Қашықтықтан оқыту – бүгінгі күннің талабы
Соңғы дерек бойынша әлемнің 167 мемлекеті қашықтықтан оқытуға көшкен. Әлемді әбігерге түсірген COVID-19 вирусы ұстаздар қауымын жаңа форматта жұмыс істеуге мәжбүр етті. Бірақ оған мойыған олар жоқ. Қай кездегідей жол таба білетін күшке ие мамандық иелері 6 сәуірден бастап, өз шәкірттерімен онлайн арқылы жүздесуде. Шәкірттерін сағынған оқытушының бірі – Ұлпан Камбелова. Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ беретін жас ұстаз өз әріптестерінің кез-келген қиындықты еңсеріп кететіндігін айта келіп, онлайн оқыту жайлы өз ойын ортаға салды.
- Қашықтықтан оқыту алғашында қиындығы мол асу сияқты еді. Іске кірісе келе, жағымды жақтары да көп екеніне көз жеткіздім. Сабаққа қажетті материалдарды сұрыптау, дайындау, әріптестеріммен бірге талқылау әдеттегідей жүргізілді. Бұрынғы жоспарлауларымыздан онлайн түрде қарым-қатынас жасағанымыз болмаса, аса өзгешелене қойған жоқ. Сабақты онлайн жүргізуде оқушылар да белсенді атсалысады. Қажетті кезде пікір алмасып, тапсырманы өз уақытында орындап та үлгереді. Менің ойымша, онлайн сабақ өткізу - білім беру үдерісін жетілдіруде жасалған сәтті қадам, - дейді Ұлпан Уатжанқызы.
Өзін мұғалімдіктен өзге мамандықта елестете алмайтын әріптесіміз білім саласындағы жаңашылдықты жылдам меңгеріп, сапалы біліммен саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында еңбек ете бермек. «Ал қазіргі қиындықтың бәрі уақытша»,- дейді ол.
Дереккөз: Семей қаласындағы физика-математика бағытындағыНазарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі,
"EDUNEWS.KZ" ақпараттық агенттігі