» » «ШАҚАН ШЕРІ» РОМАНЫНДАҒЫ ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

«ШАҚАН ШЕРІ» РОМАНЫНДАҒЫ ЖАЛПЫАДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР

Еркіндік пен азаттық – әрбір халықтың басты мұраты, ұлт ретінде қанат жайып,өркендеуінің кепілі. Біздің әңгімемізге арқауы болғалы тұрған "Шақан Шері"романы дүние жаралғалы бері құндылығын жоймаған,тіршілік үшін күрескен кейіпкердің жанпидалық әрекеттерін баяндаумен ерекшеленеді.

Өмір – Жаратушының барлық тіршілік иелеріне бәріне тарту еткен сыйы. Бірақ адам баласы өктемдікпен  жарық дүниені өзі ғана билеп-төстегісі келеді.

«Шақан Шері» романы – еркіндік пен тәуелсіздікті Ту етіп көтерген ұлт тағдыры жайлы жазылған, идеясы мен мазмұны өзге шығармалардан дараланып тұратын туынды. Романды қазақ әдебиетіндегі жауһар туындылардың бірі десек артық айтқандық емес. Жазушының қай шығармасын алсаң, бәрі де терең ойға құрылған, астары терең дүниелер.Тіпті көп уақытқа дейін әсерден арала алмай жүресіз.

Романда негізгі үш кейіпкер бар. Олар – екіге жарылған Шақан және кәдімгі аң жолбарыс. Шақан кәдімгі аң жолбарысқа аңшы ретінде көрінгенімен, екіге жарылған қазақтың типтік бейнесі көрінеді. Автор сол кездегі саяси ахуалды, кеңес үкіметінің құйтырқы, жауыз саясатын, қазақтың қанын кенедей сорып жатқан өзіміздің қазақ және сол қазақты бейшара қалыпқа түсірген орыc үкіметінің озбыр саясаты әшкерелейді. Береке-бірлігінен айырылған елдің мүшкіл қалі суреттеледі. Сонымен қатар, туындыда қазақтың аңшылық өнері,  қазыналы қазақ даласының дарқандығы мен халқының жомарттығы, аңшылықпен азық тапқан тұрмыс-тіршілігі көрінеді.

Жазушы тарапынан адам мен аң арасындағы айырмашылық пен ұқсастық шебер жеткізілген. Біз келте ойлап жүргендей тәуелсіздік, азаттық тек адамзатқа ғана берілген құндылық емес, Жаратушы бұл баға жетпес тартуын тіршілік иелерінің бәріне тарту еткен. Күллі тіршілік, Жер мен Аспан тек Жаратушының құзырында деп алып, адамзат өктемдікпен жарық дүниені өзі билеп-төстегісі келеді. Адам баласы қызыққа тоймайды, романдағы кейіпкер Шақан сияқты елден безеді, сөйтіп жүріп мақлұқтарға жем болады, не сол мақлұқтарды жазықсыз жем қылады. Табиғат теп-теңдігін бұзады, мақлұқтардың тыныштығын бұзып, адамнан басқа тіршілік иелерін өзіне жау етіп алады.

Қаламгер осы тұста былай дейді: «Жан-жануар, құрт-құмырсқа, бақа-шаян – он сегіз мың  ғалам бір Тәңірге ғана тиесілі, бар тіршілік түбі сол жаратушыға қайта барады. Адам баласы осыны ұқпайды,  күнәкар іске барады, қырған сайын құнығады». Адам баласының жазықсыз аң атаулыны қыруының өзі үлкен күнә. Романда ол былай көрінеді «Тәңірі тағаланың құдіретті пәрменімен жаратылған он сегіз мың ғаламда басы артық бір нәрсе жоқ. Қара жерде қыбырлаған құмырсқадан көк аспанда шарықтаған қыранға дейін, су сүзген балықтан шөл кешкен құланға дейін қилы кейіпті, қаншама мақлұқ бар екен, соның бәрінің өз несібесі, өз орны болса керек. Бұлардың иесі, саналысы – адам. Бірақ жазушы шығарма оқиғалары арқылы оқырманға «Барлық тіршіліктің иесі, қожайыны менмін деп тірі жанға, аң-құс, қоршаған ортаға зиян келтірме, жазықсыз тіршілік иелерін зәбірлеме, қорлама, жойма»-деп ескертеді.

