Ақмола облысында туберкулездің жұқпалы түріне шалдыққан тәрбиеші жұмыс істеп келген
Ақмола облысында балабақшадан шу шықты. Шортанды ауылындағы балабақша тәрбиешісінің туберкулезбен ауыратыны анықталды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Тәрбиеші қазір ауруханада жатыр. Наразы топ тәрбиешінің бір апта балабақшада жұмыс істегенін айтады. Ал, жауаптылардың мұны жасырып келгеніне наразы.
“Бізге әлі де ешкім ресми түрде ештеңе айтпады. Бүгін ата-аналардың рұқсатынсыз балаларға екпе салған. Келісіміміз керек емес екен. Бәрі жақсы болады дейді. Мен оған сенбеймін”, – дейді Шортанды ауылының тұрғыны Наталья Николаева.
23 жастағы тәрбиеші 1 жыл балабақшада жұмыс істеп келді. Жақында медициналық тексеруден өткенде өкпесінің таза екенін айтқан. Ауру аяқ астынан дендегенге ұқсайды.
“Балабақша қызметкері денсаулығы сыр беріп тұрғанын айтып медбикеге келген. Даусы жоғалып, өкпесі ауырған. Тексергенде туберкулез екені белгілі болды. Оның үстіне үзіліссіз екі баланы қатар тапқан. Ағзасы әлсіреуі де мүмкін”, – деді Шортанды аудандық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Сәуле Сәдуақасова.
Ата-аналар енді балаларына жұқпалы ауру жұғып кетпеді ме деп қауіптенеді.
“Егер балама ауру жұққаны анықталса, мен жай қалдырмаймын. Ешкімді аямаймын. Жауаптыларды сотқа беремін. Толық емдеп берулерін талап етемін. Өйткені, балам науқас тәрбиешімен ашық қарым-қатынаста болды”, – дейді Шортанды ауылының тұрғыны Нина Бунькова.
Қазір балабақшада карантин жарияланбай, қалыпты жұмыс істеуде. Ғимаратты дезинфекзиялаған. Ал, трбиешіден балаларға ауру жұққан-жұқпағанын үш күннен соң анықтайды.
Тәрбиешінің емделіп шыққан соң жұмысқа қайта қабылдануын не шығарылуын комиссия шешеді.