалармен болған әрбір уақытым мені жаңа бір әлемге жетелегендей. Әрдайым балалардың маған деген ықыласын, маған ұмтылған үмітке толы көздерін, не нәрсені білуге құштар шабытты, сұраулы жанарларын байқаймын. Олардың менен күтетіндері өте көп екенін сеземін... Балабақшаға бара жатқанда басыма сол күннің жұмысы туралы неше түрлі ойлар келеді. Ойларым сан түрлі болады: менің кішкентай достарым қандай көңіл күймен келер екен? Күніміз қызықты өту үшін оқу іс - әрекетін, ойын түрлерін қалай өткізсем екен?..

    Әрине әрбір оқу іс - әрекетіме жауапкершілікпен қарап, дайындалуды еш жадымнан шығарған емеспін.
        Әрбір оқу қызметім  жас бүлдіршіндер үшін өз құпиясын ашқан сыр сандықтай болса, өзім сол тылсымы мол жұмбақ әлемнің сиқыршысындай боламын. Әр күннің сәтті шығуы, әрине өзіме байланысты.
Жас өспірімдерді тәрбиелеуде ерекше қабілет пен асқан біліктілік, балаға деген сүйіспеншілік қажет. Өз педагогикалық тәжірибемде, қандай білім беру саласында болмасын әр жұмыстың тартымды, сәтті шығуы педагог бала назарын еріксіз оқу қызметінде  - әрекетіне аударту, баламен оқу қызметінің әрекеті үстіндегі әрбір қарым - қатынасты шебер ұйымдастыра білуіне байланысты екеніне көзім жетіп жүр. Көбінесе жұмысымның негізг  бөлімдеріне ғана назар аударылып, ұйымдастыру бөлімінде өткізілетін психологиялық тренингтер, сергіту сәттерінің алар орны ерекше. Педагогикалық шеберліктің мәні алдымен қызықтыру, сонан соң үйрету деген тұжырымдамасын негізге аламын. Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл - күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Өзімді жұмыс барысында балаларға бағыт беруші, жол сілтеуші сезінемін. Бұл балалардың өзіне деген сенімін арттырып, оқу іс - әрекеттеріне деген тұрақты зейінін қалыптастыруға, қызығушылығын оятуға жағдай туғызады.
        Педагог жұмысы – оңай жұмыс емес. Бірақ абыройлы, сыйлы. Жақсы педагогты балалар ешқашан ұмытпайды.  «Ел есіңде бір жыл қалғың келсе - ас бер, он жыл қалғың келсе - ағаш отырғыз, ал мәңгі қалғың келсе - бала тәрбиеле» дейді дана халқымыз. Баланың ой - өрісін дамытуға, олардың қиялына қанат бітіріп, тіл байлықтарының молаюына біздің тәрбиешілердің сіңірер еңбегі орасан. Сондықтан да Сөзіміз – түзу, Еңсеміз – биік, Рухымыз – мықты болсын десек бірегей тәрбиеші мамандығын ұлықтай білейік. Ұрпағымыздың тамырына нәр беретін мамандық екендігін естен шығармайық.
«Білерім - бір тоғыз, білмейтінім - тоқсан тоғыз» демекші, білген сайын білмейтінін көп екенін ұға түсесің. Сондықтан да шығар белестерім әлі алда. Білімімді кеңейтіп, тәжірибе жинау алдымда.    Білімді ешқашан өзін білгіш қып көрсетуге тырыспайды. Шын білімдінің зейін - зердесі кең, алыстан қарасаң - кербез, жақыннан қарасаң - кішіпейіл. Жүзіне үңілсең - мейірімді, жанына үңілсең - шуақты көрінбек.





 




  

Автор:

 Айгуль Джалбиева, 

«Қызыларық» бөбекжай - балабақшасы» МКҚК-нің

тәрбиеші, музыка жетекшісі

Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қызыларық ауылы


29 наурыз 2021 г. 2 485 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 14 860 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 748 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930