Жолбарыс – Іле аймағын бұрыннан мекендеген жыртқыш. Жолбарыс–Жер бетінде өсіп-өніп, ұрпақ жалғастырып, дала заңымен өмір сүруге қақысы бар жыртқыш жануар. Адамдар оларды аулап, мазасын алады, өздеріне дұшпан етеді.  Жолбарыс табиғатынан айлалы, ақылды боп келеді. Шақан мен жолбарыс бір-біріне  протатив болатындай бейнелер. Жолбарыс қашан да аң, қашан да жыртқыш. Бағзы бір кезде тәуіптер оның сүйегін ұнтақтап дәрі жасаған, етін қақтап, өтін кептіріп, майын шыжғырып, ұма безі мен қамшысына дейін кәдеге асырған. Бұл шеріде диюдің күші, жынның жылдамдығы бар деп есептеген.

 Шығармадағы басты кейіпкер Шақан – қазақтың ержүрек батыры. Ол да Жантай сияқты шибөрілердің кесірінен елден безіп, орыстың солоқай залым саясатынан әбден жапа шекті. Аяулы азамат халқының бейбіт, азат тіршілігін аңсады. Дегенмен, ол – екіжақты кейіпкер. Бір жағынан жолбарысша тағылық ғұмыр кешеді, екінші жағынан кейде қолында мықты билігі бар қожа болғысы келеді. Қанша жерден өзі өмір сүрген ортадан зәбір көріп кектенсе де, адамдардан жырақта өмір сүргісі келмейді. Міне, сол үшін де ол уақыт өте келе елге қайту керек деген ұйғарымға келді. Батыр азамат ел ішінде жүрсе ғана, ел мүддесін жауларынан қаймықпай қорғаса ғана, нағыз жаужүрек батыр болады деп есептейді.

Қазақ даласында бұрында жолбарыс та, аң патшасы арыстан да мол болған деседі. Жолбарыстар арыстанның айбатына қарамай, оларды жерімізден айдап тастаған. Жолбарыстың мысы өте күшті, ақырған даусын естігенде адамның төбеқұйқасы шымырлайды екен. Шығармада жолбарыс адам жейтін сойқан жыртқыш бпп көрінеді. Ал бұдан кейін оқиға тұла бойын кек пен ыза кернеген адам баласының жолбарыс тұқымын құрту мақсатын алға қоюымен өрби түседі. Шығармада қазақы аңшылық дәстүрдің сан қыры мен жолбарыстың да  тектілігі анық баяндалады. Адамға өздігінен тиіспейтін жыртқыштың неліктен кішкене бала мен жас әйелді жегеніне жауап іздегенде, алдымыздан  адамның қастығы шығады.

Жолбарыс тұқымын құртып, өзі де көптеген қиындықтарға тап болған Шақан табиғат пен адамның арасындағы тепе-теңдікті бұзып, табиғи заңдылыққа қарсы келгендігін түсінеді. Әуелгіде оны ел-жұртынан айырып, ен далаға қуған жолбарыс емес, адам екенін ұғып, бір кектің артында түз тағысының тағдыры жатқандығына көзі жетеді. Оны романдағы мына бір үзіндіден көруге болады.  «Кенет өзін осы жолға түсірген жалмауыз жолбарыс көз алдына келді. Балаға шапқан, әйелді шайнаған кезі емес. Өлім сәті. Өлгеннен соңғы бұтарлап шабылған сәті. Артқы аяққа шор болып байланған қорғасын оқ. «Жолбарыс өз бетімен кісіге тимейді». Құба-мерген айтқан. Қара-батыр айтқан. Атабек Ақсақал айтқан. Өзі де көрді. Сонда, жалмауыз кек қуғаны ма?! Бір кісіден көрген жапасын бір адамға артқан. Жүрген ізін қанды соқпаққа айналдырған. Бұл да қазаға ұшырады. Қорғасын оқ емес, тас қайғы–екі бірдей қаза жүрек басына түйітпектеліп жабысты. Бір жыртқыштың кінәсін тарғыл тонды барлық шеріге артыпты. Содан не тапты?

