ÚZDIK PEDAGOG – 2018
Мұғалімдер марапат алып жатқанда көңіліміздің көлдей толқитыны рас. Ең таңдаулы ұстаздар Астанада министр Ерлан Сағадиевтің қатысуымен өткен салтанатты жиынға шақырту алды. Мұғалімдер күні қарсаңында «Úzdik pedagog-2018» атты республикалық байқаудың жеңімпаздарын министр ЭКСПО кешеніндегі «Энергия холл» павильонында құттықтады, - деп хабарлайды "Edunews.kz" AA.
Мәртебелі қонақтар қатарында сенатор Дариға Назарбаева, Бірғаным Әйтімова, Бақытжан Жұмағұлов пен олимпиада чемпионы Серик Сәпиев болды. Құрметті педагогтарымызды кәсіби мерекесімен құттықтап жатқан барша қазақстандықтардың тілегіне қосылып, оларға ата-ана, шәкірттері мен әріптестерінің жүрекжарды тілектерін жеткізгіміз келеді! Отандық білім беру ісін дамыту жолындағы жанкешті еңбектеріңіздің алдында бас иеміз, қадірлі ұстаздар қауымы!
Мұғалімдер күнінде алғашқы ұстазын, сүйікті мұғалімдерін еске алмайтын адам кем де кем. Біз үшін педагог – ақылдың кені, білім айдынына қолымызға ескек ұстап жіберген алғашқы қамқоршымыз. Тіпті жоғары технологиялар мен цифрлы дәуірге қадам басқан қазіргі жаһандану заманында да алғашқы мұғалімнің аялы алақаны мен мейірбан жүрегі, қамқор пейілін ештеңе де алмастыра алмайтынын түсінеміз. Көзін тырнап ашқаннан техникамен ойнап, кезінде біздің бойымызда болмаған бұйығылық дарымай өскен қазіргі еркін ұрпақтың өзі ең алдымен технология, ақылды роботтар емес, жылы сөзімен жанын елжіретіп жетелейтін ақылды да мейірбан мұғалімге мұқтаж.
Мұғалім оқушыға бойындағы бар қуатын жұмсайтыны даусыз. Салтанатты жиын өтетін «Энергия холл» да оқушыға бар білімін сарқып беретін тұлғаның таудай еңбегіне айтылатын алғыс символындай болды.
Енді жиынға қарай ойыссақ. «Үздік педагог» байқауы 2012 жылдан бері өтіп келеді. Биыл «Usdik pedagog – 2018» атауына мектепке дейінгі және орта білім беретін мекемеден 48, техникалық және кәсіби білім ошақтарынан 16 ұстаз лайық деп танылды. Оларды министр Ерлан Сағадиев, сенатор Дариға Назарбаева, сенатор Бірғаным Әйтімова марапаттады.
Дариға Нұрсұлтанқызы педагогтарды құттықтап, еңбектеріне жеміс тіледі. «Сіздер ұлы адамсыздар», - деді сенатор ұстаздарға. Депутат мұғалімдердің ерекше ролі жайында да тоқтала кетті: «Сіздердің қолдарыңызда бала тағдыры тұр, яғни бүкіл елдің таңдыры да сіздердің қолдарыңызда». Өз сөзінде Дариға Нұрсұлтанқызы қазақ, орыс, ағылшын тілін жетік білудің маңыздылығына да тоқталды. «Біз енді ағылшын тілінің алдында тайсақтамаймыз. Солай емес пе? Болашақ ағылшын тілінің қолында», - деді ол.
Ерлан Сағадиев те құттықтауында ұстаздарды «Білім беру ісінің жүрегі» деп атап өтті. Ол Бауыржан Момышұлының «Ұстаздық - ұлы құрмет» деген сөзін еске алып, қызығынан қиындығы көп бұл мамандық иелеріне құрметін білдірді. Білім беру жүйесін жаңарту ісінде орасан зор жұмыстар атқарылғанын ауызға алып, оның маңызын жұрттың барлығы түсініп отырғанын да айта кетті.
Сонымен қатар мұғалімдерді хореография және музыка мектептерінің талантты оқушылары құттықтап, кештің көгіне ән әуелетті.
Байқау өтіп келе жатқан 7 жыл ішінде 31 420 ұстаз «Үздік педагог» атанып, ақшалай сый алған. Биыл былтырға қарағанда қатысушылар саны екі есеге артыпты. Аудандық және қалалық байқауға 3 864 педагог қатысса, облыстық турға – 710 маман келген.
Дереккөз: Білім және ғылым министірлігінің баспасөз қызметі