Павлодарда екі оқушы қыз трамвайдың астында қалып, біреуі қаза болды
Павлодар қаласында таңғы 08.00 шамасында жол оқиға болды. Екі мектеп оқушысы трамвайдың астына түсті. Бірі ауыр жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды.Бұл туралы 24.kz ке сілтеме жасай отырып,Алаш айнасы хабарлайды.
Оқыс жағдай облыс орталығының Катаев-Ломов көшелерінің қиылысында болған.
Павлодар трамвай басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, №1 маршрутты трамвай алюминий зауытына жол тартқан. Қоғамдық көлікті 1987-жылы туған жүргізуші тізгіндепті. Азаматшаның жүргізушілік тәжірибесі – 5 жыл.
Жағдайға қатысты облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары мәлімет берді.
«Таңертеңгі уақытта 2007 және 2010 жылдары туған екі қыз трамвай астында қалды. Өкінішке қарай, олардың бірі оқиға орнында көз жұмды. Екінші зардап шеккен оқушы қазіргі уақытта облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы аса ауыр. Дәрігерлер оған полижарақаттар мен бас миының жарақаты деген диагноз қойды. Қыз бала хирург, травматолог, реанимотолог және нейрохирургтің тексеруінен өтті», – деп хабарлады өңірдегі денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Оразалин.