    М.Мағауиннің бұл туындысы ұлттық бояуға өте қанық. Романда Шақанның екі жұрты туралы айтылады. Олар – өз жұрты және нағашы жұрты. Шақан жолбарысты ағайындарымен аулағанда «Иә, Алаш! Иә, Қарасай бабам» десе, нағашылармен аңшылық құрғанда, нағашылары «Иә, Алаш! Иә, Бақтияр бабам!» деп алты Алаштыңұлы екенін дәлелдей атой салады. Өз атасының рухын шақырып, жауға атану қазақтың қанында бар.

Романда қазақтардың аң аулауда түрлі айла-тәсілді қолдана білгені ерекше айтылады. Ауға шыққанда киіз үй, күрке пішінінде керегелі тұзақ құрған немесе уланған жемтікті тастайтын болған, алайда жолбарыстың бір ерекшелігі – тек жолбарыс қапқан жемтік болмаса, өлекселерді жемейтіндігі. Жолбарыс аулауға шыққанда қаншыры мен арланын бірден ажыратып, жолбарыс дауысымен шақырып, алдап қолға түсірген. Басқа аңдар сияқты адам ізін басудан именуді білмейтін жолбарыс қана екендігін біздің қазақ ертеден-ақ білген.

Аңшы шаңырағында атқан қорғасын оқ жыртқыштың сол жақ көзіне тиіп, құлақ шекесін қақырата тесіп өтті.Содан соң ақ балтамен жуан мойнынан басын шауып түсірді. Сосын артқы аяғын шапқанда, балтасы бірдеңеге тиіп кеткендей болып еді, қараса кәдімгі мылтық оғы екен. Артқы аяғында екі аяқтылар салған таңба қанша уақыт бойы жүрген? Бұрын ұсақаңдарды аулап, азық қып жүрген Шақан әйелі мен  баласының кегін арқалап, жолбарыс тұқымын құртуға деген ниеті туындаған осы күннен бастап, қу, әккі аңшыға айналады. Бұдан кейін Шақанның өшпенділік кернеген жүрегі мұздай қатып, кішкене әлсіз шөнжіктерді де қырып салып жүрді.

Аңшы психологиясы орманда, түзде жүргенде жануарлар түйсігімен астасып, тығыз қарым-қатынас орнатты. Мысалы, әр жануардың дем алысынан, жүрісінен, ізінен қандай жағдайда болғанын, алда не болатынын болжап, біліп тұрады. Мысалы, қояндар әрлі-берлі қамсыз шапқылап жүрсе, жолбарыстың жақын маңда болмағаны, тарғыл шері жүрген жерге қасқырдың жақындамайтыны, қабандардың бейқам тірлігі жолбарыстың алыста екендігінен хабар беретіні, сауысқанның саңқылының қай жақтан шыққанына қарап, жыртқыштың қай тұста екенін білуге болатынын дәл бағамдай алатын, жолбарыстың от жағылған жерге келмейтінін де жақсы білген. Қақ алдынан төніп тұрған үлкен қатерден тайсалмай, жыртқыштың кеудесіне қанжар сұғуы Шақанның жолбарыс аулауда шыңдала түскендігін көрсетеді.

 Кейіпкердің аңшылыққа берілгені сонша, бірнеше жыл бойы адамдар көзінен тасаланып, көпшіліктен алшақ кетіп, жолбарысқа ұқсап кетуі – Шақанның әйелі мен баласының аруақтары алдында берген сертіне деген адалдығы. Кейінірек, басты кейіпкер аңшы Шақан кішкентай шөнжіктерді атпай, құйрығын шолақ етіп кесіп тастап кетіп жүрді. Алайда, олардың көбісі үлкен аңдарға жем болып немесе аштан қырылып қалды. Біркүні қыңсылап, жер бауырлап, аштықтан әлсіреген шөнжікті өзі аулаған құрмен әлдендіріп алды. Кейін мойнына қарғы салып, жанына ертіп жүрді.

