Қашықтықтан білім алудың оқушыға пайдасы аз емес
Қашықтықтан оқу жүйесіне көшкенімізге алаңдағандардың бірі – оқушылар. Әдетте жылы жүзді ұстазының дидарына үңіле қарап, оның айтқан әрбір сөзін санасына құйып алуды мақсат еткен мектеп партасындағы шәкірттің көкейінде: «Енді қалай болар екен?» – деген сауалдың көлденең тұрғаны сөзсіз. Көз қорқақ, қол батыр. Оқушыларымыздың дені алғашқы күні-ақ қашықтықтан білім алудың қиындығы жоқ екенін алға тартты.
Альсана Смаилова - Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сыныбында оқиды. Мектепішілік барлық шараларға белсенді атсалысатын шәкіртіміз көшбасшылар кеңесінің мүшесі. Сонымен бірге білім ошағымыздың Ақпарат министрі лауазымын лайықты атқарып жүр. Министр білім саласындағы соңғы жаңалық жайлы өз ойын ортаға салды.
- Қашықтықтан оқыту тәжірибесі – қазіргі жағдайға байланысты енгізіліп отырған тың әдіс. Елімізде ғана емес, әлемнің көптеген елдерінде осы бағыттағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оқу барысы мен үшін өте оңай әрі түсінікті болды. Нақтырақ айтсам, оқытушы мен білім алушының арасындағы коммуникацияның жақсы болуы, білім берудің дифференциалдылығы мен әр оқушыға тиісінше назар аудартылуы бұл оқу түрінің артықшылықтарының бірі дер едім. Ақпараттық технологияларды және компьютерлік желілерді пайдалану арқылы оқушылардың білім деңгейі артады деп сенемін. Ендеше, менің замандастарым енжарлыққа ерік бермей, берілген мүмкіндікті сәтті пайдаланғаны жөн, - дейді ол.
Дереккөз: Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы
Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі,
"EDUNEWS.KZ" ақпараттық агенттігі