» » ҚазҰУ-да Махатма Ганди атындағы орталық ашылды

ҚазҰУ-да Махатма Ганди атындағы орталық ашылды

ҚазҰУ-да Үнді халқының дана тұлғасы, ұлы ойшыл Карамчанд Махатма Ганди атындағы орталық ашылды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі. 

Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының ұйымдастыруымен өткен шараға Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Прабхат Кумар, Үндістан Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Шри Мартин Сириас Слеменс, Қазақстандағы Үндістан Республикасының әскери атташесі полковник Милан Налаваде және ҚазҰУ оқытушылары мен студенттері қатысты.

Сөз алған ҚазҰУ ректоры «Бүгін тұсауы кесіліп отырған орталық үнді халқының дана тұлғасы Махатма Ганди есімімен тікелей байланысты. «Әлемнің өзгеруін қаласаң, сол өзгерудің алғашқысы өзің бол» – деген нақыл сөзді мұра етіп қалдырған Махатма Ганди Үндістанды Ұлыбританиядан азат ету үшін күрескен ғасыр адамы.

Үнді топырағының қойнауындағы сырға толы тарихты, оның мәдени бай мұрасын, үнді тілдері мен әдебиетін зерттейтін мамандарды дайындау мақсатымен 1992 жылы университетіміздің шығыстану факультетінде үндітану бөлімі ашылды. Жиырма алты жыл ішінде үндітану бөлімін хинди, урду тілдерін меңгерген екі жүзге жуық шәкірт бітіріп шықты. Олардың ішінде, бакалавр, магистр және PhD докторлар бар.

Үндітанушы мамандар ел аумағында ғана емес шет елдердегі белді ЖОО-да өз білімдерін шыңдап отырады. Шығыстану факультеті, соның ішінде үндітану бөлімі Халықаралық бағдарламалар мен жобалар шеңберінде Үндістанмен ICCR (мәдени байланыстар бойынша үнді кеңесі) бағдарламасы, ITEC (халықаралық техника-экономикалық ынтымақтастық) бағдарламасы аясында Үндістандағы Дели университеті, Дж. Неру университеті, Агра қаласындағы Хинди тілі орталықтары, Джамия Милия универсиеті сынды университеттермен халықаралық байланыс жасап, академиялық алмасуларды жүзеге асырып отырады. 2015 жылдан бері ұлттық университетімізде үндітану бөлімі жанынан Үндістан Республикасы қаржыландыратын «Шанти» йога орталығы жұмыс жасайды. 2015 жылдың наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің делегациясының ынтымақтастық орнату және тәжірибемен алмасу мақсатында Ұлыбритания, БАӘ, АҚШ, Сингапур және т.б. әлемнің көптеген мемлекеттерінде филиалдары бар Үндістанның ірі ЖОО-ның бірі «Амити» университетінде, сонымен қатар Дели университеті және Үндістан технологиялық институтына ресми іс сапармен баруы екі ел арасындағы халықаралық байланыстың символы болмақ», - деді Ғалым Мұтанов.

Кезекте сөз алған Үндістан Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Прабхат Кумар: «Махатма Ганди күресті қару күшімен емес, бейбіт жолмен жүргізе отырып, ұлы мақсат жолында қандай да бір күш қолдануға жан-тәнімен қарсы болды. Шын мәніндегі ұлт көсемі дәрежесіне көтерілген ол ұлы мұрат жолында қайтпас жігер танытқан тұлға. Гандидің ұлтының болашағы жолында еткен еңбегін бүгінгі үнді халқы мәңгі есте тұтып, жыл сайын көсемнің туған күніне орай еске алу шарасы өтеді. Бүгінде Махатма Ганди орталығының ҚазҰУ-да ашылуы Үндістан мен Қазақстанның мызғымас достығының дәлелі», -деді елші.

Шара барысында басқа да қатысушылар қазақстандықтар мен Үндістан халқын бүгінгі мерекемен құттықтай отырып, үндітану бөлімі жанынан ашылған Махатма Ганди орталығында атқарылатын іс шаралар жемісті болып, екі ел арасындағы білім, ғылым, мәдениет саласындағы байланыс достық көпірі жалғасын таба береді деген үміттерін жеткізді. Сонымен қатар шара соңында қазақ, орыс, ағылшын және хинди тілдеріндегі отандық және шетелдік үндітанушы-ғалымдардың материалдары ұсынылған кітап көрмесі ұйымдастырылып, «Хинди-қазақ, қазақ-хинди сөздігі» кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

12 ақпан 2018 г. 38 650 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 17 227 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 21 613 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоксан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031