» » Электронды оқулықтың тиімділігі неде?

Электронды оқулықтың тиімділігі неде?

Жаңартылған білім беру мазмұнының енгізілуімен қатар, ұлттық білім беру жүйесінде дәстүрлі оқулықтардың орнын электронды ресурстармен қамтамасыз етуге басымдық жасалуда, – деп хабарлайды "edunews.kz" Ақпарат Агенттігі bilimdinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жалпы білім беретін мектептерде оқулықтардың электронды нұсқасын қолданысқа енгізу, оқушылардың пән сабақтарын планшет арқылы оқыту,  қыркүйектің бірінен бастап EPUB форматындағы 1-10 сыныптарға арналған оқулықтардың электронды нұсқалары министрліктің сайтында орналастырылатыны туралы айтылған еді. Бұл ретте электронды оқулықтардың тиімділігі неде? Кітапқа емес, планшет, компьютер секілді гаджеттерге үңілудің бала денсаулығына қандай әсері бар? Кітапты алмастыра алмайды? Журналистік зерделеуге арқау болған осы және өзге де сауалдар аясында бірқатар сала мамандарымен тілдестік. Педагогтардың айтуынша, электронды оқулықтарға қарағанда, әрине кітап әлдеқайда тиімді. «Себебі, сыныптар компьютермен толық жабдықталмаған. Б ілім ордаларының бірқатарында интерактивті тақта жоқ. Ауыл-аймақтағы мектептердің жайын айтсақ, тіпті интернет желілері тартылмаған, тартылса да байланыстың нашар екенін ескермеуге болмайды. Электронды оқулықты енгізуге барлық жағдай жасалды дегеннің өзінде де  бұл оқытудың әдісі кітаптың орнын баса алмайды. Өйткені, кітаптан қайталап оқуға мүмкіндік мол. Қағазға басылған  дүниенің орны қашан да оқуға ыңғайлы, кітаптан оқығанның есте сақтауда да маңызы зор. Сондай-ақ, оқушының электронды түрде сабаққа дайындалуына әрбір үйде жағдай жасалуы қажет. Цифрландыру заманы десек те, бұл әдіс әрбір ата-анаға да, мұғалімге де, оқушыға да өте ыңғайлы, тиімді болады дей алмаймын» дейді Атырау қаласындағы  Ә.Молдағұлова атындағы №22 орта мектептің  география пәнінің мұғалімі Маргарита Закарьяева. Электронды оқулықтар мемлекеттің бюджеті үшін тиімді, әрі қолжетімді болуы мүмкін. Алайда, қаржыны үнемдеймін деп оқушыны планшеттер мен компьютерге  телміртіп қоюда бүгінгі жас ұрпақтың саулығын да ескеру қажет. Бұл пікірді дәрігерлер де қолдайды. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Амантай Жұмағалиевтің айтуынша, аймақта балалар арасындағы миопия, яғни, көру қабілетінің төмендеуінің мың оқушыға шаққандағы бүгінгі көрсеткіші – 65,8 пайыз. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың осы кезеңінде 51,7 пайыз еді.  – Балалар арасында мұндай дерттің көбеюінің бірнеше себебі бар. Соның ішінде компьютерлік ойындар, теледидарға ұзақ қарау, телефонға үңілу баланың көзіне аса зиян. Сыртқы ортаның қолайсыздығынан жақын жерден баланың көзіне үнемі күш түсуі, яғни, жарық қуаты жеткіліксіз күңгірт, алакөлеңке  жерде жазу, сурет салу, оқу, отыратын үстелдің, партаның және орындықтың баланың бойына сәйкес болмауы миопияны туғызады. Сондықтан, мектептерде бала денсаулығын нығайтуға бағытталған шараларда мұндайға жол бермеу маңызды. Электронды оқулықтар енгізілген жағдайда көру қабілеті төмендеуінің алдын алу шарасын міндетті түрде қолдану қажет. Бұл ретте көз гимнастикасын жасауды дағдыға айналдыруды да мектеп бағдарламасына енгізу керек, – дейді Амантай Төлегенұлы.

Дереккөз: bilimdinews.kz
05 қыркүйек 2019 г. 63 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2019    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30