Біршама уақыт асырағаннан кейін, түз тағысы, есейгенде азуы ақсиған жолбарыс болады деп, бір жағынан атуға қимай, үлкен қабанмен алдап, адастырып кетеді. Бірнеше жылдан соң, Шақанның алдынан кезіккенде оны танып, оған еш тиіспестен өз жөніне кетуі – жолбарыстың аса текті жыртқыш екенін көрсетеді. Енесін өлтіріп, құйрығының жартысын кесіп тастап кеткен адамның жамандығын емес, жасаған азғана жақсылығын ұмытпаған хайуанды текті деуіміздің де жөні бар.

Ұрғашысының жалғызсырап, ақырғанын естіп келген жас арланмен кәрі арлан арасындағы айқаста, жолбарыстың кері қайтпайтын ер мінезі, өліспей, беріспейтіндігі көрінеді. Қаншыр үшін айқаста, бірі өліп, бірі жеңіске жететінін біле тұра, қызыл алақанға бөккенше алысады. Ақыры, біреуі сұлқ түсіп, мерт болады. Осыны тамашалап тұрған аңшының өзі, табиғаттың заңына таңдай қағып, жолбарыстарды шағылысқан уақытында өлтіруді обал санап, кейін шегінеді.

Басты кейіпкер Шақанның жанайқайы – қазақтың жанайқайы. Жазушы оны дөп басып жеткізді. Шақаналғаш рет жолбарыстан соққы жеген кезде, мәңгүрттеніп, меңіреу кейіпке түсті. Бірақ бірте-бірте кек алуға көшті.Ақыр соңы жолбарыспен шайқаста жеңіс туын көтерді.Қаламгер қазаққа мәңгүрттенбей, елі мен жеріне ие болып, азулы жаулардан қорғануы үшін,  айналадағы алпауыт мемлекеттерге жұтылып кетпеу үшін, азулы жыртқыштардың жемтігіне айналып кетпеу үшін білім ал, мәдениет пен өнерге барынша көңіл бөл, біліммен өсудің қамын жаса, осындай игі мақсаттарға ұмытылу жолында бірлік-ынтымағыңды сақта»-деп мықты байлам жасаған. Жалпы, жазушы роман оқиғалары арқылы айтқалы отырған негізгі ойы осында жатыр деп білейік, «У» ішсең руыңмен», «Бөлінгенді бөрі жейді» демекші арман-мақсатқа бірге ұмтылыңдар»-деген тұщымды ойды білдіреді.. Қаламгер бұл даналық ойды бас қаһарманның «Мен елден жырақ кетсем де, Құдай бізді елден айырмасын» -деп күңірене айтқан сөзімен жеткізген. Шақан өзінің ескі қонысына, өз жұртына бет түзейді. Ал онда барғанда темір кісен күтіп тұрғаны айтылады да, шығарма аяқталады.

        Романда өлі мен тірі мәселесі, аруақ, жын-пері тәрізді діни нанымдар да кездеседі. Мен бұл жердегі халықтың діни танымының дұрыстығын жоққа шығарғым келмейді. Әруақ шақыру, медет сұрау - бойға сіңген қасиет. Әруаққа сиыну ішінара болсын әлі де ел ішінде болып жататын ұлттық танымға ие іс-әрекеттер. Шақан бейнесі бүгінгі өмірімізде де шығып жатқан образдар. Роман осындай мәселелерді қозғап, мынандай келелі ой тастайды, көңілге қонарлық өсиет айтады.

«Кие – көпке қонады.

Байлық – баста. Жарлылық – жалғыздықта .

Тек ... ердің еңсесі басылмасын, әйелдің  ажары сынбасын.

Елу жылда ел жаңа – жаңарып жатқан шағы болар.

Жүз жылда қазан – қара боран алда болар.

Біріншісі емес, соңғысы да емес.

Жаңаның бәрі жаман болса, елден не қалатын еді.

Қазанның бәрі қара болса, жерден не қалатын еді.

Елің қонысыңда, жерің орнында.

 Ендеше байбалам салма, байыз тап.

  Жолбарыстың жүрегі мен жүйкесі, ебі мен қайраты шешер ендігі істі».

           «Шақан шері» романының сюжеттік құрылысына талдау.

