«Дәрігерлер өмір бойы оқиды» деген бар ғой – эпидемиолог Гүлжан Иманбекова үздіксіз білім туралы
Гүлжан Иманбекова Теміртау қаласында туып-өскен. Ата-анасы оның медицина саласында еңбек етемін деген мақсатын қолдаған және бүгінде ол өз ісін жақсы көреді және бұдан да жақсы маман болу үшін үздіксіз білім алуды тоқтатпаймын деп отыр.
Мен қай елде не қалада болсам да, өзімді жайлы сезінемін және жаңа сын мен эксперименттерге әрдайым дайынмын. Адамның жауапкершілігі болса, онда кез келген салада жақсы жұмыс атқара алады, – деп бастады әңгімесін теміртаулық ару.
Бүгінгі кейіпкеріміз отбасында жалғыз бала болып есейген. Анасы қазақ әдебиетінің жыр-өлеңіне ұйытса, әкесі еңбекті сүюге баулыған.
Қарапайым отбасыда өстім. Анам 30 жылдан астам тәжірибесі бар мұғалім. Қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ береді. Әкемнің де жұмыс өтіліне 30 жылдан асты және дәнекерлеуші болып жұмыс істейді. Ата-анам – мен үшін еңбекті сүю, қызметке деген адалдық, махаббат пен сыйластықтың үлгісі. Бала күнімнен еркін өстім және өзіме қатысты шешімдерді өзім қабылдайтынмын. Олар менің кез келген бастамамды қолдайтын. 18 жастан бастап бөлек тұрамын және әрдайым олардың қолдауын сеземін. Себебі мен шешім қабылдайтын кезде ойланып, жеті рет өлшеп барып кесемін. Сондықтан олар маған сенеді. Менің қалауымды қолдап, әрдайым жанымнан табылғандарына алғысым шексіз, – деді Гүлжан.
Ол жасөспірім шағынан медицина саласындағы басқару, қоғамдық денсаулық сақтауды жақсартуды ойлаған. Сол бағытты таңдаған мамандығына университетке түскен.
Жасөспірім кезімнен медицина саласында жұмыс істеуді армандадым. Оның ішінде емдеу-клиникалық медицинадан гөрі медицинадағы басқару, менеджмент қызықтыратын. Бұл – жалпы медицинадан құрылымы мүлдем бөлек бағыт. 2014 жылы Қарағанды мемлекеттік медицина университетіне «Қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығына түстім. Шынымды айтсам, оқу оңай болған жоқ. 18 жастағы бала үшін қиын болды. Себебі бірінші курстағы 10 пәннің бесеуі медицинаға қатысты болды. Оның бәрін бірден игеру қиынға соқты. Материалдың көлемі жоғары болды. Үнемі ұйқы қанбайтын. Бірінен кейін бірі аралық бақылаулар тапсыратын едік. Стресс, шаршау – бәрін бастан өткіздік. Оның үстіне басқа қала, отбасыңнан жырақ жерге алғаш келіп, сағынып жүргенде оқудың қиындығы қосылды. Дегенмен барлық ауыртпашылыққа қарамастан, мақсатым айқын болған соң соңына дейін тырыстым, – деді жас маман.
Қайсар мінезді кейіпкеріміз базалық білімді сол университетте жақсы бекітіп, өз саласына қатысты кез келген жерде жұмыс істеуге дайын маман болып шығады.
Сөйтіп төрт жылдан кейін бакалаврды тәмамдадым. Сол жылы өзімнің туған қалама оралып, Қоғамдық денсаулықты қорғау басқармасында жетекші маман болып еңбек жолымды бастадым. Жұмысымда бизнес және сауда-қоғамдық нысандардағы санитарлық-эпидемиологиялық ахуалды қадағаладым. Біз бақылау, тіркеу, анализ жасадық. Жұмыс ауқымы үлкен болды және мен жұмысымның заң нормасына сәйкестігін, заңнамалық бағытты меңгердім, – деп қосты кейіпкеріміз.
Дегенмен жас маман кәсіби шыңдалуға басымдық беріп, үлкен қалаларда тәжірибе игеруді көздейді. Сөйтіп арман қуып Алматыдан бір-ақ шығады.
Кейін жыл өткен соң үлкен қалаларға барып тәжірибе жинауды жөн көрдім. Алматыдағы мемлекеттік емханалардың біріне эпидемиолог болып орналастым. Бұл жақта өзім ойлағандай жаңа бағыт болды. Инфекциялық аурулармен күрестен бастап, белгілі бір аймақтағы немесе ауру ошағындағы инфекциялық ауруларға анализ жасап, мониторинг жүргіздім.
Сол емханада еңбегімді жалғастырып, жарты жылдан кейін сарапшы дәрігер болдым. Бұл – енді мүлдем басқа бағыт. Медициналық персоналдың жұмысына анализ және бақылау жүргіздім. Олардың қателігі, жұмыс жүйесін реттеп, емханадағы персоналдың жұмысын қадағаладым, – деп бөлісті Гүлжан.
Айтуынша, кейін ол Профилактика және әлеуметтік-педагогикалық көмек бөлімінің меңгерушісі болып, қызмет сатысын жоғарылатады.
Бұл менің жұмысымдағы жауапкершілігімді арттырды. Бөлімімде 45 адамға жуық еңбек етті. Бұл орында коммуникация, көшбасшылық қабілеттерімді шыңдадым. Себебі жас маман үшін бұлардың бәрі оңайлықпен келген жоқ. Өз салама қатысты жұмысты барынша жақсы атқарып, халыққа қызмет ету міндетімді жалғастырып келемін. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы мамандардың жұмысы көрінбей жатады. Алайда, халықтың денсаулығына қатысты талай қызметті атқарып жатқан сол мамандар, – дейді Гүлжан Иманбекова.
Сонымен қатар, жас маман тауға шығу, табиғатта серуендеуді хобби етіп, салауатты өмір салтын ұстанады. Әр демалыс 20-30 щақырымға өрмелеп, Алматының тауларын бағындырып келеді.
Тауға шығу – адреналин, дофамин және жай ғана релакс. Тегін жаттығу. Таулардың өз сиқыры бар. Әр қадам сайын, әр шыңға жеткен сайын бір сырын ашады және қайта шақырады. Сондықтан мен үшін таудың орны бөлек. Тау менің сырласым, болмысымның бөлшегі. Ол қанша биік болса, мен де өмірде сонша биікке ұмтыламын. Таулармен таласып, армандарыма асығамын, – деп сырын ашты Гүлжан.
Осы орайда кейіпкеріміздің болашаққа қатысты жоспарын да сұрадық.
«Дәрігерлер өмір бойы оқиды» деген бар ғой. Мен де әлі алдағы уақытта қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы магистратураға тапсырғым келеді. Ғылым дамып жатыр, жаңа ем-әдіс, технологиялар шығып жатыр, солармен ілесіп жүруім керек. Сол себепті үздіксіз ілім алып, кәсіби білімімді жаңартып отыруым керек, – деп бөлісті Гүлжан Иманбекова.
Сұхбаттасқан Әлия Жақып