Оқиғаның басталуы: тұтқындағы  шері (эпилог)

 Оқиғаның дамуы:Шақанның бақытты отбасысы

Оқиғаның байланысуы: отбасынан айырылған Шақан

Оқиғаның шиеленісуі: кек қуған Шақан

Оқиғаның шарықтау шегі: Шөнжік пен Шақанның  кездесуі.

Оқиғаның шешімі: Шерінің қолға түсу.

          Шақанның жүріп өткен жолдарымен жүріп, түрлі мұрағаттарды ақтарып, көнекөздермен тілдескен  Мұхтар Мағауин романның эпилогында өмірде болған Шақан жайындағы нақты деректерді келтіреді. Олар мыналар:

1).   Шақан жайында алғаш рет Петербургте 1871 жылы шыққан «Военный сборник» журналында «Отважный туркестанский охотник Шахан» мақаласы жарияланған.

2).   Жетісу архивтерінде «басбұзар қырғыз Шақан-Тигрдің» іс-қағаздары кездеседі. Жақын туысы Малтай Жантаевтың куәлігі бойынша, өкіметке пиғылы теріс, қоғамға қатерлі адам деп танылған. Алайда, сот үкімі

3.Хикаяның үш түрлі шешімі шықты:

-Шақан аяқ, қолына бұғау салынып, Сібірге – Якут өлкесіне жер аударылған;

-екінші дерек бойынша, Шақан тергеу  аяқталар  қарсаңында түрмеден қашуға әрекет үстінде  оққа  ұшқан  десе,  үшінші нұсқасында  әлде түрмеде, не қашып аман құтылған деген болжам жасалады.

Шақан ғылым-білім үйренбеген, оқымаған.  Ел аузындағы аңыздарды жадында жақсы сақтаған. Шу, Іле бойын түгел кезіп шығып, Сырдарияның алқабындағы шөлмен жүріп өткен жолында солардың бәрін есіне түсіріп, бағытынан жаңылмады. Себебі, автор атап өтетіндей: «аңыздың айтқаны  – ақиқат, ғылымның айтқаны – шындық». Мұнда тарихи ақиқат, уақыт шындығы жатыр. Аңыздарда келтірілген жер-су атаулары, суреттелетін тау, өзен, қырат, шөлейт жердің барлығы да шын кезігеді. Романды оқып отырып, аңшылық өнер жайлы, бірнеше аймақтың табиғаты, сол жергілікті халықтың тұрмысы, дәл сол өңірде болған тарихи оқиғалар туралы ақпараттарға ие боламыз.

 Романды оқып шығып мынандай қорытынды ойға келесіз: табиғи заңдылықты бұзу, құныққан үстіне құныға түсудің кей аңдардың жойылуына, тұқымының құруына әкеліп соғады, біреуге көрсеткен зәбірің жауапсыз қалмайды. Міне, осыны есте сақта, табиғатта әрбір қыбырлаған тіршілік иесінің айрықша орны бар екендігін ұмытпа.

 «Шақан шері» романы өткенді қастерлеу, табиғатты сүю, жан-жануарларды қорғау, аңшыға тән ұлы қасиеттер мен жануарлар  арасындағы тепе-теңдіктің сақтау тәрізді құндылықтармен оқырманды сусындатып, өзімшілдікке жол бермеуге шақырады.

                                  ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР

1. Рашитова Дияна Елеуовна «Шақан шері» романындағы құндылықтар»

2. Бөрілі Байрақ «Жолбарыс аулау – аңшылық кәсіп»

3.«Шақан-Шері» романындағы қоғам болмысы»

4. М.Мағауин «Шақан шері» романы

5. 10-сыныптың әдебиет оқулығы.


Илиясова Жаннұр

10-сынып  білім алушысы

"А..С.Макаренко атындағы орта мектеп "КММ

Алматы облысы, Қарасай ауданы

26 қыркүйек 2024 г. 2 030 0

Жаңалық тізбесі

Нұрлы Отанымыз-тәуелсіз Қазақстан

15 желтоксан 2023 г. 14 820 0

Армысың, әз-Наурыз!

20 наурыз 2023 г. 20 733 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930